Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Ірі бизнес қайырымдылықты дамытуға, қоғамда көтерілген бастамаларға белсенді атсалысуы қажет. Бұл туралы елордадағы 2 қазанда өткен Ұлттық қайырымдылық конференциясында айтылды.
«Самұрық-Қазына» АҚ мен «Қазақстан халқына» ҚҚ бірлесе ұйымдастырған алқалы жиын мақсаты – мемлекет пен бизнес және үкіметтік емес ұйымдар арасында ұлттық қайырымдылық үлгісін өркендету, тәжірибе мен ақпарат алмасу. Бұл ретте панельдік сессияның бірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы корпоративтік серіктестік келешегіне арналды.
Мәселен, қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk Kazyna Trust» КҚ елімізде жұмыс істейтін шетелдік алпауыт компаниямен ынтымақтастығы аясында 180 ерекше жан AI-маман, No Code әзірлеуші, UI/UX + Web-шебер сынды үш бағыт бойынша оқып жатыр. Жоба барысында кәсіби, әлеуметтік дағдыларды дамыту арқылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсат етілген.
Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан қайырымдылық операторының қызметі ашық әрі қолжетімді, сенімді болуына күш салынып келеді.
«Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қор жұмысының маңызды бөлігі болып саналады. Біз корпоративтік қайырымдылыққа кәсіби басқаруды қажет ететін жеке бағыт ретінде қараймыз. Сондықтан, өздеріңіз білетіндей, «Samruk Kazyna Trust» қоры құрылды. 2024 жылы қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға 35,6 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде, жарты миллионнан астам адам көмек алса, олардың 30 мыңы – бала», деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 81 миллиард доллардан астам активтерді басқарады, әлемдегі ТОП 30 егемен қордың қатарына кіреді. Қор тобындағы компаниялар экономиканың сан саласында ұсынылған. Қордың басты мақсаты – қарамағындағы активтердің құнын арттыру. Тұтастай алғанда, қор өз қызметінде Үкіметке 2,9 триллион теңгеге жуық дивиденд пен басқа да төлемдерді төлеп, қайырымдылық мақсаттарға қаржы бөліп, республикалық бюджетті қолдауға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосып отыр.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының қайырымдылық қызметіне сенім жоғары
Биыл көктемде орын алған тасқын салдарымен күреске «Самұрық-Қазына» қорының еншілес кәсіпорындарының шетелдік серіктестері бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорына 2 млрд теңгеден астам қаражат аударды.
«Бұл – қор қызметінің ашықтығы мен бизнес тарапынан жоғары сенім белгісі. Сенімді серіктестік пен игі істерге атсалысуға берілген мүмкіндік үшін алғысымды білдіремін», деді қайырымдылыққа қаражат аударған «Азия газ құбыры» ЖШС бас директорының бизнесті қолдау жөніндегі орынбасары Ли Сяньцзюй. Кәсіпорын биыл маусым айында қор арқылы су тасқынымен күреске 1 млрд теңге бөлді. Сонымен бірге қордың қайырымдылық операторына қаражат жіберген ORANO корпорациясының еншілес кәсіпорны «КАТКО» БК» ЖШС бас директоры Паскаль Бастиен де алдағы уақыттағы серіктестікке атсалысуға мүдделі екендерін жеткізді.
Жиналған қаражатқа тасқыннан зардап шеккен Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынады. Бұл кешендер бұқаралық спорт қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіруге ықпал ететін қоғамдық өмір орталығына айналады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына жыл сайын қордың таза табысының кемінде 7%-ы аударылып отыр. 2023 жылдың қорытындысында бұл сома 67 млрд теңгені құрады.
Қордың әлеуметтік саясатының басты мақсаты – инклюзия, яғни тең қоғамды дамыту, медицина мен білім, ауылдық жерлерді дамыту сынды бағыттардың басын қосатын кешенді көзқарасты ұстану. Осы орайда мүгедектігі бар адамдар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудағы ілкімді қадамдардың кейбіріне тоқталсақ, соңғы үш жылда 42 оңалту орталығы іске қосылып, жыл сайын 20 мыңнан астам балаға көмек беріледі. Тиісті орталықтарды әрі қарай да қолданысқа беру өңірлердегі оңалту қызметін одан әрі қолжетімді ете түспек.
Ерекше балаларды оңалту мен білім алуына жағдай жасаудан бөлек, оларды бейімделген спорт түрлеріне баулу мәселесі қолға алынған. Қазіргі таңда 23 қала мен елді мекенде түрлі спорт түрлері бойынша 1 100 ерекше балаға арналған 89 секция тегін жұмыс істеп тұр. Қатысушылардың бірқатары республикалық қана емес, халықаралық сайыстардың жүлдегері атанды.
Жыл сайын қор қолдауымен «Саламатты Қазақстан» пойызы аясында шалғайдағы ауылдарда 100 мың адамға тегін медициналық-құқықтық көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, Алматыдағы Ұлттық педиатрия орталығы қан тазалайтын заманауи медициналық құралмен жабдықталған. Ауылдық ауруханаларға 23 жедел жәрдем көлігі табысталған. Таяуда Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына заманауи инновациялық жабдықтар берілді. Ауыр сырқатқа шалдыққан 1 319 баланы шетелде емдетуге мүмкіндік жасалды.
Бұқаралық спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында қор демеушілігімен, Қызылорда облысында Сырдарияның сол жағалауында үстел теннисі орталығы салынды. Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай, Зайсан аудандарында тұсауы кесілген спорт алаңдары «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен соңғы үш жылда еліміз бойынша бой көтерген тиісті нысандардың саны 30-ға жуықтады. Қор бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорт инфрақұрылымын қолжетімді ету бағытында спорт алаңдарынан бөлек, ел көлемінде 10 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен көпфункционалды спорт кешенін іске қосты.
Қор қолдауымен биыл алтыншы мәрте жолға шыққан «Туған елге саяхат» жазғы балалар пойызында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден қатысқан 200 баланы қосқанда, барлығы 400 жеткіншек 2 кезеңде ел аймақтарындағы танымал мәдени-тарихи орындарын аралады. Сонымен бірге саяхатқа қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына үн қосып, сапар бойы экологиялық өмір салтын қалыптастырды.
Өңірлердегі жастар өміріне тың серпін, жаңаша леп беру мақсатында Қор өткен жылы Ақтөбедегі кітапхананы адам танымастай етіп өзгерткен болса, бүгінде еліміздің батысы мен теріскейінде екі бірдей шығармашылық кеңістікті қолдауды жөн деп тапты. Сонымен қатар Қор мұнымен шектелмей, Семейде тұңғыш рет көзі нашар көретін және зағип азаматтарға арнап кітапхана құрылысына көмек жасап жатыр. Екі қабатты, 805 шаршы метрден тұратын қазіргі заманғы еңселі ғимаратта арнайы бағдарламалар орнатылып, ерекше жандар Брайль қарпінде жазу мен оқуды меңгермек.
Тағы бір тәсіл – краудфандинг
Ірі компаниялар қоғамдағы краудфандинг бастамаларына қосылып, жарна жасау арқылы қоғам мен бизнес үндестігіне қадам жасай алады. Табысты ынтымақтастықтың жарқын мысалдарының бірі – 1 маусымда Қордың ұйымдастырумен өткен «Samruk Charity Marathon» қайырымдылық марафоны.
Марафон барысында Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорына 1 000-ға тарта азамат пен 30-дан астам компаниядан 126,7 млн теңге түсті. Бұл қаражатқа Астананың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Нәтижесінде, 150-ден астам ерекше баланың қатарластарымен бірге мектепте білім алуына мүмкіндік қамтамасыз етілді.
Осылайша, бизнес өкілдері шағын қаражатпен-ақ қайырымдылық бастамаларды қолдай алады. Кәсіпкерлер қоғаммен байланысын жақсартып, әлеуметтік жауапкершілігін нығайта түседі. Әрі бұл қадам қоғамда қайырымдылық мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Жақсылыққа жаны құштар бала марапатталды
Ұлттық қайырымдылық конференциясында Қор Әлназар Әдісбек есімді баланы марапаттады. Ол қайырымдылық марафонына белсене қатысып, әлеуметтік жобаларды іске асыруға өз үлесін қосқан бүгінгінің батыры.
«Samruk Charity Marathon» шарасында айрықша қайсарлықпен жүгіріп өткен Әлназар бүгінде елордадағы №97 мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінде білім алып жатыр.
Сонымен қатар су тасқыны салдарымен күреске атсалысып, Қор арқылы қаржы бөлген «Азия газ құбыры» ЖШС, ORANO («КАТКО» БК), CGN компаниялары марапатқа ие болды.
Алдаберген КЕМПІРБАЙ
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"