Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Азия мен Еуропаны байланыстыратын алтын көпір – Қазақстанның логистикалық әлеуеті әу бастан жоғары. Алайда соны толық пайдалана алмай отырған жайымыз бар. Енді, міне, әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты сол бір тамаша мүмкіндіктің игілігін көретін сәт туып тұр. Дағдарыстың бір аты – мүмкіндік деген, осы.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстанның логистикалық әлеуеті туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтып жүр. Алысқа бармай-ақ, жуырда ғана Астанада өткен «Орталық Азия – Ресей» саммитінде сөйлеген сөзін мысалға алуға болады.
«Географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан Орталық Азия ірі әлемдік нарықтарды байланыстырып отыр. Сондықтан қазіргі кезде күш-жігерімізді қолданыстағы және перспективалы көлік-транзиттік бағдарларды дамытуға жұмылдыру маңызды. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдің ішкі жалпы өнімінің 15 пайызға өсуін қамтамасыз ете алады. Дәстүрлі логистикалық тізбек үзілген жағдайда аймақтағы елдер көлік-транзит әлеуетін толыққанды пайдалануы қажет. Ол үшін инфрақұрылымды жаңғырту, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету, транзит үшін қолайлы орта қалыптастыру, интеграцияланған логистикалық цифрлық шешімдерді енгізу маңызды», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әсіресе Қазақстан Президенті қазір «орта дәліз» атанған Транскаспий халықаралық көлік бағыты жаңаша серпінмен дамып жатқанын тілге тиек етті.
«Әлеуеті мол саналатын «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін одан әрі дамытуға ерекше назар аудару қажет болуы мүмкін. Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жолды ашатын Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолының әлеуетін барынша пайдалануға болады. Сондықтан мен ресейлік серіктестердің осы бағытты белсенді пайдалануға деген қызығушылығын құптағым келеді. Біздің көлік магистральдарымыздан өзара пайда алу үшін инфрақұрылымды жаңғырту және транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыру мәселелерін ортақ күш-жігермен шешу қажет. Әріптестерді бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға шақырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Расында да, әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісе түскелі бері Президент атап өткен Транскаспий халықаралық көлік бағытына деген сұраныс өсті. «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімовтің мәліметінше, аталған бағыт бойынша жүк тасымалдау үш есе ұлғайған. Оның үстіне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын транзиттік-логистикалық корпорация етіп қайта құруды тапсырған болатын. Ол үшін Каспийде бірнеше ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру қажет. Түптеп келгенде, осының бәрі Қазақстанның логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге шығармақ.
Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, Президент белгілеген «Қазақстан темір жолының» стратегиялық пайымы Каспий өңірімен тікелей және тығыз байланысты. Өйткені Еуропа мен Азия елдері саудасының орнықты көлемі, теңіз тасымалдарының тұрақсыздығы және темір жол тасымалдарына деген сұраныс Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін арттырды.
«Геосаяси жағдайдың өзгеруі, дәстүрлі көлік-логистикалық тізбектердің үзілуі баламалы транзиттік маршруттарды дамыту және отандық өнімнің қауіпсіз әрі үздіксіз экспортын қамтамасыз ету қажеттілігін туындатты. Транзиттік тасымалдардың өсу қарқынын сақтап, экспорттық әлеуетті іске асыру үшін құзыреттерінің толық спектрі бар трансұлттық ауқымдағы логистикалық корпорацияны қалыптастыру қажеттілігі пісіп-жетілді. Трансформацияның негізгі идеясы – компанияның бизнес-моделін өзгерту. Онда барлық логистикалық функция шоғырландырылады әрі күшейтіледі. Сонымен қатар үздіксіз әрі қауіпсіз теміржол қызметтерін ұсынуға мән беріледі. Транзиттік бағыт ұлттық компания үшін маңызды болмақ», – дейді Талғат Демесінов.
Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша «Қазақстан темір жолы» кейінгі жолдары тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2021 жылы аталған бағыт бойынша темір жол контейнерлік транзиті 81,5 пайызға ұлғайған. 2022 жылдың 8 айында көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 3 пайызға өскен. Өйткені қазір санкция ықпалда тұрған барлық жүк ағыны дәл осы бағытқа ауысқан. Гайдар Әбдікерімовтің дерегінше, өткен жылмен салыстырғанда Транскаспий халықаралық көлік бағытының тасымалдау көлемі 2,7 есе өсіп, 970 мың тоннадан асқан. Салыстырар болсақ, былтыр бұл бағыт бойынша 580 мың тонна жүк тасымалданған.
«Өзгермелі логистика жағдайында Транскаспий халықаралық көлік бағыты үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ бұл Грузия, Түркия порттары бағытында және одан әрі еуропалық нарықтарға контейнерлік тасымалдардың өсу нүктелерінің бірі болып саналады. Маршрутта транзиттік және экспорттық қатынастардағы контейнерлік тасымалдарға жылдамдық, қауіпсіздік және бәсекеге қабілетті ставкалар қамтамасыз етіледі. Бағыт қарқынды дамып келеді және 2022 жылдың 8 айында тасымалдардың барлық түрі бойынша контейнерлердің жалпы өсуі 32 пайызды құрады. Маршрутты темір жол көлігін пайдаланатын қазақстандық экспорттаушылар пайдаланады. Олар – қара және түсті металдар, химиялық заттар, мұнай өнімдерін өндірушілер. 2022 жылдың 8 айында бағыт бойынша экспорттық тасымалдар 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 есе өсті», – дейді Гайдар Әбдікерімов.
Осы көктемде Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша серіктес елдер үкіметтік деңгейінде маршрутты дамыту бойынша бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылағаны есімізде. Бірлескен кәсіпорын өтпелі тариф құру және жүктерді декларациялау мәселелерін шешуге, сондай-ақ бірыңғай IT-құралдарды қолдануға және маршрутта транзиттік жүктерді шоғырландыруға мүмкіндік бермек. Гайдар Әбдікерімовтің айтуынша, бірлескен кәсіпорын құру жобасы әзірленіп жатыр, қатысушы тараптармен келісілуде. Енді өзара әрекеттесу форматы анықталады. Ең алдымен, концептуалды түрде тараптардың келісіміне қол жеткізу маңызды. Мұның бәрі толық шешілмейінше, бұл мәселе талқылауға шығарылмайды.
Осы айдың басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов Ақтау портында контейнерлік хаб салу жобасы 2025 жылға дейін іске асырылатынын хабарлады. Жобаның құны – 13,7 млрд теңге, құрылыс бюджеттен тыс қаражат есебінен салынбақ. Қытайдан Еуропаға келетін транзиттік жүктердің бір бөлігін Транскаспий халықаралық көлік бағытына қайта бағдарлау және Түрікменбашы – Ақтау – Қытай контейнерлік желісін дамыту көзделіп отыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде, 2025 жылға қарай контейнер ағынын 40 мың жиырма фунттық эквиваленттен 133 мың жиырма фунттық эквивалентке дейін өспек.
Еліміздің басқа өңірлерінде де инфрақұрылымды күшейту қажет. Бүгінде Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу және Достық – Мойынты учаскесін, Қытай – Еуропа транзиттік дәлізінің бір бөлігін жаңғырту жобасы пысықталуда. Президент мәлімдеген баламалы экспорттық бағыттардың қуатын арттыру мақсаты жаңа терминалдық және көлік қуаттарын салу сияқты міндеттерді де қамтиды. Сондай-ақ Қазақстан жеке паром флотын салуды жоспарлап отыр. Жаңа порт қуатымен бірге 10 кеме құрылысы қолға алынбақ. Бұл Каспий теңізіндегі Қазақстанның экспорттық әлеуетін ұлғайтпақ. Қазақстанның Каспийдегі жұмыс істеп тұрған сауда флотына төрт құрғақ жүк кіреді. Сондықтан негізгі тасымалдарды әзербайжандық оператор ASCO жүзеге асырады. Онда 54 кеме, оның ішінде 20 танкер, 18 паром және 15 әмбебап құрғақ жүк кемесі бар. Бүгінде теңіз көлігі саласы ерекше өзектілікке ие. Сондықтан жобаларды іске асыру теңіз порттары мен флоттың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның теміржол көлігі және инфрақұрылым операторы PTC Holding компаниясының басқарма төрағасы Тимур Қарабаевтың пікірінше, контейнерлік және мультимодальдық тасымалдарды дамыту елдің көлік саласын дамытудың негізгі трендіне айналуға тиіс.
«Қазіргі уақытта бүкіл әлемде контейнерлік тасымалдау жеткізудің ең танымал және сенімді түрі болып саналады. Оның халықаралық тасымалдау нарығындағы үлесі 90 пайызға жетеді. Қазақстанда контейнерлік тасымалдау көлемі жыл сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы бұл көрсеткіш 22 пайызға өсті. Алайда 2021 жылдың қорытындысы бойынша ел ішіндегі контейнерлік жеткізілімдердің немесе экспорттың үлесі 5,4 пайыздан аспады. Мамандардың пікірінше, контейнерлік және мультимодальды тасымалдарды дамыту қазақстандық кәсіпорындардың дамуына үлкен серпін береді. Бірақ саланың дамуын тежейтін факторлар бар. Бұл тариф мәселесі. Қазақстанда контейнерде бір тонна жүкті тасымалдау құны басқа елдерге қарағанда 2,5-3 есе жоғары», – деген болатын Тимур Қарабаев Алматыда өткен бесінші NEW SILK WAY халықаралық көліктік-логистикалық бизнес-форумында.
Оның айтуынша, мультимодальды және контейнерлік тасымалдарды дамыту үшін бірқатар шара қабылдау қажет және ең қажетті қадам жүктерді жеткізудің осы түріне тарифтерді төмендету болып саналады.
«Жақын көршілеріміздің тәжірибесі көрсеткендей, контейнерлік тасымалдарға жеңілдіктер беру, яғни тарифтерге деген ақылға қонымды көзқарас жүк тасымалы көлемінің күрт өсуіне мүмкіндік берді. Егер біз индустрияландыру жолымен жүріп, қазақстандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау туралы айтатын болсақ, онда көлік саласының өкілдері ретінде жүктерді жеткізудің ең көп нұсқаларын ұсына отырып, оларға көбірек мүмкіндік беруіміз керек. Бүгінгі таңда бізге қажет бірінші нәрсе – әмбебап паркке қатысты контейнерді тасымалдаудың әділ тарифін белгілеу. Қазіргі уақытта бір тонна жүкті тасымалдау құны екі жарым есе жоғары және бұл ең алдымен экспортқа бағытталған өндірушілер үшін кедергі болып саналады. Сондықтан жүктерді контейнерлермен жеткізу тарифтеріне 0,7 коэффициентін қолдана отырып, тарифтерді теңестіру керек. Назар аудару керек екінші нәрсе – мультимодальды тасымалдауды дамыту. Онда көліктің бірнеше түрімен тасымалданатын жүкке транзиттік тарифтер қолданылады әрі олар әлдеқайда жоғары», – дейді PTC Holding басшысы.
Фархат Қайратұлы
Дереккөз: «Егемен Қазақстан» басылымы