Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Өзбекстан астанасында өткен халықаралық конференция аясында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АЭС құрылысы дирекциясының директоры Отабек Аманов энергетикалық нысанды салу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлады Kazinform агенттігі.
Отабек Амановтың айтуынша, қазір құрылыс алаңында агрометеорологиялық, гидрологиялық, гидрогеологиялық және сейсмологиялық бақылау жүріп жатыр.
«Сондай-ақ, алаңда құрылысшылар тұратын қалашықты салу үшін дайындық жүргізілуде. Онда құрылыс қызған уақытта 10 мың қызметкер болады. Сонымен қатар, біз атом электр станциясын жобалау ісін қолға алдық. Бүгінде ресейлік делегация осында (Ташкент – авт.) және аз қуатты АЭС-тің жобалық құжаттамасын әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы зерделеп жатырмыз. Бұған қоса, біз техникалық-экономикалық негіздемені әзірлейтін институттарды таңдадық», - деді Отабек Аманов.
Жауапты ведомство үстіміздегі жылдың соңына дейін құрылысшылар тұратын қалашық пен құрылыс-монтаждау базасын салуды бастауға ниетті.
«АЭС салу үшін біз онда шеберхана, арнайы техникаға арналған гараж, бетон араластыратын құрылғы, арматура цехтарын құруымыз қажет. Мұның өзі тұтас кешен болады. Сондықтан биыл осы жұмысты бастаймыз. Сонымен қатар, біз жобаның техникалық-экономикалық және қауіпсіздік негіздемесін, қоршаған ортаға әсер ету жөніндегі жобасын әзірлеуді бастаймыз. Атом электр станциясын салуға рұқсат алу үшін осы 3 құжат қажет», - деп тоқталды Отабек Аманов.
Спикер атап өткендей, Өзбекстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік қоятын аталған талаптарды толық орындап, 2026 жылдың басында энергоблоктың іргетасына алғашқы бетонды құю үшін рұқсат алуды жоспарлап отыр.
Мұнымен бірге, өзбек тарапы АЭС құрылысына шетелдік компанияларды тарту мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
«Атом станциясы екі ірі кешеннен тұрады - бұл негізгі ядролық бөлік және қосалқы нысан. Негізгі нысанды бас мердігер - «Росатом» салады. Ал қосалқы кешеннің құрылысына халықаралық компаниялардың қатысқанын қалаймыз, өйткені бұл халықаралық жоба. Қазір аталған бағыттағы мәселелерді талқылап жатырмыз», - деді Отабек Аманов.
Мәлім болғандай, қазір ресми Ташкент аз қуатты АЭС жобасын қаржыландыру бойынша шетелдік және отандық банктермен келіссөз жүргізіп жатыр.
«Еуропаның, Ресейдің және өзіміздің жергілікті банктерміз бар. Бұл ретте инфрақұрылымның кейбір бөлігін жергілікті мердігерлер салатынын атап өткім келеді. Банктердің ұсынысы Экономика және қаржы министрлігімен, сондай-ақ Орталық банкпен келісіледі», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.