Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Париждегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас пәтерінде Халықаралық көлік форумының жыл сайынғы күні аясында жаһандық көлік жүйесін дамытудың, көлік саласын цифрландыру мен көмірсіздендірудің өзекті мәселелері талқыланды.
ЭЫДҰ-ға мүше және серіктес мемлекеттердің елшілері және сарапшылардың қатысуымен өткен іс-шарада Қазақстанның халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов «Дағдарыс жағдайындағы көліктік өзара байланыс» сессиясында баяндама жасады. Ол қатысушыларды елімізде көлік инфрақұрылымы мен халықаралық жүк тасымалын дамыту үшін қабылданып жатқан іс-шаралардан хабардар етті. Қазақстанның барлық көршілес мемлекеттермен көліктік ынтымақтастықты дамыту және дәстүрлі, сондай-ақ бұрын аз дамыған бағыттардың әлеуетін пайдалануға арналған іс-әрекетіне назар аударды. Атап айтқанда Қазақстан мен ҚХР шекарасынан «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші теміржол құрылысының басталуы, Ақтау мен Құрық теңіз порттарында контейнерлік хаб және түбін тереңдету, Өзбекстан, Түрікменстан және Иран арқылы Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына шығатын «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржолының, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс бөлігінің қалыпты жұмысы аталып өтті.
«Орта дәліз» атауымен танымал Транскаспий халықаралық көлік бағдарының жұмысына және оның соңғы жылдардағы көрсеткіштерінің өсу статистикасы сөз етілді. Жақында мүдделі мемлекеттердің «Орта дәліз» бойынша жүктерді тасымалдаудың бірыңғай операторы болуға арналған бірлескен кәсіпорын және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің және Еуропалық одақтың қатысуымен ТХКБ-ның үйлестіру платформасын құрғаны айтылды.
Іс-шара сессияларында жаһандық және өңірлік деңгейлерде көлік саласын орнықты дамытудың өзекті мәселелерін шешуде, осы салада тиімді саяси ұсынымдар әзірлеуде және сапалы халықаралық стандарттарды әзірлеуде ХКФ рөлін одан әрі күшейтуде, көлікті одан әрі көмірсіздендіру және цифрландыру, әсіресе теңізге тікелей шықпайтын мемлекеттердің халықаралық транзиттік әлеуетін нығайту және іске асыру жөнінде шаралар қабылдауда мазмұнды пікірталастар өткізіліп, тараптар өзара тәжірибе алмасты.
Райхан Рахметова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"