Главная Новости Айдар Оржанов, ҚКТФ Бас директоры: Біз бүгінде ашық теңіздерде де бәсекеге қабілеттіміз
01 қараша 2021, 09:01 1520

Айдар Оржанов, ҚКТФ Бас директоры: Біз бүгінде ашық теңіздерде де бәсекеге қабілеттіміз

 Айдар Оржанов, ҚКТФ Бас директоры: Біз бүгінде ашық теңіздерде де бәсекеге қабілеттіміз

Мұнай-газ саласы Қазақстанда теңіз кеме қатынасының дамуына жол ашты. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы құрылған уақытынан бастап теңіз тасымалы қызметін көрсететін ірі компаниялардың біріне айналды. Егер бастапқыда ҚТКФ жалға алынған кемелермен жұмыс істесе, қазір оның меншігінде ірі және орта көлемді танкерлер бар. Мұнай тасымалының көлемі жыл санап артып келеді. Өткен жылы мұнайды теңіз арқылы тасымалдау 60%-дан астам артса, биылғы бірінші жартыжылдықта ол 80%-ға көбейді.

Бүгінде компания тасымал, консалтинг, теңіз жұмыстарын қолдаудың барлық түрін көрсететін тұтас теңіз транспорт индустриясына ие. Ал бастысы, қазақстандық теңіз тасымалының жаңа маршруттарына жол салып келеді. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС Бас директоры Айдар Оржановтың сұхбаты негізінде отандық компанияның жетістіктері мен перспективасы туралы баяндаймыз.

КОМПАНИЯ ҚАНДАЙ ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТЕДІ?

«Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 1998 жылы желтоқсанда құрылған. Екі жылдан соң компания Каспий теңізі бойынша мұнай тасымалдау нарығына шығып, кейін ашық теңіздерде де жұмыс істей бастады. Ұлттық теңіз тасымалдаушысы мәртебесін компания 2011 жылы иеленді. Компания қызметінің басты мақсаты – республиканың ұлттық теңіз сауда флотын дамыту және отандық жүктердің халықаралық теңіз тасымалын өз күшімен ұйымдастыру  болып табылады.

Компания жүктің барлық түрін – шикі мұнай мен мұнай өнімдерін, контейнерлер мен жолаушыларды да тасымалдаумен айналысады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қолдауымен компания Каспий теңізі акваториясында және Қара мен Жерорта теңіздері бағыттары бойынша танкер тасымалы қызметін көрсетеді. Сонымен қатар, сервистік флот қызметін және мұнайдың апаттық төгілуін жоюды жүзеге асырады. Кемелерді жалға береді, теңіз брокері және өзге де қызмет түрлерін көрсетеді.

МҰНАЙ ТАСЫМАЛДАУ МҮМКІНДІГІ

Мұнай тасымалы – ҚТКФ қызметтерінің бастыларының бірі. Құрылған күнінен бастап компания 135 млн тонна мұнай тасымалдаса, оның ішінде Каспий теңізі арқылы 74 млн тоннадан астам, ал ашық теңіздер арқылы 60 млн тоннадан астам мұнай тасымалданды.

Бүгінде компанияның кемелерімен жыл сайынғы мұнай тасымалдау көлемі 10-11 млн тоннаны құрайды. Тасымал Aframax типті екі, және Caspianmax типті үш танкермен іске асырылады.

2019 жылдың соңынан бастап бүкіл әлемде экономикалық жағдайдың қиындауына қарамастан, ҚТКФ 2020 жыл мен 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған тасымал көрсеткіштерін айтарлықтай артығымен орындай алды.

Мәселен, өткен жылы компания 5,6 млн тонна мұнай тасымалдауды жоспарласа, шамамен 9 млн тонна мұнайды жеткізді. Яғни, жоспар 61% артығымен орындалды. Биылғы алғашқы алты айда компания 5 млн тонна мұнай тасымалдады, бұл жоспарлы 2,8 млн тоннадан 80% артық.

Каспий өңірінде компания өткен жылы 629 мың тонна мұнай тасымалдап, жоспарды 16% артық орындады. 2021 жылғы қаңтар – маусым аралығында Каспий теңізі арқылы 328 мың тонна мұнай тасымалданса, бұл да жоспардан 21% артық.

Компания мұнайды ашық теңіздер арқылы 2008 жылдан тасымалдай бастады. Бастапқыда фрахтты кемелермен жұмыс істесе, 2011 жылы Aframax типті екі танкер – «Алтай» мен «Алатау» сатып алынды. Олардың әрбірінің девдейті – 115 мың тонна. Аз уақыт ішінде компания өз мүмкіндіктерін танытып, халықаралық деңгейдегі клиенттердің сеніміне ие болды.

«Бүгінде біз ашық теңіздерде бәсекеге қабілеттіміз. Биылғы алты айда Қара және Жерорта теңіздері арқылы 4,8 млн тонна мұнай тасымалдап, жоспарды 186% етіп орындадық. Өткен жылы бұл теңіздер арқылы біз 8,4 млн тоннаға жуық мұнай тасымалдадық. Жоспар 166% артық орындалды. Мұндай көрсеткіштерге біз «KMG International» компаниясының мұнайын тасымалдау үшін фрахтты кемелерді тарту есебінен қол жеткіздік», – дейді ҚТКФ Бас директоры Айдар Оржанов.

2019 жылы Ақтау – Баку – Ақтау тұрақты фидерлік желісі ашылды. Ол Транскаспий халықаралық транспорт маршрутының бөлігі болып табылады. Бұл халықаралық қауымдастыққа компания 2018 жылы кірген болатын.

Алғашқы контейнерлер 2019 жылы 16 сәуірде тиелді. Ақтау портынан «Түркістан» құрғақ жүк кемесі аттанды. Бұл ретте маршрутты жолға қойып, клиенттердің сеніміне ие болып, олардан тапсырыс алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді. Айта кету керек, Қытайдан Түркияға, одан әрі Еуропаға бағыт алатын классикалық маршрут Үнді мұхиты, Суэц каналы, Жерорта теңізі арқылы өтеді және 40-45 күнге созылады. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдайтын кемелердің маршруты Қазақстан арқылы өтеді. Каспий теңізімен Әзербайжанға жетіп, одан әрі Грузия мен Түркияға барады. Бұл 10-12 күн ғана уақыт алады. Сәйкесінше, тасымал мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ал бұл клиент үшін аса маңызды.

Биылғы наурыздың басында «Барыс» кемесін контейнер тасымалдағыш етіп жаңғырту жұмыстары аяқталып, 7 наурыздан бастап кеме контейнерлік тасымалдың фидерлік желісінде пайдаланыла бастады. Қаңтар – маусым аралығында фидерлік желі бойынша компания 8 мыңнан астам контейнер тасымалдады.

Жүк тиеудің басым бөлігі Ақтау портына тиесілі. Бұл жерден 6,2 мыңнан астам контейнер тасымалданса, ол барлық көлемнің 77%-ын құрайды. Өткен жылы 12,5 мың контейнер тасымалдауда Ақтау портында жүк тиеу үлесі оның 8,5 мың контейнер немесе 68%-ды құрады.

Бұл желіде жұмыс істейтін «Барыс» кемесінің сыйымдылығы 20 футтық 350 контейнер немесе 40 футтық 175 контейнер.

Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша тасымалдың танымалдығына байланысты Транскаспий маршрутының қажеттілігі артып келеді. Сондықтан ҚТКФ компаниясында болашақта тұрақты фидерлік желі бойынша контейнерлік тасымалға деген сұраныс артатыны күтіліп отыр.

МАҚСАТ – ФЛОТТЫ КЕҢЕЙТУ

2001 жылы жүк тасымалдай бастағанда ҚТКФ кемелерді жалға алатын. Ал 2005 жылы компанияның иелігінде алғашқы «Астана» танкері болды. Бұл уақытта компания әлемдік үздік тәжірибелерді жинақтап, оларды кеме құрылысында және танкерді пайдалануға қолдануға дайын боп үлгерген.

Осы жылдан «Астана» танкері Каспий теңізінде мұнай тасымалдауды сәтті бастады. Кейін бұл тәжірибе ашық теңіздер арқылы тасымалда қолданылды.

«Бүгінде Каспийдің қазақстандық шельфін әзірлеу жүріп жатқанын ескере отырып, біз теңіз операцияларын, қолдау, болашақ кен орындары, оның ішінде Қашағанды қолдау үшін қосымша флот құрастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Айдар Оржанов.

Компания құрылғалы бері оның қуатты материалдық базасы қалыптасты. Бүгінде ҚТКФ флоты түрлі тип пен мақсаттағы жалпы тоннажы 340 мың тонна болатын 23 кемеден тұрады. Компанияның қазіргі мақсаты – ашық теңіздердегі флотты кеңейту. Өйткені, Қара және Жерорта теңізінде жұмыс істейтін дедвейті 115 мың тонна болатын екі Aframax танкері жеткіліксіз. Соған орай, қазірде компания кеме жалдауға мәжбүр.

2019 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ ҚТКФ компаниясына 4 құрғақ жүк кемесін ұзақмерзімді арендаға берген болатын. Биыл компания «ҚТЖ-дан» әрбірінің дедвейті 5 мың тонна болатын екі кемені сатып алып, оларды Каспий іші мен оның сыртында түрлі жүкті тасымалдауға қолданады. Қалған 2 құрғақ жүк кемесі ресейлік компанияға суббербоутқа берілген.

ҚАЗАҚСТАН – ТРАНЗИТТІК ДӘЛІЗ

Транскаспий халықаралық транспорт маршруты ашылғаннан бері Қытай мен Қазақстаннан Еуропаға және кері қарай тасымалданатын контейнерлердің көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Контейнерлердің уақытында жеткізілуі үшін екі фидерлік кеме жұмыс істейді. Жүкті ауыстырып тиейтін орындар мен теміржол станцияларын жаңғырту есебінен жүк айналымын арттыру перспективасы айқын көрінеді. Осылайша, «Достық» халықаралық шекара өткелінде жаңа контейнер терминалы салынды. Ол жүк айналымын арттыруға серпін береді. Сондай-ақ, 4 жаңа жүк ауыстырып тиеу терминалы салынып, қолданыстағы екеуі жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыстар Қазақстандағы транзиттік дәліздің сәттілігінің белгісі болып табылып, болашақта жүк айналымының артатынына сенімділік ұялатады.

Қазіргі таңда ТХТМ маршрутының бойында контейнерлерді бақылауға арналған электронды платформа әзірленіп жатыр. Бұл клиенттер мен маршрут қатысушыларына жүк тасымалын қадағалауға мүмкіндік береді.

«Ақтау порты мен «ҚТЖ-мен» бірге бүкіл Каспий бойынша контейнер тасымалын ұйымдастыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, Ақтаудан Түркменбашы мен Иранға жол салмақпыз. Ақтау – Баку – Түркменбашы – Ақтау бағытындағы мультимодалды үшбұрышын құру мүмкіндігін талқылаудамыз. Бұл ретте мүмкіндігінше көптеген географиялық нүктелерді қамтуға тырысамыз. Біз Каспий теңізінде контейнер тасымалы артатынын көріп отырмыз, сондықтан, тағы бір кемені контейнер тасымалдағыш етіп қайта құру жоспары бар», – дейді ҚТКФ Бас директоры Айдар Оржанов.

20 ЖЫЛДА – ОТЫЗДАН АСТАМ КЕМЕ

Компания келешекте ашық теңіздегі танкерлер санын арттыруды көздейді. Бұл үшін Aframax және Suezmax типті кем дегенде бір кеме сатып алып не құрастырып, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарына қызмет көрсететін флот салу қажет. Сондай-ақ, Қытай мен Қазақстаннан тасымалданатын контейнерлердің саны артуына байланысты контейнер тасымалдағыштарының санын да арттыру керек. Компания сонымен бірге паром тасымалын дамыту бойынша да жоспарлар құрып отыр.

Бұдан бөлек, компанияның даму стратегиясында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өзге де компанияларымен ашық теңізде мұнай тасымалдау, шельфті кен орындарына қызмет көрсету сынды бағыттарда әріптестікті кеңейту қарастырылған. Сондай-ақ, Теңізшевройл, NCOC және Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг секілді қазақстандық ірі мұнай-газ кен орындарының операторларымен әріптестік де дамытылады.

«2018 жылы ҚТКФ «ҚазМұнайГаздың» Қара теңіз арқылы экспортталатын барлық мұнайының бас тасымалдаушысы болып белгіленді. Бұл компанияға ұзақмерзімді жұмысты қамтамасыз етеді. Соның арқасында біз Aframax типті қосымша танкерлерді сатып алу арқылы ашық теңіздегі флотымызды арттыру мақсатын қойып отырмыз. Сондай-ақ, біз мұнай сервисі саласында да даму мүмкіндігін көріп отырмыз. Ол – шельфті үздіксіз қамту, мұнайдың апаттық төгілуін жою және жобалық жүктер мен дайын өнімді тасымалдау», – деп атап өтті Айдар Оржанов.

«Қазақтеңізкөліктранспорты» 20 жыл ішінде отыздан астам кеме құрастырды және сатып алды. Ақтау портындағы мұнай құю айлақтары жаңғыртылды. ҚТКФ баржаларымен тасымалданған тас жыныстарының арқасында Қашаған кен орнында қолдан жасалған аралдар пайда болды. Сәтті бұрғылау қондырғысы Құрық портынан Баку портына көшірілді. KPI мұнай-химия кешенін салуға қажетті жабдықтар тасымалданды. ТХТМ маршруты бойынша контейнерлерді тасымалдау үшін Ақтау – Баку фидерлік желісі құрылды.

«Бұл жобалардың бәрі теңіз логистикасының белсенді дамып келе жатқанын көрсетеді. Алайда одан әрі өркендеу үшін бірқатар мәселелерді шешу керек. Атап айтқанда, мұнайдың апатты төгілуін жоятын ұлттық флот құру керек. Төтенше жағдай кезінде оны жедел жоюдың мүмкіндігі болмауы Каспий өңірінің экологиясына үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Осыған байланысты ҚТКФ мұндай флоттың болуы – мемлекеттік маңызға ие мәселе деп біледі», – деді Айдар Оржанов.

«Қазақтеңізкөліктранспортының» алдында атқарылар жұмыс көп. Бастысы, мақсат айқын, даму стратегиясы дайын.

https://sknews.kz/storage/newspaper_item/1/4/3/2/1/628/513c3bc74a139645.pdf

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: