Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жобаның басты мақсаты – еліміздегі сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алмай отырған, шалғайда жатқан станциялар мен оларға жақын орналасқан елдімекендердің тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізу. Сонымен пандемия кезінде тоқтап қалып, қазір «Samruk-Kazyna Trust» қолдауымен қайта іске қосылған медициналық пойыздар туралы басты сұрақтарға жауап әзірледік.
Жобаның ұйымдастырушылары кімдер?
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырып отыр.
«Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда дәрігерлік пункттердің болмауын ескере отырып, азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде жасалды. Неге біз бұл жобаны қолдадық? Себебі, бұл нағыз халыққа, азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға септігін тигізетін әлеуметтік маңызы бар жоба. Мәселен, пандемия кезі шалғай аудандардағы тұрғындардың денсаулығына байланысты көптеген проблеманы ушықтырды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл пойыздар өте қажет. Көптеген науқас пойыз дәрігерлерінің арқасында өмірінде бірінші рет немесе көптеген жылдан кейін алғаш рет қабылдауға келген. Сонымен қатар, біздің «Samruk-Kazyna Trust» қоры бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының еңбеккерлері де пойыз дәрігерлеріне тегін әрі толық қарала алады. Ал шалғай өңірлерде осы компаниялар тобында еңбек ететін қарапайым еңбек адамдары баршылық екені белгілі», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Қайда барады?
Жобада 2022 жылы бүкіл Қазақстан бойынша екі медициналық пойыздың бағдары жоспарланған. Бұл ретте олар, жалпы алғанда, шалғайда орналасқан 147 станцияны қамтымақ.
«Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырдан 6 қарашаға дейін 80 станцияны, ал «Саламатты Қазақстан» 20 маусымнан 2 қарашаға дейін 67 станцияны аралайтыны белгіленген.
Пойыздар жалпы саны 60 000 адамды қамтып, дәрігердің қабылдауына келу саны 100 000, диагностикалық ем-шара саны 18 000, шағын хирургиялық операция саны 1200 болса, 8000 науқастың тісі емделеді деп күтіліп отыр.
Медициналық пойыздар бүкіл Қазақстанды аралайды:
Қандай дәрігерлер мен жабдықтар бар?
Медициналық персоналдың құрамында әртүрлі бейіндегі білікті мамандар: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, рентгенолог, кардиолог, ультра-дыбыстық зерттеу дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері және стоматолог бар. Биыл білікті мамандардың қатары психологпен және дерматовенерологпен толықты.
Пойыздардағы дәрігерлер демалыссыз, 13.00-14.00 аралығы түскі үзіліспен сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.
Жапон және неміс өндірушілерінің өнімі саналатын медициналық жабдықтар қажет болған жағдайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюорография, ішкі ағзалар мен тамырлардың удз-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғылар да жаңартылған.
Пойыз бригадасының құрамына вагон жолсеріктері, дизель-генераторлық қондырғылардың жұмысшылары, электромеханик, су маманы кіреді.
Мамандандырылған медициналық пойыздар 8 вагоннан тұрады. Оған дизельдік-генераторлық вагон, 4 медициналық вагон, 1 мәжіліс залы мен мейрамхана және 2 купелік вагон кіреді. Қажет болған жағдайда, төтенше жағдай туындаған кезде шағын елдімекенді электр қуатымен қамтамасыз ете алатын дизель генераторы вагоны қарастырылған.
Пойыздар республиканың жетекші медициналық мекемелерінен телемедициналық кеңес алу үшін интернет, телефон байланысымен жабдықталған.
Халықтың пікірі қандай?
Шағын станциялардың тұрғындары жай ғана флюорографияға түсу немесе аудандық ауруханаға барып анализ тапсыру үшін, ондаған шақырым жол жүруге мәжбүр әрі бұл қалтаға салмақ түсіреді. Мысалы, 2019 жылы Жамбыл облысында 8 жасар бала мотоциклден құлап, өте ауыр жағдай кешті. Оны медициналық пойыздардағы мамандар тексеріп, «ішке қан кету», «бауырдың жарылып кетуі» деген диагноздар қойылды. Баланы бірден аудандық ауруханаға жіберіп, сол күні ота жасалып, аман қалды. Сондай-ақ, Алматы облысында 4 жасар балаға аутизм диагнозы қойылып, әрі қарай көмек көрсету үшін елордаға жолдама берілді. Маңғыстау облысының 10 тұрғынына онкология диагнозы қойылса, Қызылорда облысынан эпилепсия ауруына шалдыққан бала «Ақсай» республикалық балалар ауруханасына жатқызылды.
«Мен Аққыстау аудан орталығына «Жәрдем» медициналық пойызының келе жатқанын естіп, Тұщықұдық ауылынан денсаулығымды тексерту үшін келдім. Бұл – ауылдық жерлердің тұрғындары үшін, сондай-ақ қаржы жағы аздау мен сияқты зейнеткерлер үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі кезде медициналық қызметтердің басым бөлігі – жекеменшік, әрбір қаралу кем дегенде 5000-6000 теңге тұрады. Таңертеңнен бері бес маманның қарауынан өттім, енді УДЗ процедурасын күтіп отырмын. Дәрігерлердің барлығы ұнады, аурудың себептері мен емдеу жолдарын егжей-тегжей түсіндірді. Әсіресе невропатолог пен гинекологты атап өткім келеді. Пойыздарда барлық жағдай жасалған: әр маманның жеке кабинеті бар, ал ішіндегі жүріп-тұратын жерде мен сияқты ересектер үшін отыруға мүмкіндік бар», – деп алғысын білдірді Атырау облысының тұрғыны Жұмазия Альмирова.
«Осы «Жәрдем» пойызын денсаулығымызды тексерту үшін көптен күттік. Дәрігерлер бізді тексеріп, нұсқаулық беріп, өзімізге керек укол-дәрілерді жазып берді. Мамандар жіті қарап, тексеріп жатыр. Пандемияға байланысты екі-үш жылдан бері келмей қалды ғой. Маңғыстауды білесіздер, экологиялық аймақ. Сондықтан жылына алты ай сайын екі рет келсе деген тілегім бар», – дейді Жетібай ауылының тұрғыны Жанар Дәулетбаева.
Жобаның арқасында кейбір науқастарға ауылдық жерлерде қолжетімсіз және облыстық медициналық мекемелеріне міндетті түрде баруды талап ететін сирек ем-дом түрлері жасалды. Мысалы, Исатай станциясының бес жасар тұрғыны Ахмад Мерейұлына хирургиялық операция жасалды, яғни дәрігерлер бүлдіршінді сүндетке отырғызды. Сондай-ақ, Атырау облысының Гонюшкино станциясында 6 балаға сүндеттеу жасалды.
«Медициналық пойыз дәрігерлерінің көмегімен Қарақия станциясында 4-5 жастағы балаларға сүндеттеу жүргізілді. №10 разъезде қиын жағдайға түскен сәбиге көмек көрсетті. Ауыр дәрежедегі күйік диагнозымен (тері трансплантациясы) түскен бір жарым жастағы балаға көрсетілген стационарлық емдеуден кейін пойыз дәрігерлері күрделі таңу жүргізді», – дейді бас дәрігер Айнұр Егінбаева.
Өңірлерден статистика
Маңғыстау облысындағы статистика келесідей: дәрігерлік тексерулердің саны – 11 955. Науқастарға пойыз мамандары консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсетті. Әсіресе жалпы тәжірибе дәрігері мен терапевт және педиатр дәрігерлеріне адамдар көп жүгінген, яғни 2008 науқас. Одан кейін урологқа 1127 науқас, офтальмологке 1099 науқас, невропатологқа 1004 науқас және хирург маманына 968 науқас келген.
Пойыз дәрігерлері барлығы 1043 ЭКГ, 1087 УДЗ және 583 флюорография процедураларын өткізді. Сонымен қатар 77 шағын хирургиялық ота жасалғаны белгілі болуда.
Сондай-ақ, пойыз мамандары Маңғыстау облысында қант диабеті, артроз және артрит, созылмалы пиелонефрит, артериялық гипертензия, омыртқаның остеохондрозы, созылмалы панкреатит және созылмалы холецистит, жатыр миомасы және жатыр мойны эрозиясы, простатит, глаукома, созылмалы бронхит және бронх демікпесі, сондай-ақ туберкулезге күдік ауруларын анықтады.
Дәрігерлер Атырау облысында жиі кездесетін ауруларды да атады: қант диабеті, омыртқаның остеохондрозы, вирустық конъюнктивит, артрит, артроз, бронх демікпесі, гастрит, панкреатит, холецистит, синусит, бронхит сияқты созылмалы аурулар.
2022 жылдың 28 маусымдағы жағдай бойынша «Жәрдем» медициналық пойыз мамандары Атырау облысындағы Мұқыр станциясында, «Саламатты Қазақстан» пойызы Алматы облысындағы Малайсары станциясында аялдап, тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетті.
Бұған дейін...
Жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылға дейін жыл сайын іске асырылып келді де, коронавирус індеті кезінде үзіліс алды. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1700-ден аса елдімекенін аралап, 488 881 тұрғынды тексеруден өткізді, оның ішінде 101 614 бала бар. 1 647 138 диагностикалық ем-шара, 11 981 кіші амбулаториялық операция өткізілді. Маммолог мамандар 67 148 әйелді қабылдаса, жалпы адамдар дәрігердің қабылдауында 2 873 542 рет болды. «Денсаулық» пойызы қазір жөндеуде тұр.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ