Главная Новости «Самұрық-Қазына» қайырымдылыққа жұмсалатын қаражат көлемін арттырады
27 қазан 2022, 14:23 1050

«Самұрық-Қазына» қайырымдылыққа жұмсалатын қаражат көлемін арттырады

«Самұрық-Қазына» қайырымдылыққа жұмсалатын қаражат көлемін арттырады

«Самұрық-Қазына» алаңында Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтеповтың баспасөз брифингі өтті. Ол «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының ағымдағы қаржылық көрсеткіштері және 2022 жылдың алдын ала қорытындылары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Жоғары пайда = әлеуметтік жауапкершілік

Мират Өтеповтың айтуынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қордың таза пайдасы 956 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға көп. Алдын ала бағалау бойынша 2022 жылдың қорытындысында ол 1,85 трлн теңгеге жетеді, бұл өткен жылғы мәннен артық. Мұны ең алдымен, әлемдік нарықтағы мұнай құнының өсуімен түсіндіруге болады. Тағы бір маңызды фактор – Қордың өндірістік емес шығындарды оңтайландыру бойынша атқарған жұмысы. «Самұрық-Қазына» оны компаниялар тобының қызметкерлеріне зиян келтірмей өткізеді. 2022 жылы олардың жалақысы төмен жалақы алатын лауазымдар мен өндірістік персоналға ерекше назар аудара отырып 5-тен 48%-ға дейін көтерілді. Жалпы бұл мақсаттарға шамамен 340 млрд теңге бөлінді.

Пайданың өсуі аясында Қор Қазақстандағы қайырымдылық жобаларына шығындарды едәуір арттыруға дайын. Қазір «Самұрық-Қазына» тобының барлық компанияларының атынан қайырымдылық қызметін Samruk-Kazyna Trust қоры жүзеге асырады. Оның 2022 жылға арналған бюджеті шамамен 10 млрд теңгені құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға артық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қоры таза пайданың 7%-ын қайырымдылық мақсаттарға жұмсауға дайын. 2022 жылдың қорытындысы бойынша осы сома шамамен 130 млрд теңгені құрайтын болады. Осылайша Қордың қайырымдылық шығындары 13 есе арта түспек.

Проблемалық мәселелер

Журналистерді «Самұрық-Қазына» тобының жекелеген қаржылық көрсеткіштері, мысалы, қарыз алу көлемі ерекше қызықтырды. Мират Өтепов түсіндіргендей, белгілі бір компанияның қаржылық жағдайын объективті бағалау үшін міндеттемелер көлемінің абсолютті мәніне емес, Қарыз/EBITDA қаржылық тұрақтылық коэффициентіне қарау қажет. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш «Самұрық-Қазына» тобында 1,98-ді құрады. Әлемдік стандарттарға сәйкес 3,5 және одан төмен мән норма болып саналады. Самұрық-Қазынаның қарыз алу көлемін әлемнің жетекші компанияларының тәжірибесімен салыстыруға болады. Қор Қазақстандағы ірі жобаларды іске асыру және отандық компанияларды дамыту үшін қарыздық қаржыландыруды белсенді түрде тартуда.

Қоғамды қызықтыратын тағы бір мәселе – Самұрық-Қазынаның мемлекетке төлемдері. 2022 жылы Қор ҚР Үкіметіне Жалғыз акционер ретінде шамамен 170 млрд теңге дивиденд төледі. Мират Өтепов атап өткендей, тағы да 141 млрд теңге басқа да бөлу түрінде Қазақстандағы түрлі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, 10 млрд теңге қайырымдылыққа жұмсалатын болады. Бұдан басқа «Самұрық-Қазына» жыл сайын ҚР бюджетіне 1 трлн теңгеден астам салық төлейді, Қазақстан бойынша Қор тобының 250 мың қызметкерінің жалақысын көтереді, сондай-ақ бүкіл ел бойынша портфельдік компанияларға инвестиция салады. «Самұрық-Қазына» жұмсайтын барлық ақша Қазақстанда қалады, біздің экономикамызды дамытуға және азаматтарды қолдауға жұмсалады», – деп түйіндеді Мират Өтепов.

Сонымен қатар ол американдық S&P агенттігінің «Самұрық-Қазына» кредиттік рейтингінің өзгеруіне, сондай-ақ соңғы уақыттағы ірі мәмілелерге: KMG Kashagan B.V. акцияларын «ҚазМұнайГазға» беруге, «Қазақстан Темір Жолы» еурооблигацияларын қайта қаржыландыруға, алдағы «ҚазМұнайГаз» IPO-сына түсініктеме берді.

Мират Өтепов журналистерді қызықтыратын басқа да сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, ол 2022 жылдың көктемінен бастап «Самұрық-Қазына» белгісіздік пен санкциялық тәуекелдерге байланысты рубльмен жаңа қаржыландыруды тартпайтынын мәлімдеді. Ұлттық валюта – теңгеге басымдық беріледі. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» тобының компаниялары рубльмен қарыз алу көлемі шамалы болған, сондықтан рубль бағамының ауытқуы Қор тобының бизнес-көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер еткен жоқ.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: