Главная Новости Еуропадағы қазақ жастары Тау-Кен Самұрық жаққа елеңдеп отыр
25 қаңтар 2019, 08:38 2508

Еуропадағы қазақ жастары Тау-Кен Самұрық жаққа елеңдеп отыр

Еуропадағы қазақ жастары Тау-Кен Самұрық жаққа елеңдеп отыр

Бүгінгі таңда шетелдегі қазақстандық ғалым жастар тобы еліміздегі кен орындарынан шығатын қалдықтарды қайта өңдеу мен сирек кездесетін, қымбат металл түрлерін алу мәселелерін зерттеуге кірісті.  Бұл ретте Ұлыбританиядағы Қазақстан РһD қауымдастығы "Самұрық-Қазына" қоры мен оның компаниялар тобына арнайы ұсыныспен шығып отыр.

Мақсат айқын, меже биік – халықаралық мол да жан-жақты білім қорын тиімді пайдалана отырып, отандық ғылым мен бизнестің ынтымағын жарастыру, елішілік компанияларға өзіндік өнім мен технологиялар жасауға көмектесу. Сәйкесінше кіріс көзі де көбейіп, өндіріске тыңнан инвестиция салынбақ.

Қуантатыны сол, тиісті бағдарлама Қор басшылығы тарапынан қолдау тауып, игілікті істі Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы үйлестіруде. Құзырлы жақтармен алғашқы кездесулер де өтіп үлгеріп, "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясымен ғылыми-тәжірибелік байланыс орнаған. Осы орайда өткен жылдың аяғында "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясының Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген мен Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы бас директорының орынбасары Сандуғаш Ескендірова Лондон қаласына барып, жастарға ерекше серпін беріп қайтқаны аян.

"Дублиндік докторант әріптестерім қымбат, сирек кездесетін металлдарды алудың оңтайлы әдістері мен компания табысын арттыратын қалдықтарды өңдеу технологиясын жақсы біледі және тиісті жобаға қызығушылық танытуда. Қазіргі уақытта әрі қарайғы талдауға қалдық қоймаларынан сынақ үлгілерін күтіп отырмыз.

Сондай-ақ, Орнықты даму мен инновация тақырыбындағы екінші ғылыми форум аясында, британдық сарапшылармен бірге металл түрлерін тиімді алу бойынша жаңа технолология баламалары мен бастамаларды қызу талқыламақ ниеттеміз. Түпкі мүдде – елге қызмет ету, болашақ сәтті бизнес-жобаларды дүниеге әкелу", - дейді Ұлыбританиядағы Қазақстан РһD қауымдастығының негізін қалаушы және президенті, Ливерпуль университеті химия факультетінің докторанты Әлия Сембаева.

Сондықтан, Әлияның айтуынша, өндірістік ұйымдар мен кәсіпкерлердің және ғылым мамандарының бірлескен жұмысының академиялық мәні төмен деген пікір жаңсақ.

"Ұлыбритания мен АҚШ және өзге де дамыған елдердің өнеркәсіптік және бизнес компанияларында университеттермен тізе қосқан райда жаңа нәрселер ойлап табумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтары (R&D) жұмыс істейді. Профессорлар мен ғылыми қызметкерлер, докторанттар нақты ұйымдардың қажеттіліктері үшін іргелі зерттеулер жүргізеді. Мұндай академиялық және бизнес салалардың жемісті қарым-қатынасы ғылым мен индустрияны, экономиканы ғана жандандырып қоймай, қоғамның әлеуметтік дамуына серпін сыйлайды", - дейді өзі әлемге әйгілі "Мишлен" компаниясына жаңа төзімді полимер материалын әзірлеудегі замандасымыз.

Сөз соңында, Әлия, ғалымдар да өз білгенін бизнес пен мемлекеттік мекемелер өкілдеріне жеткізе әрі туындысына сын көзбей қарай білу керектігін ескертеді. Ұлыбританияда қазақтың ізденімпаз жастар шоғырына, осындай жай ғана сынақ жасаумен шектелмей, гипотеза құруға, ықтимал нәтижені, оны қайда, кімнің кәдеге жаратуға болатынын, пайдасы неде екенін болжауға үйретуде екен.

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: