Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Арыстық теміржолшылар үшін тамаша спорттық шарамен есте қалды. Шымкент магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Арыс белгі беру және байланыс дистанциясы техникалық бөлімінің техникалық инженері Абдулла Тайырұлының 60 жас мерейтойына арналған шағын футбол турниріне 5 команда қатысты.
Абдулла Тайырұлы 1989-1998 жылдары Отырар, Арыс, Ордабасы аудандарында электромонтер болып еңбек етті. Ал темір жолдағы еңбек жолын 35 жасында электромеханик, метролог болып бастады. 2007 жылы дистанцияда телім басшысы, 2009 жылы жөндеу және техникалық бөлім басшысы, 2012 жылдан техникалық бөлімнің жетекшісі, метрологиялық зертхананың бастығы сынды қызметтерді атқарды.
Электрлік желі мен физика ғылымымен жаны егіз Абдулла Тайырұлы ШЧ-38 Арыс белгі беру және байланыс дистанциясына келместен бұрын түрлі салада 4 мамандықта білім алыпты. «Жаныма жақыны осы метрология болды, осы жерде, темір жолда ғана өзімді тапқандай болдым, жұмысым жаныма жақын, өзіме қатты ұнайды» дейді кейіпкеріміз. Қазіргі таңда ізін басып келе жатқан метролог маман Кенжебек Күшікбаев пен 1-санаттағы инженер Дәурен Тұрысбеков өздерін Абдулла Тайырұлының шәкірттері санайды.
«Әр адам туған күнін әрқалай атап өткенді қалайды. Мен үшін маңыздысы туған отбасыма айналған ШЧ-38 ұжымымда осындай шара өткізу болды. Қаржыны тойға емес, салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа жұмсағанды жөн көрдім», – дейді метролог-инженер.
Жалпы футбол турниріне 5 команда қатысты. Жүлде қорына 300 000 теңге қарастырылып, 1-орынды «Электр орталығы», 2-орынды «Байланысшылар», 3-орынды «ШЧ-38» әкімшілігі командалары иеленді. Сонымен қатар «Үздік қақпашы», «Үздік футболшы», «Үздік төреші» номинацияларына да қаржылай ынталандыру сыйлығы мен арнайы Алғыс хаттар табысталды.
Жеңімпаздарды «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының төрайымы Нағима Салықбаева мен Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ төрағасы Ерлан Серперов арнайы құттықтап, марапаттады. Ал іс-шараға себепші мерейтой иесіне қазақы дәстүрмен шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.
Бүгінде теміржолшы Абдулла Тайырұлы мен жары Ләйлә екеуі ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Сабира Байзахова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"