Главная Новости «Самұрық-Қазына» жастары Түркістанда бас қосты
14 қараша 2022, 16:30 1821

«Самұрық-Қазына» жастары Түркістанда бас қосты

«Самұрық-Қазына» жастары Түркістанда бас қосты

«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының жастары киелі Түркістанда бас қосты. Қор осыдан үш апта бұрын жас мамандарға арналған «Жас Самұрық» челленджін бастаған болатын. Шараға компаниялар тобынан 2000-ға тарта үміткер қатысуға ниет білдірді. Жас мамандар осы аралықта физикалық, эмоционалдық және зияткерлік бағыттар бойынша жеке тапсырмаларды орындады. Челлендж қорытындысы бойынша 200-ге жуық маман жастар форумына шақырту алды.

Қасиетті Түркістан жеріндегі шараға әр өңірден келген 77 компанияның өкілі қатысты. Форумның алғашқы күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас мамандар түрлі ойындар арқылы бір-бірімен жақынырақ танысты. Келесі күні топтарға бөлініп, Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен саналатын «Керуен сарайына» барды. Мұнда салт-пен дәстүрді ұлықтауға бағытталған арнайы танымдық квест ойыны ұйымдастырылды.

Жастар форумының негізгі идеясы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Сондықтан, жастар арнайы этно ауылға барып, бірліктің нышаны ретінде киіз үй тігіп, ұлттық тағамдар дайындады. Тарихи-танымдық сұрақтарға жауап беріп, «Асық ату», «Теңге ілу», «Арқан тарту», «Садақ ату» сияқты ұлттық ойындарды ойнап, сайысқа түсті.

Шараға «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі Қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты. Ол жастармен бірге түрлі сайыстарға қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті.

«Сананы жаңғырту - жас ұрпақ үшін ең алдымен өз болмысын, өз тегін танудан басталады. Салт-пен дәстүрді ұлықтау арқылы ғана ұрпақ өткенге терең бойламақ. Осы негізге ала отырып, жас мамандар форумын киелі Түркістан жерінде өткізіп отырмыз. Қорға қарасты компаниялардың жас мамандары бір-бірімен жақынырақ танысып, тәжірибе алмасып, тарихқа қанықсын деп. Бастысы шараға қатысқан әр жас маманның көздеген мақсаты бір. Сол себепті бірлесіп, ортақ мүдде үшін жұмыс істеуге бел будық. Осы жерде қалаған әр кірпішіміз, ертеңгі күні үлкен іске айналмақ. Ортақ байланыс алаңын құрып, еліміздің, Қордың даму жолындағы игі істерді бірге атқара беруге шақырамын», – деді  Ғибрат Ауғанов.

Челлендж тапсырмаларын тиянақты орындап, Түркістанға келген жастардың  арасында «Qazaq Gaz» Ұлттық компаниясының құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қызметкері Мират Галимовте бар. 

Атыраудан келген ол  бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика қызметі жөніндегі слесарь болып қызмет атқарады. Мират салауатты өмір салтын сақтай отырып, челлендждің әр кезеңінде берілген тапсырмаларды ережеге сай орындаған. Белсенді де жауапты жас маман еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған  үзеңгілестерімен кездесіп, жаңа достар тапқанына дән риза.

«Менің ойымша форум барлық жас мамандар үшін пайдалы болды. Әр өңірде жұмыс істейтін әріптестерімізбен жақынырақ таныстық. Түркістанға келіп, үздіктер қатарынан көріну үшін  челлендж тапсырмаларын мұқият орындадым. Соның арқасында жалынды жастармен пікір алмасып, мәдени ортадан рухани азығымды толықтырдым. Ұйымдастырушы әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін», – деді Мират Галимов.

«Жас Самұрық» форумы өте керемет өтті. Ерекше әсер алдым. Өзін-өзі дамыту бойынша көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, осы шараның Түркістанда өткені қуатты. Себебі, Түркістан  - тарихи шаһар. Мұнда барша түркі жұрты аса құрметтейтін Қожа Ахмед Яссауидің кесенесі орналасқан. Квест барысында қала тарихы туралы көп мәлімет білдім. Ұйымдастырушыларға рахмет айтамын»,  –  деді «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ ақпараттық жұмыс жөніндегі маманы Сәуле Аманова.

Осылайша, челлендж жеңімпаздары үш күн бойы түрлі топтық сайыстар мен тұлғалық даму бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Өзін-өзі дамыту бойынша арнайы тренерлерден мол мәлімет алды. Самұрық жастарының логотипін, ұранын құрып, жастар саясатын дамыту бойынша стратегияны бекітті. Мақсаты мен мүддесі бір жастар әріптестік қарым-қатынастарын нығайтып, пікір алмасып, өз көзқарастарын ортаға салды. Түркі тілдес халықтардың қасиетті мекені туралы білімдерін толықтырып, жақсы көңіл күйде керемет әсермен үйлеріне қайтты.

Әсем САРТБАЕВА  

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: