Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға 20% үлесі тиесілі) Теңіз кен орнындағы жаңа Үшінші буын зауытында шикі мұнай өндіруді бастап, Келешек кеңею жобасын жүзеге асыруда маңызды межеге қол жеткізді.
Үшінші буын зауыты жұмысының басталуы нәтижесінде алдағы айларда Теңіз кен орнындағы өндіру көлемі біртіндеп ұлғайып, жоспар бойынша жылына 12 млн тоннаға жетпек. Барлық өндiрiстiк нысан толық қуатына шыққаннан кейін мұнай өндірудің жалпы жылдық көлемі шамамен 40 млн тоннаны құрайды деп күтілуде, бұл Қазақстанға қосымша кірісті қамтамасыз етеді.
«ҚазМұнайГаз» өңірдегі ірі халықаралық жоба – Теңіз жобасы бойынша шетел компанияларымен орнаған жемісті ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Кен орынды дамытуға бағытталған инвестициялар жоба серіктестеріне де, жалпы елімізге айтарлықтай пайда әкеледі. Бүгінде ТШО – Қазақстанның мұнай-газ өндіретін ең ірі кәсіпорын, ол отандық мұнай-газ саласының дамуына зор үлес қосып келеді.
ТШО Келешек кеңею жобасын жүзеге асыру барысында халықаралық корпорациялармен серіктестік қарым-қатынас аясында технологияларын ұсынып, Атырау облысының инфрақұрылымын жаңғыртуға көмектесті. Бұл ауқымды жобаға қазақстандық компаниялар да жан-жақты қатысты. Келешек кеңею жобасы аясында «Теңізшевройл» жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға шамамен 19,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, отандық өндірушілермен 1 250-ден астам келісімшарт жасасты.
Келешек кеңею жобасы шеңберіндегі құрылыс жұмыстары қызған шақта шамамен 90 000 жұмыс орны ашылды. Жобаны жүзеге асыру барысында ТШО білікті ұлттық мамандарды даярлай отырып, елдегі кадр әлеуетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде бұл мамандар алған тәжірибелерін Қазақстанның өнеркәсіптік жобаларында да, халықаралық деңгейде де қолдана алады.