Главная Новости «Самұрық-Қазына» отандық өндіріске қандай қолдау көрсетті?
16 тамыз 2024, 09:24 760

«Самұрық-Қазына» отандық өндіріске қандай қолдау көрсетті?

«Самұрық-Қазына» отандық өндіріске қандай қолдау көрсетті?

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жақында ғана өткен Үкімет отырысында қордың сатып алу жүйесі арқылы отандық кәсіпорындарға жасалып отырған қолдау шаралары туралы жан-жақты баяндады.

Жалпы, қорда отандық та­уар өндірушілерді қолдау үшін бір­қатар жұмыс қолға алынған. Мә­селен, биылғы сәуір айында отандық тауар өндірушілерді қол­дау шараларының жаңа пакеті қабыл­данған.

– Біз компания басшылары үшін елішілік құндылық пен жасалған офтейк-келісімшарттардың үлесі бойынша KPI белгіледік. Сондай-ақ жеткізушілерге отандық өнім­дер­ді тұтыну үлесін сақтау бойынша мониторинг жүргізіледі. Бұған қоса жаңа өндірістерді құру бағдарламасына өзгерістер енгіздік. Дәлірек айтқанда, бұл қазақстандық нарықта қандай да бір өнімнің тапшылығы болған жағдайда 20 жылға офтейк-келісім­шарттар мен инвестицияға айырбас ретінде келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді, – деді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.

Қазіргі кезде қорда отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында 15-тен аса іс-шара қолға алынған. 

Төрағаның айтуынша, жаңа өндірістерді ашу бағдарламасына сәйкес биылғы қаңтар-шілде айларында жалпы құны 107 млрд теңге болатын 155 офтейк-ке­лісім­шарт жасалған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7,5 есеге көп. Бұған қоса 182 млрд теңгеге 24 жоба әлі де қаралып жатыр екен. Осы айдың соңына дейін бұл жобалар бойынша нақты шешім қабылданады.

Нұрлан Жақыпов биыл бірқатар жоғары технологиялық өндіріс мақұлданғанын айтты. Атап айтқанда, Түркістан облысында қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу, автоматтандырылған ақпараттық-өлшеу жүйесі арқылы электр энергия­сын есептеу, газ айдау агрегатын, газ турбиналы қон­дыр­ғы­лар жинағын өндіру секілді өндіріс орындары бар.

Сонымен қатар қор тарапынан еңбекақы деңгейін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да міндеттемелер жүктелген.

Отандық өндірушілерден тауар сатып алу үлесін арттыру бағытында жыл басынан бері құны 689,5 млрд теңгені құрайтын шарттар жасалды. Оның ішінде 396 млрд теңгенің 66 ұзақ мерзімді шарты бар. Осы­лай­ша, өткен жылмен салыс­тыр­ғанда отан­дық өндіру­ші­лер­ден сатып алу көлемі 72%-ға артып отыр.

Сонымен қатар Н.Жақыпов Президенттің экономиканы ырық­тан­дыру туралы Жарлығына сәйкес жоспарланып отырған қордың сатып алу тәртібіне енгізілетін өзгерістерге тоқталып өтті. Бұл өзгерістер сатып алу процесінің ашықтығын арттыруды және сатып алуға сенімсіз жеткізушілердің қатысуына жол бермеуді көздейді. Яғни өзгертулер сатып алудың барлық кезеңін, атап айтқанда, сатып алуды жос­парлау, жариялау және шартты орындауға дейінгі аралықтарды түгел қамтиды. Мәсе­лен, бәсекеге қабілетсіз сатып алу­дың үлесін азайту. Күнделікті немесе апта сайынғы қажеттілікке қарай туындайтын бір көзден алу тәсіліндегі сатып алуды шектеулі қатысушылар арасында баға ұсы­ныстарын сұрату арқылы сатып алу әдісіне ауыстыру ұсынылды.

Сондай-ақ бәсекелесті сатып алуды арттыру көзделген. Бұл кезекте сатып алу көлемінің ұлғаюына байланысты шарт құнын ұлғайту мүмкіндігіне шектеулер енгізу ұсынылды. Өзгерістер демпингке қарсы шараларды жетілдіру, сенімсіз жеткізушілерді сатып алу процесінен аластату мәселелерін де қамтыды. Айналып келгенде, бұл шаралардың барлығы отандық тауар өндірушілерге көп демеу болып, ел үлесін арттыруға септеседі. 

"Егемен Қазақстан" басылымынан

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: