Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Павлодар облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Павлодар мұнай-химия зауытына барды.
ҚМГ басшысы зауыттың өндірістік қуаттарының техникалық жағдайымен, кәсіпорынды одан әрі жаңғыртуға бағытталған жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ Honeywell корпорациясының құрамындағы UOP (Universal Oil Products) американдық компанияның Merox технологиясы бойынша сұйытылған көмірсутек газын (СКГ) сілтілі тазартатын жаңа кешен іске қосылды.
Кешен өнім сапасын жақсартып, шығарындыларды азайта отырып, меркаптан күкіртінен жылына 100 мың тонна СКГ-ны тазартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында өткен жиында өндірістік тиімділікті арттыру, ПМХЗ тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Зауытта қысқы дизель отынын өндіру бойынша жобалар іске асырылуда. Дизель отынын гидротазарту қондырғысын (ДО ГТ) реконструкциялаудың екінші кезеңі шеңберінде депарафинизация блогының құрылысы жүргізілуде. Жұмысты аяқтау жыл соңына жоспарланған. ДО ГТ жаңғырту Shell компаниясының технологиясын пайдалана отырып жүргізілуде, ол тек жазғы және маусымаралық дизель отынын ғана емес, сонымен қатар қондырғының ағымдағы қуатын жылына 2,3 млн тонна деңгейінде сақтай отырып, қысқы отынды да шығаруға мүмкіндік береді.
2025 жылдың бірінші тоқсанында қуаттылығы сағатына 12,5 мың текше метр сутегі өндіретін екінші қондырғының құрылысын бастау жоспарлануда (зауытта қуаттылығы сағатына 20 мың текше метрлік қондырғы жұмыс істеп тұр).
Air Liquide компаниясымен бірлескен жобаны іске қосу 2026 жылдың күзіне жоспарланған. Жобаға салынатын инвестициялар 80 миллион еуродан асады деп бағаланады. Техникалық сутегі мұнай өңдеуде шешуші рөл атқарады, бензин, авиациялық керосин және дизель отынын өндіруде шикі мұнайды азоттан, күкірттен және металдардан тазарту үшін қолданылады.
Бұл жобаларды іске асыру еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде сұранысқа ие жоғары үшінші классты қысқы дизель отынын шығаруға мүмкіндік береді. Кеңес қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы ПМХЗ басшылығына жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайтып, операциялық тиімділікті арттыру және өндірістік персонал үшін еңбек жағдайларының сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жыл ─Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ПМХЗ-да зауыт қызметкерлері биіктікте жасайтын жұмыстарын қауіпсіз жүргізу бойынша біліктілігін арттыратын жаңа оқу-жаттығу орталығы ашылды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар мұнай-химия зауыты рекордтық 5,5 млн тонна мұнай өңдеді, бұл жоспарлы көрсеткіштен 50 мың тоннаға артық.