Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Жиында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қордың биылғы тоғыз айдағы қызметінің қорытындысы және негізгі стратегиялық мақсаттары мен даму басымдықтары туралы баяндама жасады.
Отырысқа қатысушылар «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының 2022-2031 жылдарға арналған даму стратегиясын мақұлдады. Аталған құжатта Қазақстан экономикасының нақты секторында инфрақұрылымдық, экспортқа бағдарланған және импортты алмастыратын жобаларды іске асыруда инвестицияны ұлғайту қарастырылған.
Сондай-ақ Кеңес мүшелеріне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының төмен көміртекті дамуға көшу жөніндегі тұжырымдамалық тәсілдері таныстырылды. Осы тұрғыда энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік арасында теңгерімді сақтау қажеттігі айтылды.
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы ұсынған 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаттарын қолдайтынын білдірді.
Сонымен қатар Елбасы энергия жеткізу тізбегінің беріктігін нығайтып, жергілікті үлесті арттырудың, экономиканы әртараптандырудың, соның ішінде заманауи өндіріс қалыптастыру арқылы ішкі нарықты тауармен қамту мен экспорт үлесін ұлғайтудың маңызы зор екеніне тоқталды.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының шетелдік озық тәуелсіз әл-ауқат қорларымен ынтымақтастығы мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл орайда Елбасы Біріккен Араб Әмірліктерімен арадағы қарым-қатынас жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, олардың бірегей тәжірибесі мен инвестициялық мүмкіндігі Қазақстан экономикасын жаңғырту жолында аса маңызды екенін атап өтті.
«Халықаралық әріптестік аясында күш-жігер жұмылдыру «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры межелеген жаңғыруды жеделдетіп, экономиканы тиімді әртараптандыруға септігін тигізеді. Осылайша жаңа даму стратегиясындағы мақсаттарды іске асыру Қордың негізгі міндеті ретінде қарастырылып отыр», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Отырыс барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басшыларының қазіргі ахуал мен таяу жылдардағы даму болжамы туралы есебі тыңдалды.