Главная Новости Темір жонған қандай екен?!
12 қараша 2019, 08:54 1824

Темір жонған қандай екен?!

Темір жонған қандай екен?!

Зауыт ішінде шаңқ-шұңқ, тарс-тұрс дыбыстардан құлақ тұнады. Ұшқын атқан станоктардың дауысынан мұнда біреудің айтқанын екінші адам естімейді. Цех толы жанның зейіні - алдарындағы істе.

Цехқа кіріп барғанда зырылдаған станоктарда темір тетіктерді жонып тұрған токарьлардың қатары бізге құдды сымға қатарласып қонған құстарды елестетті. Тіпті бір-бірінен аумай қалған бөлшектер де бір тәртіпке бағынған сарбаздардай қаз-қатар тізілген. Темірден түйін түйген токарларьдың саусақтарының қимылына көз ілеспейді. Қайнаған тірліктің ортасында тұрып, темір жонушылардың хас шебері атанған маманды көрсетуді сұрағанымызда, жол бастап барған цех механигі: "Сізге керегі осы жігіт болуы керек, есімі – Жолдасбай" деп таныстырды.

Жолдасбай Шапағатов 2006 жылдан бері "Қаламқасмұнайгаз" өндірістік басқармасына қарасты қолданыстағы жабдықтарды прокаттау-жөндеу цехында темір жонушы болып жұмыс істейді. Өндіріс басындағы құрылғылардың мүлтіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ететін арнайы қосалқы бөлшектер Жолдасбай сияқты мамандардың қолынан шығады.

"Біздің жұмыста нақтылық керек. Қолың сәл тайып кетсе, бөлшек жарамсыз. Сондықтан өзіме жүктелген сызбаны мұқият қарап шыққан соң ғана іске кірісемін", – дейді Жолдасбай аға.

Бар ғұмырын сүйікті ісіне арнаған Жолдасбай Жазымбайұлының дүниеге келген ауылы – Жетібай. Тоқсаныншы жылдары училищеге түскенде алғашында жанына жақын токарь мамандығына құжат тапсырғанымен, оператор болып шықты. Ол кез Маңғыстауда мұнайшылық кәсіптің тасы өрге домалап, дәуірлеп тұрған сәті.

Дегенмен, әлі есінде, студент кезде өндірістік-оқу комбинатындағы операторлық тәжірибе кезінде станоктан шиыршықталып жерге түсіп жататын темір жаңқаларға қызығып қарайтын-ды. Өмірдің сан тараулы соқпағы мұрты енді тебіндеген бала жігітті түптің түбінде жаны қалаған ісіне алып келді.

 "Механикалық цехты «өндірістің жүрегі» деп айтуға болады. Осы жерде барлық өндіріске керекті жабдықтардың бөлшектері жасалады. Өндірістің тоқтап қалмауына үздіксіз қызмет жасап жатқан темір жонушыларды "токарь" деп мақтанышпен айтамыз. Жолдасбай білікті маман, берілген тапсырмаларды уақытында және тез орындайды. Ұжымда өте сыйлы, тәлімгер ретінде жас әріптестерін үйретіп, мамандыққа баулып жүрген азамат", – дейді "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ қолданыстағы жабдықтарды прокаттау және жөндеу цехының механигі Сенбек Нұрбаев.

Жолдасбай аға отбасында өнегесі мол əке. Шаңырағында жөргегінен кісілік пен адамгершіліктің қағидаларына тəрбиеленген төрт бала ержетіп келеді.

Мақаламызға кейіпкер іздегенімізде ағаны ұсынған басшының "Жігіттің төресі" дегені бекер емес екенін сабырлы, сөзге сараң Жолдасбай Жазымбайұлымен кездесу барысында ұқтық. Бұл әулетте тектіліктің табы бар. Ол қоғам қайраткері, ақберен азамат Сайын Шапағатовты берген қара шаңырақтан тараған ұрпақтың бір бұтағы, жақсы ауылдың баласы. Сонау 1966-1971 жылдары "Жетібай" кенішіндегі "Маңғышлақнефть" бірлестігінде еңбек етіп, Жетібай мұнайын игеру тарихында 240 тонна "қара алтын" берген бригаданың жетекшісі Сайын Шапағатовтың өмір жолы қайраткерлікпен ұштасса, оның жолын қуған Жолдасбайдай азаматтың еңбек жолы да жемісті жалғасуда. Ақжарқын мінезімен ұжымда сыйлы.

Токарьлармен қатар жөндеуші-слесарьлер, дәнекерлеушілері бар 150-ден астам цех ұжымы бірліктің биік үлгісін көрсетіп келеді. Өнегелі ұжымға тек табыс тілейміз!

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: