Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Қазақстанда сұйытылған мұнай газын (СМГ) тұтыну тұрақты түрде өсіп барады: 2022 жылы тұтыну көлемі 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы 2,4 млн тоннаға дейін өскен. Болжам бойынша, 2025 жылы ол 2,6 млн тоннаға жетуі мүмкін.
Алайда, оның белгіленген шекті көтерме бағасы тоннасына 51 932 теңге болса, оның тоннасын өндіруге кететін нақты өзіндік құны 70-80 мың теңге. Нәтижесінде өндіруші зауыттар әр тоннадан 30 мың теңгеге дейін шығын көріп отыр, бұл өндірісті экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Қазіргі жағдайда кәсіпорындар өндіріс көлемін қысқартуға, сондай-ақ жоспарлы түрде жөндеу жүргізуден және жабдықты жаңартуға инвестиция салудан бас тартуға мәжбүр болып отыр. Бұл негізгі құралдардың тез тозуына, техникалық ақаулардың көбеюіне және соның салдарынан ішкі нарыққа жеткізілім сенімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады.
Сонымен қатар, газға деген сұраныс жылдам өсуде: елімізде 677 мың көлік газбен жүреді – бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Газ АИ-92 жанармайымен қатар пайдаланылады, бірақ оның жанармайдан айырмашылығы – бағасы мемлекет тарапынан қатаң реттеліп отырады. Олардың арасындағы бөлшек сауда бағасының айырмашылығы литріне шамамен 110 теңгені құрайды. Бағадағы мұндай алшақтық неғұрлым үлкен болған сайын, жанармайдан газға ауысу соғұрлым жылдам жүреді, бұл қазірдің өзінде шамамен 25%-ға жетіп тұрған тапшылықты одан сайын күшейте түседі, сөйтіп 2025 жылы 30-40%-дан асуы мүмкін.
Солай бола тұра, сұйытылған газ жай ғана көлік отыны ғана емес, оны басқа мақсатқа пайдаланудың мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Сондықтан да оны тек мотор отыны ретінде пайдаланып, жағудың орнына, бұл ресурсты мұнай-газ-химия өндірісіне бағыттау неғұрлым ұтымды екені анық. Бұл тәсіл жоғары қосымша құн алуға, бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға және бизнес үшін қосымша табыс көздерін ашуға мүмкіндік береді.
Осы факторлардың барлығы СМГ-ға белгіленген шекті бағаларды экономикалық тұрғыдан негізделген деңгейге дейін кезең-кезеңмен көтеру қажеттігін көрсетеді. Бұл аталмыш саланың техникалық жай-күйінің нашарлауын тоқтатуға, өндірісті ынталандыруға, инвестициялар тартуға және болашақта ұлттық экономиканың өсу бағдарының бірі ретінде мұнай-химияны дамытуға мүмкіндік береді.
Газ саласына қолдау көрсету мәселесі тек тарифтерді реттеумен ғана шектелмесе керек. Бұл жерде энергетикалық қауіпсіздік, технологиялық даму және ішкі нарықтың тұрақтылығы мәселесі де басты назарда болуы шарт.
Дереккөз: t.me/kazenergy