Главная Новости Тимур Жантикин: АЭС салуда ең алдымен қауіпсіздігі ескеріледі
07 шілде 2022, 10:42 1779

Тимур Жантикин: АЭС салуда ең алдымен қауіпсіздігі ескеріледі

Тимур Жантикин: АЭС салуда ең алдымен қауіпсіздігі ескеріледі

Қазақстанда атом электр станциясын салу қажеттігі туралы пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Сала мамандары мен сарапшылар экологиялық және экономикалық компоненттерді, жалпы алғанда, елде атом энергиясын пайдалану қажеттігін алға тартады. Егер жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданса, АЭС қандай болуы керек? Оған қандай талаптар қойылатыны және қандай тиімді нұсқалар қарастырылатыны туралы сұрақтарға «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин жауап берді.

Тимур Мифтахұлы, қазіргі таңда сарапшылар қауымдастығында Қазақстанда АЭС салу мәселесі белсенді талқыланып жатыр. Алайда, қоғам әлі де ел Үкіметінің қандай жобаны таңдайтынын және оған қандай талаптар қоятынын білмейді.

– Егер талаптар туралы нақты айтатын болсақ, біз нарықта бар 3 және 3+ буынды реакторларды қарастырамыз. Бұл – жоғары қауіпсіздік және дамыған экономикалық көрсеткіштер деген сөз. Бүгінгі таңда бізге Ресей, Қытай, Франция, АҚШ және Оңтүстік Корея компанияларынан ұсыныстар түсті, сондай-ақ олармен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

АЭС салу мәселесінде Қазақстан Үкіметі ең алдымен қауіпсіздік пен экономикалық параметрлерді ескереді, одан кейін маңызды шешімдер қабылданады.

Жоғары қауіпсіздік ұғымына не кіреді?

Бұл қандай да бір штаттан тыс жағдайлардың туындау тәуекелінің барынша азайтылған деңгейі. Атом энергетикасы белсенді дамып жатыр және қазіргі заманғы 3 және 3+ буын реакторлары екінші буын реакторларына қарағанда едәуір мықты. Мұны азаматтық авиацияның даму эволюциясымен де ұқсастыруға болады. Мысалы, кезінде алдымен шағын ұшақтар пайда болып, оларға қойылатын талап «тек ұшу еді», содан кейін үдемелі даму процесі жүрді, ұшақтар сенімдірек және үнемді бола бастады. Ал бүгінгі таңда біз үлкен де сенімді лайнерлерде қорықпай ұша алатын жағдайға жеттік.

Атом энергетикасының дамуы бұрын орын алған барлық жағдайларды ескереді. Шартты түрде даму кезеңдері бойынша реакторлар бірнеше ұрпаққа бөлінеді. Біріншісі: атом энергиясын электр генерациясы үшін пайдаланудың принципті мүмкіндігін көрсеткен АЭС реакторлары. Бірте-бірте реакторлар жетілдірілді. Алайда, бірнеше ірі апаттар болды. Еске салар болсақ, оның алғашқысы 1979 жылы Пенсильваниядағы Три-Майл-Айленд атом электр станциясындағы, екіншісі Чернобыль атом электр станциясындағы апат, ал соңғысы Фукусима-1 атом электр станциясында орын алды. Мұның барлығында екінші буынды реакторлар еді. Кейін әрбір апат сала мамандарымен пысықталды, жарылысқа әкелген жағдайдың жан-жақты салдары талқыланды, әрбір қадамы зерделенді, сондай-ақ егжей-тегжейлі зерттеу жасалды.

«Жағдайдың орын алуына конструктивті ерекшеліктер әсер етті ме, әлде адам факторы рөл атқарды ма?» деген сұрақ туындайды. Атом энергетикасы ашық және транспарентті, сондықтан біз бүгін апаттардың қалай және неге орын алғанын білеміз. Әрбір осындай терең талдаудың қорытындылары бойынша мынадай шаралар қабылданады: конструкциядағы қателер жойылады, нормативтік база мен мамандарға қойылатын талаптар қайта қаралады. Дегенмен, барлық болған ірі апаттар негізінен адам факторымен байланысты деп толығымен айта аламын.

Үшінші буын реакторлары бұл қателіктерді жоққа шығара ма?

– Қай сала бомасын ешқашан, еш нәрсені жоққа шығаруға болмайды. Кез-келген процесте және технологияда төтенше жағдайдың болу ықтималдығы қарастырылады. Бұл көлікке де, жалпы біздің күнделікті өмірімізге де қатысты. Технологияда бұл ықтималдық күрделі қондырғылардың жұмысын сипаттайтын тәжірибеде тексерілген формулалар бойынша есептеледі. Қазіргі заманғы реакторларда маманның қатысуынсыз реактор жұмысында қандай да бір іркілістер туындаған жағдайда қауіпсіздіктің пассивті элементтері деп аталатын техникалық шаралар қолданылады. Айтпақшы, Фукусиманың мысалында біз оның қалай жұмыс істейтінін көрдік – апатқа қарсы жүйелер қалыпты жұмыс істеді және реактордың өзі жойылды. Алайда бір күннен кейін ғимаратта жиналған сутегі жарылды. Ядролық апат болған жоқ.

Қазіргі заманғы 3 және 3+ буын станцияларында ауыр апаттың ықтималдығы жылына 10-7 ден кем, жетінші дәрежелі оқиға. Бұл 10 миллион жыл ішінде бір ғана апат болуы мүмкін дегенді білдіреді. Атом станциясының қауіпсіздік деңгейі авиациялық көлік сияқты қауіпсіздіктен әлдеқайда жоғары. Атом станциясында апаттың болғанынан гөрі, әуе ұшағында мың есе көп апатқа ұшырауыңыз мүмкін.

Мүлдем қауіпсіз ештеңе жоқ. Қазір көптеген адам жасыл энергетика көздері толығымен қауіпсіз деп айтады. Бірақ, шын мәнінде ЖЭК-те де қауіп бар. Мәселен, өрт немесе генератор пышақтарының ұшып кетуі. Егер қалдықтар туралы айтатын болсақ, онда да істен шыққан жел генераторлары мен күн батареяларын көму бойынша әлі де үлкен мәселе бар. Бұл күрделі материалдың осыншама мөлшерін қайда жіберуге болады? Мысалы, АҚШ-та қазір жұмыс істейтін «жел диірмендері»  бар, бірақ оларды кәдеге асырып болғаннан кейін не істеу керектігі әлі күнге дейін шешімін таппаған сұрақ.

– Жаңартылған энергия көздерінде – АЭС-тегідей қорқыныш жоқ қой?

Атом станцияларында да ұзақ уақыт бойы ерекше залал бола қойды деп айту қиын. Фукусима мысалынан көрдік. Чернобыльде ашық реактор болды. Ал үшінші буын заманауи станцияларында ыдырау өнімдерінің сыртқа шығуына мүмкіндік бермейтін күмбез бар. Егер реактор еріп, жарылып немесе тағы басқа жағдай болса, бәрі сол күмбездің астында қалады. Чернобыльдегідей радиоактивті қалдықтар ауаға тарамайды.

Бұл жағдайда радиациялық ауру жұқтыру мүмкіндігі толығымен жойыла ма?

Математика мен физика негіздері туралы ештеңе түсінбейтін адам ғана мұны мүмкін емес деп айтатын шығар. Қазіргі заманғы АЭС-те мұндай ықтималдық барынша азайтылған. Егер, мысалы, реакторды бір уақытта жарып, күмбезді бұзсаңыз, иә, радиация таралуы мүмкін. Бірақ, қалыпты өмірде бұл екіталай.

Әскери әрекеттерден бастап НЛО шабуылы сияқты кез-келген дүниені ойша құрастыруға болады.  Бірақ, атом энергиясын пайдалану туралы айтқанда, біз оны бейбіт мақсатта пайдалану туралы ғана айтамыз. Қазір, Украинадағы соғыс қимылдары жағдайында атом қауіптілігі туралы айтыла бастады. Соғыстың өзі өте ауыр зардаптарға әкеледі, оның да радиациялық әсері ауыр болуы мүмкін, бірақ негізгі фактор бұл емес. Қазіргі таңда қару-жарақтың көптеген түрлері, мысалы, термобарикалық зарядтар бар.

Жалпы адамдар ауыр жағдайды тек АЭС-тен болуы мүмкін деп ойлайды. Бірақ, басқа да қауіпті өндірістер бар ғой. Егер химиялық зауыттар жарылатын болса, ондағы қауіп ядролық апаттың салдарынан да ауыр болады.

– Неліктен үлкен станцияның құрылысын қарастырып жатырсыз? Қазір көптеген сарапшылар шағын модульдік реакторлардың перспективасы туралы айта бастады, оларды неге ойланып көрмеске?

– Қазір нарықта шағын модульді станциялар жоқ. Жалпы, шағын және орта қуатты реакторлар бар. Олар – General Electric және NUSCALE АҚШ-тың жаңа модульдік реакторлары. Біз ол нұсқаларды да қарастырып жатырмыз. Қазақстан үшін мұндай реакторлар өте жақсы нұсқа болар еді. Оларда жоғары сапа мен сенімділік және қауіпсіздік бірінші орында. Алайда, нарықта осы бағытта коммерциялық өнімдердің сериялық өндірісі әлі жоқ.

Шынында да, модульдік энергия блоктарының ерекше артықшылықтары бар. Мысалы, төмен қуатты реакторларға көп шығын қажет емес. Оларды кезең-кезеңімен салуға болады. Алғашқы екеуін іске қосыңыз, содан кейін үшінші-төртінші станция ақша таба бастайды. Бірақ, бұл – болашаққа арналған жоба. Елге жаңа технологияны енгізбес бұрын, оның жұмысының сенімділігіне көз жеткізу керек, басқаша айтқанда, оның прототипі қажет. Әзірге мұндай прототиптердің пайда болуының ең нақты мерзімі 2029 жылға қарай деп болжанып отыр.

– Үлкен АЭС салуға бірнеше жыл қажет екенін ескере отырып, осы технологияны өте қолайлы көріп отырсыз. Мүмкін жаңа технологияларды күткен дұрыс шығар?

Мүмкін. Біз бұл әзірлемелерді мұқият қадағалап отырмыз, олар біздің тарапымыздан үлкен қызығушылық тудырып отыр және перспективті. Бірақ, әзірге біз мұндай технология үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасай алмаймыз, өйткені бекітілген жұмыс құрылымы жоқ.

– Кадр мәселесі қалай шешіледі? Қазақстанда осы салада жұмыс істей алатын, АЭС-тің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін мамандардың саны жеткілікті ме?

– Бізде жыл сайын жетекші жоғары оқу орындарында, атап айтқанда, Ресейде – Мәскеу инженерлік-физикалық институты – МИФИ, Томск политехникалық университетінде тиісті мамандықтарды тәмамдайтын мамандарды қайтадан толықтыру жүріп жатыр. Бұл Кеңес Одағының атом энергетикасы үшін кадрлар даярлаған жоғары оқу орындары. Әзірге сала мамандары әртүрлі жерлерде жұмыс істейді, өйткені бізде жоба жоқ. Сондықтан, кадр жоқ деп айту қисынсыз, мамандар бар, бірақ жұмыс жоқ.

Сондай-ақ, арнайы дайындық бағдарламалары бар. Яғни, біз реактордың қандай да бір моделін таңдағанда немесе құрылысты бастағанда, операциялық персоналды даярлау қатар жүреді. Бұл келісімшарттың техникалық сипаттамасына кіреді. Кадрлар таңдалған реактор үшін, оның басқару жүйесі үшін оқытылады. Мысалы, маманның атом энергетикасы бойынша базалық білімі бар, бірақ персоналды осы реакторда жұмыс істеу үшін дәл дайындау қажет. Мұның бәрі станция құрылысының бағдарламасына кіреді, сондықтан қазір кадрларды дайындауда проблема жоқ және болашақта да болмайды деп айтуға болады.

Әңгімелескен Мирлан Сақтағанұлы

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: