Главная Новости «Таңдауыма өкінген емеспін». «Жетібаймұнайгаз» газбен кесушісі еңбек жолы туралы
05 мамыр 2021, 08:59 2080

«Таңдауыма өкінген емеспін». «Жетібаймұнайгаз» газбен кесушісі еңбек жолы туралы

«Таңдауыма өкінген емеспін». «Жетібаймұнайгаз» газбен кесушісі еңбек жолы туралы

«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 4-дәрежелі газбен кесушісі Әйкен Бұрқұлов - өз ісінің кәсіби шебері. Оның еңбек жолы – мақсатқа жетудің, жоғары кәсібиліктің және кәсіпке адалдықтың үлгісі. Осы кәсіптегі 40 жылға таяған тәжірибесі және шеберлігі өте күрделі апатты жағдайларда да сенімді қимылдауға мүмкіндік береді.

Еңбек жолы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-мен біте қайнасқан кейіпкеріміз кәсіпорында отыз жыл электргазбен дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Кейін газбен кесу ісіне ауысқан ол екі қызметтің бір-бірімен тығыз байланысты екенін алға тартты. Бір қарағанда, электродтан шығатын ұшқындарды көргенде жұмыс жасауда пәлендей қиын ештеңе жоқ сияқты болып көрінеді, бірақ дәнекерлеу ісі шыдамдылық пен табандылықты, қолдың дәлдігі мен икемділігін, физикалық тұрғыдан төзімділікті, түрлі металлдардың қасиетін, оларды кесу, пісіру, өңдеу технологияларын жақсы білуді талап ететінін ұмытпауымыз керек.

Әйкен Тіретханұлы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай кентінде 1965 жылы дүниеге келген. Әкесі Тіретхан ЖУТТ мекемесінде жүргізуші, анасы Тыныштық үй жаруасында бес бала тәрбиелеп өсірген қарапайым отбасы. «Мен туып-өскен шағын кентте мұнайшылар кәсіпорны орналасқан. Бала кезімде сол жерде жұмыс жасайтын көршілердің аяқтан нық тұрып жатқанын көріп, мұнай-газ саласында жұмыс жасауды армандадым», – деп Әйкен Тіретханұлы өзінің еңбек жолындағы алғашқы қадамымен бөлісті.

Әйкен Бұрқұлов Жетібай кентіндегі №3 орта мектепті 1982 жылы бітірісімен НГДУ мекемесіне оператордың көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Жастайынан ата-анаға қамқор болуды көздеп, табыс табуға құлшынған балаң жігіт сол жылы әскерге шақырту алады. Екі жыл Отан алдындағы борышын Ресейде өтеп келген ол НГДУ-дағы жұмысына қайта оралып, еңбек пен білімді қатар ұштастыра жүріп, электргазбен дәнекерлеуші мамандығын игеріп алады. Білек күшін талап ететін мамандықты жүрексінбей таңдаған Әйкен оның қиындығы мен қыр-сырын өндірісте жүріп меңгереді. Бірнеше жылда біліктілігін төртінші деңгейге көтерген әріптесіміз еңбектегі жетістіктері үшін Құрмет грамоталармен, төсбелгілермен марапатталған.

«Мамандықтың оңайы жоқ. Әрбір істің өз қиыншылығы бар. Мен ешқашан таңдауыма өкінген емеспін. Қайта мақтан тұтамын. Біздің жұмыс асқан жауапкершілікті талап етеді. Әріптестеріммен бірге мұнай құбырларын жөндеп, ақауларды жоямыз. Металл конструкцияларына, тұрба құбырларына түрлі деңгейдегі жұмыстар жүргіземіз. Ұжымымның ауызбіршілігі жоғары. Мұнда өз ісінің шеберлері көп. Тұрбаларды дәнекерлеу процессіне дайындау – ұжымдық жұмыс болғандықтан оған желілік құбыршылар, газбен кесушілер және электргазбен дәнекерлеушілер қатысады. Қателіктерге бой алдырмаудың маңызын түсіне отырып, ортақ нәтиже үшін жұмыла білу – басты міндет. Бізді біріктіретін де осы мақсат», – дейді ол.

Әйкен ағамыз бүгінде мамандығына әбден төселген. Дәнекерлеуді, газбен кесуді жастарға үйретіп жүрген еңбек адамының арманы асқақ. Маңдай термен тапқан несібесі бүтін бір отбасының еркін тұрмыс-тіршілігіне жеткілікті екенін айтады. Ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген берекелі шаңырақта бүгінде екі немере өсіп келеді.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: