Главная Новости Теміржолшылардан 2020 игілікті іс!
05 ақпан 2020, 13:49 1469

Теміржолшылардан 2020 игілікті іс!

Теміржолшылардан 2020 игілікті іс!

Теміржолшы қауым биыл елімізде жарияланған Еріктілер жылына байланысты 2020 шарапатты шараның басын қайыруға құлшынып отыр. Бұл мақсатта "Қазақстан темір жолы" компаниясының HR қызметі арнайы бағдарлама құрып, салада волонтерлік қозғалысты дамытуда.

Тың бастамалар қос рельс бойында еңбектеніп жатқан жастардың өз күшімен атқарылып, бойға корпоративтік құндылықтарды сіңіруге септігін тигізбек. Ал еріктілікке ұйытқы болатын бағыттарға келсек, негізінен ардагерлер мен зейнеткерлерден тұратын аға буынға қамқорлық, халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы саналатын көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасыларға жәрдем, балалар үйлеріне көңіл бөлу, қан тапсыру, қоршаған ортаны қорғау сынды ізгі қадамдар көзделген. Мәселен теміржолшылар қазір, қыстың көзі қырауда, әлеуметтік нысандар мен мұқтаж жандардың ауласын омбы қардан аршуға кірісіп кетті.

"Жыл тақырыбына қатысты бағдарламаны ҚТЖ ауқымында сhallenge сипатында жүзеге асырып, оның мәртебесін тұрақты негізде бақылап отырмақ ниеттеміз. Корпоративтік сайтта арнайы есептегішті іске қосамыз. Қолға алған шаруаның тындырымды жүруіне жастармен қатар ішкі дәріскер-оқытушылар, кәсіподақтар мен HR топтар жұмылатын болады", - дейді "ҚТЖ" ҰК" АҚ адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Ақмарал Байғабылова.

 Жалпы, шойынжолдағы жүк және жолаушы тасымалына ден қойған жандардың арасында өзгеге қол ұшын созу жақсы дәстүрге айналған. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында, астанада "Тілектер шыршасы" акциясы аясында теміржолшылар тәрбиесіндегі 13 "ерекше" балаға қиялындағы сыйлықтары табысталды.

"Жастар бастамаларының марафоны" қайырымдылық жобасының мақсаты сол, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз бөлігіне көмектесу мақсат етіледі. Осы жолы мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша назар аударуға тырыстық. Себебі қамкөңіл ата-ана бала емі мен күтіміне бар қаржысын сарқа жұмсайды да, өкінішке қарай бүлдіршіндерге бақытты шақтың әсерін толық сездіру жағы тапшы болып жатады", - деп әңгімелейді Ақмаралдың әріптесі Замир Серіков.

Сондықтан алып шырша қойылғанша жас теміржолшылар өздерімен бірге жұмыс істейтін адамдармен және олардың денсаулығында кілтипаны бар балаларымен сөйлесіп, не қалайтындықтарын білген. Нәтижесінде бірнеше өңірге бөлініп, қажетті сый-сияпатты сатып алған жастар Нұр-Сұлтандағы мерейтойлық форумға жиналды.

ҚТЖ бас ғимаратында орнатылған үлкен әдемі шыршаға ойыншықтардан тыс, шараның мәртебесі қонағы атанған балалардың суреттері мен хаттары ілінді. Хаттары оқылып, арманы бірден орындалған балғындардың қуанышында шек жоқ. Планшет пен спорт жабдығы, шахмат тақтасы, тіпті ҚР футбол құрамасының капитаны Бауыржан Исламханның жейдесі...

"Қарамағындағы қызметкерлердің ізгі ойларын демеп, аяқсыз қалдырмаған ҚТЖ басшылығына және белсенді жастардың өзіне алғыс айтамын. Балалардың бақыттан бал-бұл жайнаған жүзін көргенде біз де серпіліп сала бердік", - дейді кішкентай Анельдің анасы, ҚТЖ көпбейінді қызмет көрсету орталығының менеджері Үміт Күлпейісова.

Тәңірберген Арғын

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: