Главная Новости Qazaq Air қаржы директоры: Компанияның ұшу көкжиегін кеңейтеміз
04 шілде 2022, 11:02 1879 Нұрболат Аманжол

Qazaq Air қаржы директоры: Компанияның ұшу көкжиегін кеңейтеміз

Qazaq Air қаржы директоры: Компанияның ұшу көкжиегін кеңейтеміз

2021 жылдың қорытындысы бойынша Qazaq Air әуе компаниясы алғаш рет өз шығындарын өзі өтей алатын деңгейге көтерілді. Жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясының ықпалына қарамастан, өткен жылы компания 570 мың жолаушы тасымалдап, 2020 жылғы көрсеткіштен 32 пайызға арттық жұмыс өнімділігін көрсетті. Құрылғалы бергі 7 жыл қызметінде жолаушы тасымалын үздіксіз арттырып келе жатқан әуе компаниясының даму басымдықтары мен межелі жоспарлары қандай? Бұл туралы SKnews тілшісіне Qazaq Air басқармасының мүшесі, қаржы директоры Әділбек Өмірәлиев сұхбат барысында әңгімелеп берді. 

– Әділбек мырза, Qazaq Air компаниясының өзге әуе тасымалы операторларынан басты ерекшеліктері қандай? Қазақстандықтар Qazaq Air жайлы не білуі қажет?

– Бірінші кезекте Qazaq Air компаниясы әу баста Қазақстан аймақтары арасында әуе тасымалын дамыту мақсатында өңіраралық ұлттық әуе компаниясы болып құрылғанын айту керек. Яғни, көп адам ұша бермейтін, сәйкесінше реактивті ұшақтарды бағыттау тиімді емес өңірлерді қамту қажет болды. Мәселен, Нұр-Сұлтан – Жезқазған бағытын қарастырайық. Жезқазған бүгінде – жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы. Дәл осы бағытта реактивті ұшақтар ешқашан ұшқан емес. Өйткені, тәулігіне бұл бағытта ұшатындар саны ары кеткенде 40-50 жолаушыдан аспайды. Бұл ретте Qazaq Air компаниясының 80 орындық ұшақтары 40-50 жолаушыны шығынға батпай тасымалдай алады.

Яғни, компания құрылған уақытта қазақстандық өңірлер халқының төлем қабілеті назарға алынды. Сөйтіп, мұндай шағын маршруттарды қамту үшін Қазақстанға заманауи турбовинтті ұшақтар қажеттігі айқын болды. Тағы бір мысал ретінде Нұр-Сұлтан – Талдықорған бағытын алуға болады. Бұл маршрутты мемлекет субсидиялайды. Өйткені, тұрақты бағыт болғанына қарамастан, өңір халқының төмен төлем қабілетімен ерекшеленеді. Екінші жағынан, осы бағытта жыл бойы үздіксіз жолаушы тасымалын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік міндет бар. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұл бағытта коммерциялық негізде бірде-бір әуе операторы жолаушы тасымалдамаған болатын. Үкімет маршруттың маңызын түсіне отырып, бұл бағытқа біраздан бері субсидия бөліп келеді.

Qazaq Air компаниясы мемлекет тарапынан субсидияланатын өзге де маршруттарды конкурс негізінде жеңіп алып, қызмет көрсетіп жүр. Ерекше атап өтерлігі, біздің компания мемлекет тарапынан бөлінетін бюджет шеңберінде өзге кез-келген операторға қарағанда, көбірек жолаушы тасымалдау мүмкіндігіне ие.

– Ал компанияны Алматыдан ел орталығы Нұр-Сұлтан қаласына көшіру қандай стратегиялық мақсатты көздеді?

– Иә, үш жыл бұрын Qazaq Air компаниясын Нұр-Сұлтанға көшіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мұндағы мақсат – өңірлерді ел орталығымен, еліміздің ең дамыған және үздік әуежайымен байланыстыру болатын. Бұл арқылы біз Қазақстан халқының өңірлер арасында және шекара маңындағы аймақтарға еркін және арзан қатынауына жол ашамыз.

Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы географиялық тұрғыдан елдің орталығында орналасқан. Тиісінше, бір өңірден келіп, екінші өңірге ұшып кетуге өте қолайлы. Мәселен, Нұр-Сұлтаннан Қостанай, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен және өзге де қалаларға ұшып кетуге болады. Маршруттық желі өзі өрмекші торына ұқсайды ғой, соның дәл орталығы – Нұр-Сұлтан қаласы.

Нұр-Сұлтанға көшу бір жағынан осындай өңірлерді байланыстыру міндетін орындаса, екінші жағынан астана кластерін дамытуды көздейді. Яғни, «әуе компаниясы – әуежай – қала» үштік құрылымы арқылы Нұр-Сұлтан қаласын әлемдік әуе тасымалының орталық хабына айналдыруға біз де үлкен үлес қосамыз. Әлемде мұндай хабтар қатарында Франкфурт, Ыстанбұл, Дубай қалаларын атауға болады. Бұл қатардан Нұр-Сұлтан қаласын да көргіміз келеді.

– Qazaq Air өткен жыл қорытындысы бойынша алғаш рет өз шығынын өзі өтей алатын деңгейге жетті? Бұл компанияға қандай перспективаларға жол ашады?

– Стартап кезеңіндегі кез-келген жаңа бизнес үшін қаржылық тұрғыда өзін-өзі толық қамтамасыз ететін көрсеткіштерге қол жеткізу өте маңызды. Бұл негізі тек бизнес емес, әрбір адамға да қатысты дүние. Мәселен, мектепте, кейін университетте білім алып, жұмыс істеп, табыс тапқан соң ата-анасынан қаржылық тұрғыда тәуелсіздік аласың. Одан әрі отбасын құрып, өзіңнің әулетіңді дамытасың. Бизнесте де дәл солай. Ол, мейлі, әуе не айти, болмаса өндірістік компания болсын, инвестициялық, яғни шығындар фазасынан өтеді.

Сол секілді Qazaq Air компаниясы да 7 жыл ішінде инвестициялық фазадан өтіп, өз шығынын өзі өтей алатын дәрежеге көтерілді. Бұған дейін біз инженерлерді, ұшақ жүргізушілерін, техникалық қызмет көрсету мамандарын да аутсорсинг негізінде отандық және шетелдік өзге компаниялардан тартып отырдық. Басқаша айтқанда, бүкіл әлем Qazaq Air компаниясына артылған ауыр міндетті еңсеруге көмектесіп келді деуге болады. Міне, 2021 жылы біз инвестициялық кезеңді сәтті аяқтадық.

Бұл кезеңдегі басты жетістіктердің бірі ретінде желілік техникалық қызмет көрсету станциясын іске қосқанымызды айтар едім. Яғни, әуе кемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу және оларды ұшуға дайындау қызметтерін ҚР авиациялық стандарттарына сәйкес түгелдей өзіміздің инженерлер атқарады. Бұл үшін Қазақстан авиация әкімшілігінен лицензия алдық.

Екінші қадам ретінде Qazaq Air өзінің әуе кемелерін Қазақстан Республикасының әуе кемелері регистрінде қайта тіркеп, отандық тіркеу номерлерін алды. 2021 жылғы Компанияның әуе флотындағы 5 ұшақтың бәрі қазір жаңарған авиациялық UP (Қазақстан Республикасы әуе кемелерінің мемлекеттік айрықша белгісі) тіркеу префиксіне ие.

Сондай-ақ, ақпараттық технологиялық инфрақұрылымға, оның ішінде IATA есептік кодымен электронды әуе билеттерін брондау және сату, ұшу кестесін жоспарлау, жолаушыларды тіркеу, табысты есептеу жүйелеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы жылы компания IOSA өндірістік қауіпсіздігінің халықаралық стандартына сәйкестігін кезекті рет растады. Бұл ретте компанияның ИАТА әуе транспортының халықаралық қауымдастағының ресми мүшесі екенін айтып өту де маңызды.

Осы және өзге де атқарылған істердің арқасында 2021 жылы әуе компаниясының кірісі 2020 жылмен салыстырғанда 67%-ға өсіп, 12,7 млрд теңгені құрады. Осылайша, 2021 жылы Qazaq Air компаниясының өз шығынын өзі өтеуі бойынша үш жылдық бизнес-трансформация циклі аяқталды.

– Карантиннен кейінгі кезеңде компания қандай жетістіктер мен көрсеткіштерге қол жеткізді?

– Карантиннен кейінгі ғана емес, карантин кезіндегі де басты жетістік ретінде бірде-бір қызметкерді жұмыстан шығармағанымызды не қысқартпағанымызды айтар едім. Шығындарды қысқарту шаралары қабылданды. Бұл ретте компания ұжымының бірінші кезекте қаржылық тұрақтылықты, екінші кезекте компанияның операциялық қызметін және үшінші кезекте әуе флотының техникалық дайындығын қамтамасыз етуде танытқан ұстамдылығына алғыс айтамын.

Иә, рас, біз үш ай бойы жалақымыздың белгілі бір бөлігінен бас тарттық. Бұл – ұжымдық, ерікті шешім болды. Қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында ең алдымен жұмысшылар жиналып қалған еңбек демалыстарына жіберілді. Есесіне, карантин аяқталып, жолаушылар тасымалы қайта жолға қойылғаннан кейін біз бар болғаны бір ай ішінде жолаушы тасымалының өнімділігін 120 пайызға, яғни өткен жылдың көрсеткіш деңгейіне жеткіздік.

– Qazaq Air компаниясының сыртқы нарыққа шығып, өзге елдерге жолаушы тасымалдау жоспары бар ма?

– Әрине, бар. Qazaq Air қазір 6 халықаралық маршрутта Ресейге жолаушы тасымалдайды. Алдағы уақытта ұшу көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Жақын уақытта Әзербайжанның астанасы Бакуге Ақтөбе қаласынан рейс ашылады. Қазір бұл мәселенің шешілуінің мәресіне жеттік, бұйыртса 7 шілдеде Ақтөбе – Баку маршруты іске қосылады.

Жоспарда Өзбекстан мен Қырғызстанға жолаушы тасымалдау да бар. Сондай-ақ, біз Қытайға әуе жолын ашу жайын да бақылап отырмыз. Алайда, карантиндік шектеулерге байланысты біздің әуе тасымалдаушылар үшін бұл ел әлі жабық.

– Qazaq Air әуе паркін кеңейту жоспары бар ма?

–  «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасында Qazaq Air компаниясына 3 әуе кемесін сатып алу қарастырылған. Қазір біз бұл бағытта акционермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әуе кемесін сатып алу – кешенді жоба. Ол инвестициялық жоспарлаумен бірге маңызды стратегиялық шешімдерді талап етеді. Біз әуе флотын 5-тен 8 ұшаққа дейін арттыруды жоспарлап отырсақ, келесі алғашқы ұшақ ең ерте дегенде 1-1,5 жылдан соң флотқа қосылады деп күтіп отырмыз. Қазіргі таңда иеліктегі әуе кемелерінің орташа жасы – 4 жыл.

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото: Жайнар Дәркембаев

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: