Главная Новости Өрт сөндіру пойызының ұжымы әрдайым сапта
22 тамыз 2024, 15:00 427

Өрт сөндіру пойызының ұжымы әрдайым сапта

Өрт сөндіру пойызының ұжымы әрдайым сапта

Бүгінгі таңда Арыс өрт сөндіру пойызында 13 адам жұмыс істейді. Мекемеде 1 өрт сөндіру пойызы мен 50 тонналық 2 цистерна және 1 өрт сөндіру көлігі және жеке вагон-гаражы бар. Вагон-гараждың негізгі мақсаты – сыйымдылығы 2,5 тонналық өрт сөндіру көлігін қажетті құрал-жабдығымен қоса платформаға тиеп алады да, пойыз жете алмайтын бұлтарыс-қалтарысты аумақтағы жалынды сөндіруге осы көлікті жібереді. 

Сол сияқты темір жолы жоқ жерде өрт тұтанса, пойыз мейлінше жақын жерге тоқтап, әрі қарай жоғарыда арнайы техниканың көмегіне жүгінеді. Демек, өрт сөндіру пойызы шойын жол шаруашылығына қатысты мекемелерде ғана шыққан өртті сөндірумен ғана айналыспайды. Төтенше жағдай орын ала кез келген нүктеге жол тартуға дайын.

Өрт сөндіру пойызының бастығы Әлімжан Есқараұлы ұжым жыл он екі айда 24 сағат жауынгерлік сапта тұратынын айтты.  

– Бізде 50 тонналық екі цистернамызды бір сағатта сумен толтырып беретін әлеуетке ие қуатты насостарымыз бен дабыл қағылған сәтте шұғыл аттанып кетуге сақадай сай жауынгерлік құрамымыз бар. Олардың барлығы қажетті жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген, – дейді өрт сөндіру пойызының бастығы.

Айтуынша, тілсіз жауды тізгіндеудің өз талабы бар. Төтеннен кірісіп, қауіпсіздік және басқа талап-ережесіз қимылдауға болмайды. Өрт сөндіру пойызының құрамындағы тіркемелі вагонда арнайы насосты станция жұмыс істейді. Мұнда мотопомпа мен электр генераторы, су соруға арналған бірнеше насос пен қосымша құрал-саймандармен қамтылған. Ал пойыз құрамындағы моторлы цех бөлімі 5 тонна көбік пен 20/100 «Гейзер» және 27/100 «ММ» мотопомпасымен жарақтандырылған. Айрықша атап өту керек, осы бөлімде биіктігі 14 метрге дейін жететін үш жақты жарықшамды мұнара мен 96 лампаға дейін тоқ бере алатын дизельді генератор бар. Батыс аймақтағы су тасқынына байланысты арнайы техникаларды Бадам станциясында тәулік бойы платформаларға тиеу кезінде аймақтағы теміржолшылар оның қызығын көрген. Себебі бұл пойыздың ерекшелігі сол өздігінен орталықтандырылған электрмен жабдықтау жүйесіне қосыла алады және автономды түрде де өзін-өзі электр қуатымен толық қамтамасыз ете алатын мүмкіндікке ие.  

Сонымен қатар өрт сөндіру пойызының құрамында кез келген сәтте аса қауіпті химиялық сұйықтықты сорып, қауіпсіз аумаққа айдауға арналған АЕЗ-104 сорғы құрылғысы мен АМП-80-S қосымша қысым беруге арналған насос та есепте тұр. Осындай техникалар мен құрылғыларды бір орталықтан басқарып, қызметін үйлестіретін вагон-штаб – басшылық құрам мен жеке құрамның негізгі кеңсесі. Өрт кезіндегі іс-әрекет осы жерден басқарылады. Ал жай күндері қызметкерлерге қауіпсіздік шаралары үйретіліп, техникалық шеберлік сабақтары өткізіледі. Өрт сөндірушілерге қажетті ақпараттық хабарламалар түсіндіріліп, таныстырылады. Оған қоса, штаб-вагонның бір қанатында демалыс бөлмесі мен ас бөлмесі және жуыну бөлмесі қарастырылған.

Өрт сөндіру пойызын арнайы нұсқаулық бойынша жылына екі рет тексерістен өткізіп тұру – міндет. Мұндайда вагон пайдалану депосының мамандары алдын ала бекітілген кестеге сай өрт сөндіру пойызымен арнайы сапарға шығып, вагонның жүріс бөлігін майлап, бақылаудан өткізеді.

– Сол сияқты әр тоқсан сайын оқу-жаттығу шарасы да ұйымдастырылып тұрады. Оның әрқайсысы арнайы тақырып бойынша алдын ала бекітіледі. Мысалы, бірде жолаушылар вагонына қатысты болса, келесіде локомотивтің отқа орануына қатысты іс-қимылдар пысықталады, – дейді өрт сөндіру пойызының бөлім басшысы Ардақ Айтжанов.

Қайбір жылы Шымкент іргесіндегі Текесу станциясында 3 500 тонналық жанармай қоймасы отқа оранғанда, Арыс өрт сөндіру пойызы оқиға орнына алдымен жетіп, тілсіз жаудың бетін қайтаруға кіріскен.  

– Өрт алапат болды, біз өрт ошағына жақын орналасқан 14 қойманы суытумен айналыстық. Яғни вагон цистернамен жеткізілген суды қойманың төбесінен үздіксіз себелеп отырдық, – дейді он жылдан бері аталған пойызда еңбек етіп келе жатқан өрт сөндіруші Еркін Жұмабекұлы.

Нұрлыбек Досыбай

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: