Главная Новости Сушы Жанқұл
11 маусым 2020, 08:33 2851

Сушы Жанқұл

Сушы Жанқұл

Мұнай деген сөзді естісек, әдетте, оны мұнай өндіру операторлары мен толассыз жұмыс жасап тұрған ұңғылармен байланыстыратынымыз жасырын емес. Есіңізде ме, бала кезімізде оқыған көне Шығыс мифологиясындағы он, жиырма қолы бар кейіпкерлер – төрт қолды Шива құдайы, 20 қолды, жеті басты сан бейнелер боп жалғаса беруші еді ғой... Мұнай өндіріп жатқан алып кәсіпорын да осы іспеттес әсер қалдырады, кейде. Өндірістің суығына тоңып, ыстығына күйіп, мұнай игеруде жанкештілік танытып жүрген өндірістің білікті мамандары – геолог, механик, энергетик, такелажшы, дәнекерлеуші, ұста, слесарь, аспаз, дәрігер, есеп-қисап мамандары, тіпті біз сияқты тілшілерге дейін - мұнай сахнасының сыртындағы осы жандардың барлығының үндескен қимылы алапат күшке айналып, «Маңғыстаумұнайгаз» деген алып кемені алға жылжытып келеді.

Осы кеменің ішіндегі бар қайрат-күшін аямай ел игілігіне жұмсап келе жатқан қарапайым жандардың бірі - Жанқұл Балықбайұлы Мұсабаев. Ол «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, ТСДЦ, 4-дәрежелі химиялық-су тазалау аппаратшысы қызметін атқарады.

Жанқұл Балықбайұлы 1957 жылы Тұщықұдық ауылында туған. Ұлы Отансоғысына қатысқан Мұсабаев Балықбай ардагердің ұлы. Әкесі сұрапыл соғысты өз көзі­мен көріп, қан майданнан аман-сау оралып, совхоздың маңдайалды шопаны болды. Сол еңбегімен алыс-жақынға әйгіленіп, үздік деген атағы шықты. Қан майданды көзбен көріп келген әке, 9 баласын да темірдей тәртіппен тәрбиелеп, оқытты. Көпбалалы отбасы сол кезеңге тән барлық қиындықтардан бірге өтті. Барлығы да интернатта жатып білім алды. Әйгілі Шерхан Мұртазаның «Интернат нанындағыдай» жағдайлардың көпшілігі бастарынан өткен. Жанқұлдың пайымында, интернат балалары аз ғана тамақты қанағат етіп, белгілі бір тәртіпке бағынады, алыстағы ата-анасын, бауырларын сағынып жүріп, қасындағы жолдасымен бір құртты бөліп жеп, көпшіл, бауырмал болып ержетеді. Мұны өзі де өмір бойы сезінеп келеді.

Жанқұлдың мектеп бітіруі өңірдегі комсомол ұйымының бастама көтеріп, мектеп бітіретін жастарды қой шаруашылығын өркендетуге шақырған тұсына қатар келді. Бозбала Жанқұл комсомол жастар бригадасына алынып, жұмысқа тұрады. 1976 жылы Кеңес әскері қатарына алынғанша өзі құралпы құрбы-құрдастарымен қыр төсіндегі қызу еңбектің де белортасында болды. Отан алдындағы борышын Арқалық қаласында өтеген екі жылы жігіттікті, қайратты сынаған өмірінің бір белесі ретінде әлі күнге санасында жаңғырып тұр.

1979 жылы «Қызылқұм-Қияқты учаскесі» су айдайтын станция ашылуы мұнай кәсіпшілігіндегі елеулі оқиға болды. Әуелде Қаражанбас, Қаламқас кенорындарына су жіберу үшін құрылған бұл учаске, кейіннен толықтай Қаламқас кенорнын сумен қамтамасыз етуге көшеді. Кенже ұлдың болашағын ойлап, қам жеген әке жетелеп жүріп Жанқұлды сол жерге химиялық-су тазалау аппаратшысы етіп жұмысқа тұрғызады. Ол уақыттан бері де 40 жылға таяу уақыт өтті. Жұмыстағы жауапкершілікті сезініп еңбек ете жүріп, ел қатарлы жоғары оқу орнын бітірмесе де, біліктілік көтеру курстарына қатысып, сертификат, дипломдарын да түгендеп қойған жайы бар.

«Көзімді ашқалы көргенім – шаруаның жайы, мал бағу, оның жағдайын жасау болды. Солай жүріп, оқуға да мүмкіндік болмады, бірақ балаларымның несібесіне осы жұмысқа орналастым. Қазіргі міндетім - суға химиялық тазалау процесін жүргізу, су дайындау агрегаттары мен конденсатты тазалау аппараттарына қызмет көрсету және жұмысын реттеу, бақылау-өлшеу аспаптарының көрсеткіштерін қадағалау, конденсатқа, буға, қоректік және отын суына химиялық талдау жүргізу, жабдықтар мен коммуникациялардың жұмысындағы ақауларды анықтау және белгілеу. Қаламқастағы жатақханаларға да, асханаға да барлық мақсатқа жұмсалатын суды тазалау – маңызды шаруа деп білемін. Аз ғана уақытты артқа тастасам, зейнеткерліктің де ауылы алыс емес. Осынау жылдар ішінде Компания тарапынан тек қолдау көріп келеміз, бір баламды Алматы қаласында тегін оқытуға мүмкіндік берді. Барлығы да Тәуелсіздіктің, тыныштықтың арқасы. Ылайым, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын деген тілегім бар дейді» - Жанқұл ағамыз.

Әрине, қай салада болмасын жұмыстың тиянақты жүруі осындай еңбегі ерен, тірлігі адал Жанқұл ағамыздай азаматтардың арқасы. Кемедегінің жаны бір дейді көнеден келе жатқан ұлағат. «Маңғыстаумұнайгаз» сынды алыптың желкенін желге керіп келе жатқан бірлігі жарасқан төрт мың адамның арасында Жанқұл Балықбайұлының қажыр-қайраты барына – оның туған компанияда өтіп келе жатқан еңбек жолы, Компания тарапынан әр жылдары ие болған түрлі марапаттары куә!

Арайлым Ақшаева

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: