Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір елдің азаматтық авиация саласында 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Саланың дамуына байланысты 2025 жылға қарай қызметкерлерге деген сұраныс саны жыл сайын 500-600 адам болуы мүмкін, деп хабарлады ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңындағы» кезекті жиын отандық авиация саласындағы маңызды мәселелерге арналды. Қазақстандық әуе компаниялары мен Азаматтық авиация академиясының өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда саланың кадрлық әлеуетін арттыру таразалынды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір еліміздегі азаматтық авиация саласында 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 10 мыңы әуежайларда, 2 857 маман ұшқыштар құрамында еңбек етеді. Ал, инженерлік-техникалық құрамдағы жұмысшылар саны – 1 767. Десе де, саланың дамуына байланысты 2025 жылға қарай қызметкерлерге деген сұраныс саны жыл сайын 500-600 адам болады деген болжам жасалып отыр.
Елімізде сертификатталған 25 авиациялық оқу орталығы бар. Аталған мекемелер ұшқыштар, инженерлік және әуе қозғалысын диспетчерлік қызмет көрсету құрамы мен авиациялық станция операторларын алғашқы даярлау, қайта даярлау және біліктілігін жетілдіру бағытында қызмет көрсетеді.
Ал Азаматтық авиация академиясы – салаға қажетті мамандар даярлайтын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Басқосу барысында отандық әуе компанияларға өз қызметкерлерін академияда ұшақтардың ұшу кестесі мен оларға техникалық қызмет көрсетуді жоспарлау бойынша кәсіби біліктілігін жетілдіру ұсынылды.
Академия өкілдерінің айтуынша, қазір оқу орнында отандық авиация саласындағы мамандардың білімін арттыру бағытында арнайы кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – білім беру бағдарламаларын заманауи авиакомпаниялардың талаптарына сәйкестендіру.
Сонымен қатар, жиында академия түлектерінің ағылшын тілі деңгейін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды.
«Білім алушылардың ағылшын тілі деңгейін көтеру бағытында үш тілде білім беруді енгізудің арнайы жол картасы қабылданған. 2023 жылы академияда профилді пәндер ағылшын тілінде жүргізілмек», – дейді Азаматтық авиация академиясының өкілдері.
Кездесу қорытындысы бойынша академияның оқу бағдарламаларын авиакомпаниялардың талаптарына және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша бірлесе жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды.