Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауға жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен өткізген кездесу жиынында Атырау облысының дамуына еңбек сіңірген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттаған болатын. Үлкен құрметке ие болғандар қатарында «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының №4 Доссор мұнай және газ өндіру цехы Алтыкөл кен орны №1 бригадасының 4 дәрежелі сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы Сафи Сәтмағамбетов те болды. Ембілік мүнайшы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталды.
Сафидің әкесі Қани Сәтмағамбетов ғұмырының 42 жылын мұнай-газ саласын дамытуға арнап, «Мақатмұнай» кәсіпшілігінде табан аудармастан мұнай-газ өндіру операторы болып еңбек етті.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халық даналығы мұнай саласын серік еткен Сәтмағамбетовтер отбасына да қатысты айтылса керек. Ел арасында еңбегімен еленген қара алтын игеруші Қани Сәтмағамбетовтің еңбегін, ерлігін балалары көріп өсті. Тәлім алды. Кейін Қани Сәтмағамбетов пен «Батыр Ана» атанған Жұмағыз Махамбетова тәрбиелеген 11 баланың 7-уі мұнай саласын серік етіп, игі ісімен үлгі болған әке жолын жалғады.
Еңбек жолын 1983 жылы Комсомол кен орнында слесарь болып бастаған Сафи Қаниұлы Сәтмағамбетов қара алтын игеру жолында аянбай тер төгіп жүр. Бірнеше жылдар бойы мұнай-газ өндіру операторы болып еңбек еткен ол, 2015 жылы Алтыкөл кен орнына ауысқан. Салаға жаңа қадам басқан жастарға білгенін үйретіп, тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес.
«Ембімұнайгаз» біз үшін үйіміздей ыстық. 39 жыл уақыт бойы ұжымдастарымызбен талай қиын да қызықты күндерді бастан кешіп, бір шаңырақтың адамындай жақын араласамыз. Вахтааралық 14 демалыста кен алаңындағы қайнаған жұмысты, ұжымдастарды, «қара алтынның» иісін сағынамын. Тіпті ауыратын кездерім де болады. Ал, жұмысқа шыққанда денсаулығымның сыр бергенін ұмытып та кетемін. Ұжымдағы жас мамандар бізден тек қызметке қатысты емес, өмірлік кеңестер де сұрап отырады. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ» біз алмайтын асу жоқ. Сондықтан, Ембінің көркеюі үшін аянбай еңбек етеміз», – дейді мемлекеттік марапат иесі.
Сафи Қаниұлы жастайынан әкесінің еңбекқорлығы мен іскерлігіне тамсанып өскен. Бала қиялының түкпіріндегі мұнайшы болам деген талпыныс оның әке жолын жалғауына септігін тигізді. Қазір ол сонау 20 жасында әкесімен бірге өндіріс алаңын алғаш аттаған сәттерін, сол кездегі мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жиі еске алып отырады. Бүгінге мұнайшы тиянақтылығымен, жауапкершілігімен, кәсібилікпен тең түсетін адами құндылықтарымен ұжымға сыйлы.
«Мемлекет басшысымен кездесу менің өмірімде үлкен із қалдырды. Ең алдыңғы қатарда отырдық. Кездесу кезінде қатты толқыдым. Себебі, мұндай сәтті бастан өткеру көптеген адам үшін арман екені анық. Маған сондай бақ бұйырғанын тағдырымның сыйы деп білемін. Президентіміз менімен амандасып, жұмысыма табыс тіледі. Бұл мен үшін аса қуанышты сәт еді. Шын мәнінде қоғамға қажетті іспен айналысып жүргеніңді сезіну, білу және сол үшін бағалану – үлкен бақыт. Мемлекет басшысының бұл марапаты – жалпы ембілік мұнайшылардың жұмысына берген оң бағасы деп білемін. Биыл ембіліктер үшін табысты жыл болды. 100 жылдық мерейтойымызды тойлап, мерекелік медальды да кеудемізге тақтық. Осынау құрметке лайықты деп бағалап жатқан Компания басшылығына, ұжымдастарыма алғысым шексіз, – дейді Сафи Сәтмағамбетов.