Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Тау-кен Самұрық» ұлттық компаниясы «Discovery Ventures Kazakhstan» ЖШС қазақстандық юниорлық компаниясымен бірлесіп Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында геологиялық барлауды бастады, деп хабарлайды SKnews компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Геологиялық барлау жобасын іске асырудың болжамды мерзімі – 6 жыл, бірінші кезеңде барлық геологиялық барлауды қаржыландыруды «Discovery Ventures Kazakhstan» ЖШС қамтамасыз ететін болады. Келісімшарттық учаскелердің жалпы ауданы шамамен 1 500 шаршы километрді құрайды. Операторлық келісімде алтын, мыс, мырыш және ілеспе металдарды барлау қарастырылған.
«Қазір отандық минералдық-шикізат базасының ұдайы өндіріс қарқынының айтарлықтай төмендеуі өте маңызды мәселе болып отыр. Қазақстанда орта мерзімді келешекте жаңа кен орындарының болмауы тау-кен саласының құлдырауына әкелуі мүмкін. Тәуекелдің жоғары дәрежесіне қарамастан, біз геологиялық барлау жобаларына кіру туралы шешім қабылдадық. Бұл әлемдік үрдіс, көптеген ірі компаниялар қазір осы жолмен жүруде», – деді «Тау-кен Самұрық» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.
Компаниялардың деректері бойынша, бірінші жыл ішінде олар тарихи деректерді жинау және түсіндірумен, геофизикалық зерттеулермен және геологиялық карталаумен айналысатын болады. Лицензиялық аумақ бойынша ауқымды аэромагниттік түсірілім жүргізу жоспарлануда. Содан кейін геофизикалық зерттеулердің деректері кейінгі жылдарға қажетті геологиялық барлау жұмыстарының көлемін анықтау үшін жан-жақты талданады.
Естеріңізге сала кетейік, «Тау-кен Самұрық» АҚ юниорларды қолдау бағдарламасын жүзеге асыруда. Геологиялық барлауға бағдарланған юниорлық компанияларға «Тау-кен Самұрық» компаниясы бір терезе қағидаты бойынша жан-жақты жәрдем ұсынады. Мәселе тау-кен секторын дамытуды ынталандыру және минералдық-шикізат базасын молайту жөніндегі міндеттер шеңберінде қаржылық, сараптамалық, маркетингтік және мемлекеттік қолдау туралы болып отыр.