Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Samruk-Kazyna Trust» қоры осы жылдың 6 айында қайырымдылық көмекке 4 млрд 400 млн теңге бөлді. Бұл туралы аталған қордың бас директоры Альфия Адиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Өткен жылы елімізде ауқымды өзгерістер басталып, барлық салада тиімді қызметке ден қойылды. Ол өзгерістерден «Samruk-Kazyna Trust» қоры да шет қалмай, ашық, қолжетімді әрі нәтижелі жұмыстың іргетасы қаланды. Биыл біз мұнан да ары өз қызметіміздің тиімділігін арттыруға бар күшімізді салып жатырмыз. Оған биылғы жартыжылдағы игі істер айқын дәлел. Осылайша, бұған дейін мәлімделгендей жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосудан тыс «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жүйе құраушы кәсіпорындары орналасқан аймақтарда халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға назар аударып отырмыз. Биылғы қайырымдылық бюджетіміз өткен жылдағыдай 10 млрд теңгені құрайды. 6 ай ішінде қамқоршылық кеңестің шешімімен бұл соманың 4,4 млрд теңгесіне 27 жоба мақұлданып, аталан жобалар арқылы жарты жылда 454 мың азаматқа қолдау көрсетілді. Оның ішінде 22 мың бала, 81 мың ауыл тұрғыны бар», - деді ол елордада өткен брифинг барысында.
Альфия Адиеваның атап өтінше, 2022 жылы қор жобалары арқылы 500 мың қазақстандыққа қолдау көрсетілді. Оның ішінде 55 мыңы бала, 95 мың ауыл халқы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан көмек алды. 2023 жылдың 1-жартысында үкіметтің емес ұйымдар тарапынан 87 өтінім қарастырып, оның 44-ін Қамқоршылық кеңес қарауына өтізген. 43 өтінім құжаттары толық болмауына немесе дұрыс әзірленбеуіне байланысты кері қайтарылған. Ал 2022 жылдың 1-жартысында барлығы 29 өтінім түсіп, 17-сі мақұлданған еді. Демек биыл өтінім саны үш есеге артып отыр.
«Мақұлданған 27 жобаға бөлінген қаражат төмендегідей салалардың дамуына үлес қосуда: денсаулық сақтау саласында жалпы бюджеті 954 млн теңге болатын 4 жоба мақұлданып, іске асырылуда. Білім беру саласында 1 млрд 173 млн теңгеге 7 жоба, халықтың неғұрлым осал топтарын қолдау бағыты бойынша 1 млрд 64 млн теңгеге 11 жоба, өңірлерді дамыту саласында 782 млн теңге 2 жоба және мәдениет пен спорт бағытында 443 млн теңгеге 3 жоба жүзеге асырылып жатыр», - деді қор директоры.
Оның атап өтуінше, қор бюджетінің 3 млрд теңгесі елдік жобаларға, 7 млрд теңгесі қордың компаниялары орналасқан өңірлерге жұмсалады. Ал биыл мақұлданған 17 жобаға қор тарапынан 4 млрд 400 млн теңге бөлініп отыр.