Главная Новости Тоғыз бала тәрбиелеп отырған теміржолшылар әулеті
13 қыркүйек 2022, 16:15 788

Тоғыз бала тәрбиелеп отырған теміржолшылар әулеті

Тоғыз бала тәрбиелеп отырған теміржолшылар әулеті Фото: Александр Жабчук

Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Отбасы күні» аталып өтеді. Осы мерекеге орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрамында еңбек ететін тоғыз балалы ерлі-зайыпты теміржолшылар Талғат пен Жібек Ермағамбетовтер отбасына құрмет көрсетілді.

Теміржолшылардың орталық ғимаратында орналасқан музейді аралап, журналистерге сұхбат берген Талғат пен Жібек үш ұл, алты қыз тәрбиелеп отыр. Жарық дүниеге тоғыз бала әкелген Жібектің өзі қырықтан асса да, жас келіншектей құлпырып тұр, тал бойында бір мін жоқ, ақ жүзі әжімнен ада. Керісінше, әр бала көркем келбетіне одан сайын ажар сыйлап, жасарта түскен тәрізді.  

Отбасының тұңғышы 21 жастағы Еркеназдың бұл күнде өз отауы бөлек, екі сәбиі бар. 2018 жылы «Астана аруы» атанған, мамандығы дизайнер. Одан кейін үйелмелі-сүйелмелі үш ұл қатар өсіп келеді. Нұрсұлтан Түркияның Измир қаласындағы жоғары оқу орнына өз күшімен оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығы   бойынша білім алуда. Әділет Тұран колледжінде архитектор мамандығына оқып жатыр. Үшінші ұл Арсен 9-сынып оқушысы, футбол ойнайды. Одан кейін Нұрсая, Айзере, Майра, Бексана атты болашақ арулар өсіп келеді. Ал отбасының сүт кенжесі, еркетотай Ақкерім төрт жаста.  

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қазақ әйелінің протатипі сынды кейіпкеріміз бала туып, оны бағумен отырып қалмай, алған жоғары білімімен теміржолда тер төгіп жүр. Ұлттық компанияда жұмыс істеп жатқанына биыл 15 жыл. Қазір «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-де бухгалтер. Демалыс күндерін бала-шағаға арнап, үй тірлігімен айналысатын Жібектің өмірге еш өкпесі жоқ. Балаларының тәтті қылығы, шат күлкісі шаршағанын, өмірдің қымбатшылығы мен қиындықтарын ұмыттырып жіберетінін айтады. Оның үстіне, өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көріп, бірге бөлісуге серт берген адал жары – азаматының қолдауы да Жібектің жүзіне кірбің түсірген емес.  

Ал осындай үлкен де жарасымды жанұяның отағасы Талғат Ермағанбетов «ҚТЖ» ҰК» АҚ – Магистральдық желі дирекциясы филиалында заңгер болып жұмыс істейді. Теміржол саласында қызмет еткеніне 12 жыл.

«Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай атамыз бекер айтпаған шығар. Әр бала өмірге өз несібесімен келеді. Сондықтан көп балалы болудың қиындығынан қызығы мол. Қазір қымбатшылық заман екені рас. Бірақ,Үкімет тарапынан да көп балалы отбасыларына түрлі жеңілдіктер, азды-көп материалдық қолдаулар көрсетіліп жатыр ғой. Жақында Президент халыққа жолдауында балаларға арналған инвестициялық қор құрылып, ұлттық қордан әр балаға кәмелет жасқа толғанша ақша аударылып тұратынын айтты. Мұның бәрі Қазақстан халқы санының өсуіне, отбасы құндылығы артатынына сенім ұялатады. «ҚТЖ» компаниясында да Ұжымдық шарт шеңберінде көпбалалы отбасыларға қолдау-көмек бар. Теміржолда жұмыс істегеніміздің арқасында елордадағы «Saranda» тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтер алдық. Әрине, 25 жыл төлемақысын жүргіземіз. Бірақ өз баспанамыздың болғаны – көңілімізге медеу», – дейді көп балалы әке.  

Ынтымақ пен ауызбіршілік үстемдік еткен жанұяда жарасымды жұптың тәрбиесін алып өсіп келе жатқан балапандардың келешегі кемел боларына сеніммен қарайсың.  

Сұлугүл Бакесова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: