Главная Новости Талдықорғандағы «Көктал» шағын ауданына газ келді
10 ақпан 2022, 13:30 1926

Талдықорғандағы «Көктал» шағын ауданына газ келді

Талдықорғандағы «Көктал» шағын ауданына газ келді

Талдықорған қаласы «Көктал» шағын ауданына көгілдір отын берілді. Көкталдықтар бірнеше жыл күткен табиғи газға алғашқы болып 15 тұрғын үй қол жеткізді. Ақпан айының соңына дейін газға 600-дей абонентті қосу жоспарланған. Жалпы бұл шағын ауданда 1 700 абонент бар, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Газ құбырын тарту жобасы 2018 жылы басталып, іске асырылуы біразға созылған еді. Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкім Қанат Бозымбаев Талдықорған қаласын аралау барысында бұл мәселеге ерекше назар аударып, мердігер мекеме тарапынан жіберілген барлық кемшіліктерді түзеп, 2022 жылдың басында ауылға көгілдір отын беруді тапсырған болатын. Қабылданған шаралардан кейін газ құбырының беріктігі мен саңылаусыздығын тексеру жұмыстары аяқталып, елді мекенге көгілдір отын берілді.

«Бүгін көп күткен қуанышқа жеттік. Бұрын бір маусымда 10 тоннаға дейін көмір жағатынбыз. Үйді көмірмен жылыту бір жағынан шығынды болса, екінші жағынан көмір тасып, күл шығарудың азабы көп. Сол қиындықтан құтылып, тұрмыс тауқыметінің жеңілдегеніне қуанып отырмыз», – деді алғашқылардың бірі болып газдың игілігін көре бастаған көкталдық тұрғын Шакура Бекежанова.

Сол сияқты шағын аудан тұрғыны Оңалбай Жексембинов те қуанышын жасырмады:

«Ақпанның басынан үйімізге табиғи газ қосылды. Енді көмір жағып, пеш тазалап әуреленбейміз, отынымыз бір қысқа жете ме деп те уайымдамаймыз. Отбасымызбен түгел қуандық. Әсіресе, егде жастағы адамдар үшін бұл үлкен қуаныш».

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 8 мың тұрғыны бар «Көктал» шағын ауданына газ тарату жүйесі Талдықорған қаласын газдандырудың IV кезегі аясында салынған. Құбырдың ұзындығы 60,3 шақырым. Оның жобасы мен құрылысы бюджет есебінен жүргізіліп, 700 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Бүгінде Талдықорған қаласын газдандыру ісі толығымен аяқталды. Қалада 54,3 мың абоненттің табиғи газға қосылуға мүмкіндігі бар, қазіргі кезде соның 30 мыңға жуығы қосылған. 2022-2023 жылдары қала маңындағы «Ынтымақ», «Жастар-2» шағын аудандарына газ тарту жұмысы жүргізіледі.  

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: