Главная Новости Сұлтан Қалиев: Бірегей және пәрменді салалық кәсіподақ бірлестігін құра білдік
01 ақпан 2021, 09:46 2371

Сұлтан Қалиев: Бірегей және пәрменді салалық кәсіподақ бірлестігін құра білдік

Сұлтан Қалиев: Бірегей және пәрменді салалық кәсіподақ бірлестігін құра білдік

«Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиевпен сұхбат.

Сұлтан Есімұлы, салалық кәсіподақ құрылған жеті жылдан астам уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды?

Ең бастысы, біз салалық кәсіподақты Қазақстанның мұнайгаз, мұнайөңдеу және мұнайгазхимия салаларында әлеуметтік әріптестіктің толыққанды қатысушысы ретінде қалыптастырдық. Оның құрамында 9 облыстық және қалалық филиалдар, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобындағы кәсіпорындардың және жалпы 40 мыңнан астам жұмысшысы бар мұнайгаз кешенінің 44 жергілікті кәсіподағы жұмыс істейді. Салалық кәсіподақ қызметі және оның ұйымдастырушылық құрылымы үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база жасалды.

Әрине, мұндай міндет жоғарыдан келген нұсқаумен шешілмейді. Бірақ, соңғы кездері еңбек қатынастарын либеризациялау, ғаламдық дағдарыс жағдайында жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты проблемалар және әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайту алдыңғы орынға шықты. Барлық деңгейдегі кәсіподақтарды, бастауыш ұйымдардан бастап жергілікті кәсіподаққа және салалық кәсіподаққа дейін біріктіруді қамтамасыз етпесек, оларды шешу өте қиын. Бүгінгі таңда салалық кәсіподақтың мүше ұйымдары – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» ЖШС, «Қазгермұнай» БК» ЖШС және еліміздің басқа да жетекші мұнайгаз кәсіпорындарының жергілікті кәсіподақтары. Біз басты мақсатымызға жете алдық деп ойлаймын. Өйткені, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғауға қабілетті бірегей және пәрменді кәсіподақ бірлестігін құра білдік.

Сұлтан Қалиев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қаламқас кенішінің мұнайшыларымен біргеСұлтан Қалиев «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Қаламқас кенішінің мұнайшыларымен бірге

Белгілі бір жердегі жағдайды білмей, жұмысшының құқығын қорғау қиын болатынына келісесіз ғой. Осы орайда кәсіподақ қалай жұмыс істейді?

Нақты жағдаймен танысу және зерттеу мақсатында салалық кәсіподақ басшылығы мен атқару комитетінің мүшелері нақты жағдайды білу және проблемаларды анықтау үшін мұнай өндіретін компаниялардың кеніштеріне барып, мұнайшылармен кездесулер өткізіп тұрады. Осылайша, салалық кәсіподақ қозғалысын жаңарту, адам капиталы индексін және әлеуметтік серіктестікті дамыту, әлеуметтік диалог пен ұжымдық келіссөздерді кеңейту, әлеуметтік серіктестік пен ұжымдық шарттық қатынастарды нығайтудағы бастауыш ұйымдарының рөлін арттыру, қауіпсіздік пен денсаулық жағдайын жақсарту, тұрақтылықты сақтаудың өзекті мәселелері компаниялардың өндірістік бөлімшелерінің ұжымдарында, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстық филиалдарының кәсіподақ белсенділері жиналыстарында талқыланды.

Кәсіподақ комитеттерінің оң тәжірибесін зерделеу, жалпылау және тарату мақсатында жергілікті кәсіподақтардың әлеуметтік серіктестік пен ұжымдық келіссөздерді дамыту, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындары қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы есептерін тыңдау тәжірибесі енгізілді. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Мұнай өңдеуші» (PNHZ), «ҚазТрансОйл» АҚ оңтүстік-шығыс құрылымдық бөлімшелері, «ҚазТрансГаз» АҚ кәсіподақтарының оң тәжірибесі, еңбекақыны индекстеу, тарифтік мөлшерлемелер мен лауазымдық жалақылар мөлшерін ұлғайту, артық жұмыс істегені үшін және мереке мен демалыс күндеріндегі жұмыс үшін ақы төлеу, тәлімгерлік және топ басшылығы үшін қосымша төлемдер, ақысыз ыстық тамақ, қосымша демалыс, жұмыс орындарының сақталуы сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша ұжымдық шарттың талаптарын жетілдіру жөніндегі жақсы жұмыстары аталып өтті.

Кәсіподақтардың жетекшілерімен, сайланбалы органдардың мүшелерімен және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының кәсіпорындарының цехтық комитеттерімен кездесулерде еншілес ұйымдардағы қазіргі жағдай және кәсіподақ қызметін одан әрі жаңғырту мен әлеуметтік серіктестікті нығайтудың өзекті мәселелері талқыланады.

Мысалы, өткен жылы жетекші мұнайгаз компаниялары – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» компанияларында ұжымдық келісімшартқа қол қойылды. «Caspi bitum» БК және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ жергілікті кәсіподақтары Kazmunaygazprof қолдауымен көптеген негізгі көрсеткіштер бойынша ұжымдық келісім шарттарын жақсартты. Мысалы, материалдық көмек құнын көтеру, жұмысшылардың және олардың отбасыларының денсаулығын жақсарту, тәлімгерлік және топтық көшбасшылық үшін қосымша төлемдер енгізу, жұмысшыларға ақысыз ыстық тамақ беру енгізілді. «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 2019-2021 жылдарға арналған ұжымдық келісімі республикадағы ең үздіктердің бірі болып танылды және компания 2018 жылдың соңында «Парыз» сыйлығының «Үздік ұжымдық келісім» номинациясы бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында жеңімпаз атанды. Жалпы, Kazmunaygazprof-қа мүше ұйымдарда ұжымдық шарттардың қамтылуы 90 пайыздан асады. Kazmunaygazprof жағдайды тұрақты бақылауды жүзеге асырады, ұжымдық шарттар мен салалық келісім шарттарының орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады. Серіктестердің жұмыс берушілермен сындарлы өзара іс-қимылының арқасында еңбек жанжалдары мен жалақының уақытылы төленбеуі жағдайларына жол берілген жоқ.

Әлеуметтік серіктестікті одан әрі дамытуға басымдық бере отырып, Kazmunaygazprof алғаш рет шетелдік және қазақстандық сарапшылардың, еңбек құқығы, әлеуметтік және еңбек саласындағы мамандар мен ғалымдардың қатысуымен «Мұнайгаз саласы ұйымдарындағы әлеуметтік серіктестіктегі кәсіподақтардың рөлі: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.

Біз маңызды нормативтік құжаттарды жасауға белсенді түрде қатысамыз. Мәселен, ҚР жаңа Еңбек кодексін жүзеге асыру барысында салалық кәсіподақ тарапынан еңбекті қорғау және қауіпсіздікті сақтау бойынша өндірістік кеңестер туралы, еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлар туралы типтік ережелер жасалды, өндірістік құрылымдарды ұйымдастыруға және техникалық инспекторларды бекітуге қолғабыс тигіздік, олардың жұмыс тәжірибелері жинақталып, үйретілді.

Сұлтан Қалиев Павлодар мұнай-химия зауытының кәсіподақ белсенділеріменСұлтан Қалиев Павлодар мұнай-химия зауытының кәсіподақ белсенділерімен

Мұнайгаз кешенінде кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасында бірегей салалық келісімшартқа қол қою тәжірибесі бар. Бұл қаншалықты өміршең құжат? Жұмысшылардың мүддесіне жауап бере ала ма? Мұқият жасалған ба?

Салалық келісімшарт жобасы тұңғыш рет Салалық кәсіподақта еңбек құқығы жөніндегі мамандар мен сарапшылар қатысуы арқылы талқыға салынды. Жаңа салалық келісімшарттың негізгі көрсеткіштері бойынша жалпыға бірдей ұстаным жасау, негізгі ережелерді түсіндіру мақсатындағы семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, кәсіподақ белсенділерінің жиналыстары Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл облыстық филиалдарында, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өткізілді.

Салалық келісімшартқа қауіпті және зиянды жерлерде еңбек ететін жұмысшылардың еңбекақыларына, кәсіподақтар қызметінің кепілдігін кеңейтуге байланысты айтарлықтай толықтырулар енгізе алдық. Қазақстанның мұнайгаз кешені саласында алғаш рет еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру механизмі туралы арнайы тарау жасақталып, келісімге енгізілді. Осы мақсатта салалық кәсіподақтың жанында қоғамдық бақылау қызметі жұмыс істейді, ол туралы ереже бекітілген, жергілікті кәсіподақтар мен бастауыш ұйымдарда қызметтің өкілдері айқындалған.

Нарықтың қолайсыз конъюнктурасы, ғаламдық экономикалық дағдарыс еңбек ұжымдарының ішкі әлеуметтік сана-сезімдеріне әсер етпей қоймайды. Еңбек қайшылықтарын үйлестірудегі салалық кәсіподақтың ролі қандай?

Ең алдымен, әлеуметтік кикілжіңдер еңбек ұжымдары мен әкімшіліктер арасындағы ашық текетіреске айналмауы үшін күш саламыз. Салалық кәсіподақ мезгіл-мезгіл әлеуметтік келіспеушіліктер мен еңбек қайшылықтарын тудыратын тәуекелдерге мониторинг жасап отырады. Атап айтқанда, біз кәсіпорындар басшылығының жұмысшыларға еңбекақы мен басқа да төлемдер төлеу мерзімінің бұзылуы туралы ақпаратқа дәл уақытында назар аударуын қадағалаймыз. Нақты мысал келтірейін: жұмыс берушілермен сауатты, дәлелді ұжымдық келісімдер жүргізіп, салалық кәсіподақпен ықпалдаса жұмыс істеу «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жергілікті кәсіподағына мыңдаған мүшесі бар ұжым мүддесін қорғап шығуға мүмкіндік берді.

Кәсіподақтың бірнеше мәрте араласуына қарамастан жұмыс беруші ұжымдық келісімшарт бойынша жұмысшылардың еңбекақысын көтеру туралы міндеттемесін орындаудан бас тартты. Тек салалық кәсіподақтың шетелдік жұмыс берушіге заң талаптарын түсіндіруі негізінде ММГ директорлар кеңесі жұмысшылардың тарифтік мөлшерлемелері мен лауазымдық жалақыларын көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл ұжымда қарсылық көрсету ахуалының тігісін жатқызды.

Салалық кәсіподақтың «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы басшылығымен болған еңбекақыны индексациялау, жұмыс орындарын сақтау жөніндегі келіссөздері де оңтайлы шешімін тапты. Сөйтіп, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдігін айтарлықтай жақсартқан ұжымдық келісімшартқа қол қоюға негіз болды. Салалық кәсіподақтың мүше ұйымдармен конструктивті әрекет етуі нәтижесінде бірде-бір еңбек қайшылығы, еңбекақыны уақытында төлемеу жағдайы болған жоқ. Бұл әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және алдын алу, ұжымдық еңбек қайшылықтары мен келіспеушіліктеріне жол бермеу жөніндегі мақсатты жұмыстардың кейбір аспектілері ғана.

«Мұнай-газ саласы ұйымдарындағы әлеуметтік серіктестіктегі кәсіподақтардың рөлі: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында«Мұнай-газ саласы ұйымдарындағы әлеуметтік серіктестіктегі кәсіподақтардың рөлі: теориясы мен практикасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында

Қандай да бір қайшылықтар екі тараптың құқықтық сауаттылығының жетіспеушілігінен туындап жатады. Салалық кәсіподақ мұндай проблеманы шешуге қалай қатысады?

Салалық кәсіподақ кадрларды оқыту тиімділігін арттыруға және келіссөз жүргізе білуді үйретуге, ұжымдық келісімшарт жасап, бекітуге, еңбек қатынастарын одан әрі либеризациялау жағдайындағы еңбек қайшылықтарын үйлестіруге барынша көңіл бөлетіні сөзсіз. Болып жатқан процестерге байланысты жаңа Кодекс нормаларын түсіндіру, келіссөздер жүргізу тәжірибесі мен ұжымдық келісімшартты дайындау, жаңа салалық келісімшарттарды талқылау семинар-тренингтердің негізгі тақырыптарына айналды.

Кәсіби біліктілігін арттыру және ұжымдық келісім жөнінде тәжірибе алмасу мақсатында филиалдар мен мүше ұйымдардың басшылығы Халықаралық еңбек ұйымдары мен ҚР Кәсіподақтары федерациясының өкілдері қатысқан «Ұжымдық келіссөздер – еңбек қайшылықтарын шешу құралы» атты халықаралық конференцияға, кәсіподақ қызметкерлері күніне арналған «Кәсіподақтар – тұрақтылық кепілі» атты облыстық форумға, Фридрих Эберт қоры ұйымдастырған «Кәсіпорын деңгейіндегі жұмыс беруші мен жұмысшы диалогы: жұмысшылар мен жұмыс берушілер өкілдері үшін еңбек қайшылығын шешу кезінде келісім комиссиясын және ымыраға келу процедурасын пайдалану» семинар-тренингіне қатысты.

Жалпы алғанда, қолға алынып отырған іс-шаралар еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалуға, ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мен болдырмауға, өндірістің тұрақты дамып нығая түсуіндегі кәсіподақтардың ролі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталуда.

Сұхбатты жүргізген Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

https://sknews.kz/storage/newspaper_item/1/4/3/2/1/601/1f2cb67ecacc3ed9.pdf

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: