Главная Новости "Өз өлкеңді таны" экспедициясы жүріп өтті
08 тамыз 2019, 13:40 3322 Анель Абулхаирова

"Өз өлкеңді таны" экспедициясы жүріп өтті

"Өз өлкеңді таны"  экспедициясы жүріп өтті Фото: "Маңғыстаумұнайгаз"

"Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамы Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығына және мұнайгаз кешені қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында өлкенің табиғаты мен тарихына саяхат жасау мақсатында "Өз өлкеңді таны" атты экспедиция ұйымдастырды. 

Экспедиция аттанып бара жатқан жас мұнайшыларға "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ Бас директоры Лю Цзиньчен мен директордың бірінші орынбасары Қалбай Ізмұханов арнайы келіп, сәт-сапар тілеп, туған өлкенің тылсым табиғаты мен сырға толы тарихымен терең танысып қайтуға ізгі тілектерін білдірді.

"Маңғыстаумұнайгаз" қоғамының жастарына келіп жан-жақтан қосылған қаражанбастық, жаңаөзендік, Актау қаласындағы еншілес компаниялардың жас мамандары қызылды-жасылды туларымен, аспанға қалықтаған алуан түсті шарларымен, гитараға қосылып әуелеткен әнімен компания алаңын думанға бөледі. 70-ке тарта мұнайшы жастар сол көңіл-күймен сапарға қозғалды. Бес автобуспен жол тартқан олар экспедиция маршруты бойынша Саура – Қапамсай – Шақпақ Ата – Кенті Баба – Сұлтан епе – Ақмыш – Қызылқала – Шерқала – Шетпе бағытын бетке алды.

Саура мен Қапамсайды аралап келіп, экспедиция ескілікті сәулет өнері ескерткіштерінің бірегейі - Шақпақ Ата жер асты мешітіне тоқтап, түнемелікке қосын тікті. Түпқараған ауданы Таушық ауылынан 25 км қашықтықта, Каспий теңізінің Сарытас-Қошақ шығанағына жақын Оңғазы (Өңеже) тауының етегінде (Шиліқұдық алқабы) орналасқан Шақпақ ата жерасты мешіті туралы тарихи деректерге қаныққан жастар мешіттің батыс жағындағы Шақпақ атаның атымен аталатын қорым (14 ғ.), қорымның оңтүстік-батыс жағында сақталған ортағасырлық (13 – 17 ғ.) қойтастар, сандықтастар, тас қоршаулар, солтүстік жағында орналасқан 18 – 19 ғасырға жататын сағанатамдар, құлпытастар мен тас қоршаулармен танысты. Мұнда Адай тайпасының бірқатар белгілі көрнекті тұлғалары арулап жерленген. Ержан хазірет Төлегенұлының кесенесі де осында.

Кенті баба бейітіне құран бағышталып болған соң, экспедиция мүшелері су апатынан сақтаушы делінетін Сұлтан Епеге беттеді. Келген тұста дидарлы жүзбен қарсы алған шырақшы баба тарихына қысқаша шолу жасады. Сұлтан Епе мешітінен кейін экспедиция маршруты Ақмышқа да келіп жетті. Экпедиция сапары Шерқала тауы мен Қызылқала қалашығында мәресіне жетті. Ақмыш - өлкедегі ежелгі цивилизацияның жұрнағы, Жібек жолы өткен тармақ. Маңғыстаудың байырғы құрылыс мәдениеті, сәулет өнеріне осы Ақмыштағы Қызылқала дәлел. Бергі тарихта Ақмышта 1920 ж. уездік қаржы бөлімінің бастығы Хажы (Қажы) Оңғалбаевтың басшылығымен балалар үйі ашылған. Кейіннен ол Қаңға бетке көшірілген.

Тарихы сонау ежелгі дәуірден жалғасып келе жатырған қасиетті орында экпедицияны қорытындылаған мұнайшы жас мамандар "Маңғыстау"  өз әсерлерімен бөліскен болатын.

Марсбек Иманов, "Технологиялық көлікті басқару және ұңғымаларға қызмет көрсету" ЖШС қызметкері, жас мамандар кеңесінің төрағасы:

 – Қазақ мұнайының 120 жылдығы мен Қаламқас кенорнының 40 жылдығы және "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ жанынан құралған жас мамандар кеңесінің 5 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. 2 күндік саяхаттау сапарымызда "Өз өлкеңді таны" атты "ММГ" АҚ басшылығы мен жалынды жастары бірлесе ұйымдастырған шарасы керемет жоғары деңгейде өткеніне ешкімнің таласы жоқ. Барлығы да рухани сусынданып, табиғат ананың әдемілігіне көздері тоймай, ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен мұрасы мен жәдігерлерін көріп таң қалып, тамсануымыздың өзі бір ғанибет болды. Саяхатымыз Саура шатқалынан немесе Тасбақалы көлшігінен басталып, әсерлі көріністеріне ерекше қызығушылық танытып, одан әрмен қарай Қапамсай шатқалының әсем көріністерін көріп, таңдай қақтырарлық тік құлама құздарына көзіміз тоймай тәнті болдық. Сөйтіп соңғы нүктеміз үш бірдей қасиетті де көрнекті, тарихқа мол Ақмыш демалыс кешеніне тоқталып, Шерқала, Қызылқала тарихи қалашығына саяхаттап, құмыра сынықтарын, құйған қызыл кірпіштерін көзбен көріп, қолмен ұстап, бұрынғы бабалардың шеберлігіне қайран қалдық. Өз өлкеміздің әсем де тарихи орындарына саяхат жасап, тереңірек танысуға мүмкіндік сыйлаған "ММГ" АҚ басшылығына және әріптестеріме, аға-апаларымызға үлкен рақметімізді айтамыз.

Ерболат Ещанов, ММГ АҚ "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ жас мамандар кеңесінің төрағасы:

 – Қазақ мұнайы мен Қаламқас кенорнының мерейтойлары аясындағы екі күнге толы экспедициядан көп мағлұматтар алдық. Өлке тарихымен танысып, ерекше рухани ләззат алып, демалып қайтып келе жатырмыз. Осы жерге келіп, саяхаттап, терең тарихымыздан хабардар болып жатқан әріптестеріміздің араларында бұл тарихи орындарда бұрын болып көрмегендері де бар екен. Тарихы сонау ықылым замандардан бастау алатынын Маңғыстауды өз көзіңмен аралап көрсең, аспан астындағы мұражай деп текке айтылмайтындығын анық сезесің. Тарихи мұраларымызды кейінгі буын ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу үшін біз осындай тарихи орындарды көп аралап, мүмкіндігіміз келгенше танып білуіміз шарт.

Асылбек Бисатов, "Қаражанбасмұнайгаз" жас мамандар кеңесінің төрағасы:

 – Біздер, жас мамандар, бұл экспедициядан өте керемет әсер алдық. Туған өлкеміздің таңғажайып табиғаты мен ежелгі тарихы хақында күнделікті теледидар, ғаламтор, газет-журналдардан көріп-оқыған бір бөлек те, ал осы сапар аясында жаныңмен сезіп, даланың шаңын жұтып, күніне күйіп, жаңбырының астында жүріп сезінген бір бөлек екен. Әдейі үйлестіргендей, сапарымызда аспаннан ақ нөсер жауып, керемет естен кетпес әсерлі күндер болды. Осы өлкеде туып өссем де Саура, Қапамсай, Шақпақ Ата, Кенті Баба, Сұлтан епе, Шерқала, Қызылқала сынды тарихи жерлеріне алғаш сапар шегіп, аяқ басуым екен. Бір сөзбен айтып жеткізбес, өте керемет, бөлек әсер алып жатырмын. Бұрынғының көнекөздері айтпақшы, "көз тіріңде Маңғыстауды көріп қал" дейтін қанатты сөздері осындайда есіңе түседі. Ұйымдастырушы әріптестерімізге, басшылығына алғысымыз шексіз. Мереке құтты болсын!

Жиналған жас маман мұнайшылар қызу көтеріңкі көңіл күймен естелік фотошежіреге түсіп, мәре-сәре боп, жақсы көңіл күймен бір-бірімен қимай-қимай қоштасып тарасты.

ӨЗ ӨЛКЕҢДІ ТАНЫ
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: