Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның тағы бір мұнайшысы жеңіс тұғырына көтерілді. Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасының шебері Сәндібек Дүйсенбеков самбодан спорт шеберлері арасындағы Қазақстан чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Жарысқа 35 жастан асқан 350-ден астам самбист қатысты.
Сәндібек бала кезінен өзі туған Тұщықұдық ауылының намысын көптеген спорт ареналарында қорғаған. Оның бойында жеңіске деген құлшыныс оты үнемі лаулап тұрады. Спорт шеберіне үміткер өндірісте де шебер болып жұмыс істейді. Ол 18 жылға жуық уақыттан бері Қаражанбастың маңызды бөлімшелерінің бірінде өндіруші ұңғымалардың үздіксіз жұмысына жауап береді.
«Жеңіс тек оған қол жеткізгісі келетіндерге ғана бұйырады. Өйткені, спорт та мұнай өндіру сияқты жауапты да қиын сала. Ең бастысы – тепе-теңдікті сақтау. Біздің кен орнында толыққанды жаттығу үшін барлық жағдай жасалған, сондықтан жұмыс ауысымынан кейінгі уақытымды залда өткіземін», – деді Сәндібек Дүйсенбеков.
Спортшы қола медаль жаңа жеңістерге ұмтылыс сыйлайтынын айтады. Алда оны Ереванда өтетін самбодан әлем чемпионаты күтіп тұр. Ол қазірдің өзінде жаттығуларын пысықтап, бұл жолы алтын алуға ниетті.