Главная Новости Түбектің төл перзенті – Оспан Еңсегенов
12 маусым 2019, 15:19 3484

Түбектің төл перзенті – Оспан Еңсегенов

Түбектің төл перзенті – Оспан Еңсегенов

«Қаламқас мұнайына – 40 жыл» айдары аясында алғашқы мұнай алғандардың қатарында, бүгінгі әңгіме, Оспан Еңсегенов есімді тұлға жайлы болып отыр.

Қаламқас мұнайын алғашқы игерушілердің бірі Оспан Еңсегенов – арғы ата-бабалары да, бергі әке-аналары да ешқайда көшпеген-қонбаған, осы Маңқыстаудың қасиетті Қаройында халық қатарлы ғұмыр кешіп, ел қатарлы еңбек еткен түбектің төл перзенті. Туған жері – Таушық.

1956 жылы 8 сәуірде жарық дүниенің жамалын көрді. 6 жасында әкесінің жұмыс бабымен Жетібай елдімекеніне көшіп келді. Әкесі Еңсегенов Ләтіп – халық аузында «Қырымқұлдан қырық би шыққан. Ең кішісінің өзі тоқтылы қойдың төрелігін айтқан» делінетін Бәйімбет Қырымқұл ауылының азаматы. Кезінде Таушықтағы жинақ банкінің бастығы болды. Артынан «Өндіріске көшем» деп, Жетібайға қоныс аударды. Бұл 1962 жыл, Жетібайда мұнай көзі ашылып жатқан кез. Ләтіп ақсақал осындағы мұнай мекемесінде жоспарлау бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Оспан сол жерде мектепке барды. Балалық балдәурені осы жерде өтті. 8-сыныпты бітіргеннен кейін әкесінің жұмысы «Маңғыстаумұнайгаздың» басқармасына ауысып, облыс орталығына көшіп келді. Онжылдықты Ақтаудан аяқтады. Анасы Айтбатырова Мақпал 16 жасынан еңбекке араласып, Таушықта жүргенде аудандық партия комитетінде хатшы болып қызмет еткен, кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында кассир болып жұмыс істеді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында 86 жасында дүниеден өтті. Оспанмен бірге туған қарындасы Қалжан – Шетпедегі Алшын Меңдалиев атындағы орта мектептің директоры.

Оспан 1974 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне түсіп, 1979 жылы бітіріп шықты. Бұл– Қаламқастың жаңадан игеріліп басталған кезі. Институтты бітірген бойда сол жылдың 10 қарашасы күні 5 жыл бірге оқыған жолдас жігіті марқұм Марат Жүсіпов екеуі бірден жолдамамен Қаламқасқа келді. Олар келгенде кен орнында бар болғаны он шақты ұңғы ғана бар екен. Әуелі Көшербай Әлібаевтың бригадасына мұнай өндіру операторы болып жұмысқа қабылданды. Алты айдан кейін ауысым шебері болды. Қаламқасқа бірінші вахтаға барған кезін Осекең былай деп жадында жаңғыртты:

«Ең алғашқы күні Жүсіпов Марат, Жұмағалиев Әли үшеуміз бір автобуспен бірге бардық. Ол кезде мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары атақты геолог ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы Шалабаев Саламат ағамыздың інісі Шалабаев Құсайын деген кісі еді. Ол кісі кесек турайтын, өте мәрт мінезді адам болатын. Кезінде Өзен кен орнында бұрғылау басқармасының бастығы болып жүргенінде күнде апат болып, сондай оқиғалар жиілеп кеткен соң бас инженер орынбасарларын жұмыстан шығаратын болғанда ол қателіктердің мұның қызметіне ешқандай тікелей қатысы болмаса да: «Қой, ол жігіттерге тиіспеңіз, әлі де өссін, көтерілсін. Одан да мен кетейін», - деп, өз еркімен арыз жазып, қызметтен кетіп қалған азаматтығын жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Сол Құсайын ағамыз Қаламқастағы жатақхананың комендантына звондап: «Мына жігіт – менің балам. Соған дұрыстау орын тауып берерсің», - деп тапсырған. Құсекең айтқасын, жан қала ма, обалы не керек, комендант зыр жүгіріп қызмет қылды. Сол күні бастықтар келмей қалған екен. Солардың орнына Марат екеумізді жатқызды. Жоғарыда тағы да үш орын бос екен. Бір мезгілде: «Інім, қасыңа тағы бір кісі қосайын ба?» - деп келіп тұр. «Мейлі, қоса беріңіз, маған бәрібір», – дедім мен. Сосын қасымызға Жұмағалиев Әли ағамызды әкеліп жатқызды. Ол коменданттың ауылдасы екен. Әлекең ол кезде әскерге барған, әскери шені бар, өмір көрген, өзі де тұлғалы, жасы 35-терден өтіп, қырыққа жақындап қалған, бізге қарағанда сақалау жігіт. Содан үшеуміздің әңгімеміз жарасып, түнімен әңгіме айтып, жақсы сөйлесіп кеттік. Кейін үшеумізге бір бөлмеден орын бұйырды. Әли ағамыз әскерден үйреніп келгені көп, қолынан келмейтіні жоқ, суретшілігі де бар, жазуды да әдемі жазады. Бізді – Марат екеумізді мұнай өндіруге жіберді де, оны ЦППН-ге – кешенді мұнайды дайындау және өткізу цехына бөлді.

Әлекең әскери адам ғой. Тазалық пен тәртіпті сүйетін. Ол уақытта 12 метрлік биік резервуардың төбесіне шығып, арнайы өлшеуіш аспапты салып, «20 см болды», «22 см болды» деп, екі сағат сайын майдың мөлшерін өлшеп тұрады ғой. 10 см-дей түсіп кетсе, «Ойбай, мұнай келмей қалды, не болды, бір жері жарылып кеткен жоқ па?» - деп, ана жаққа хабар беріп, іздеу салып жатады. Күнде кешке ішке келгесін: «Не жаңалық? Бүгін не істедіңдер?» - деп, бір-бірімізден хабар сұраймыз ғой. Әлекең: «Ой, жүгермектер, көбі салдыр-салақ, рулетті май-май, кір-кір қылып алып келеді де, тастай салады. Солардың бәрін топырақпен ысқылап тазалаймын», - деп кіжініп, ренжіп отырады. Соляркаға салып, құммен ысқылап тазалағасын, өлшеуіш құралдың цифрлары өшіп, кетіп қалады ғой. Егер 5-10 сантиметрден шатасса, бәленбай тонна мұнай жоқ деген сөз. Әлекеңнің онда шаруасы жоқ. Оған ең бірінші тазалық керек. Жұмысты жаңа бастаған кезімізде сондай-сондай қызықтар болды. Кейін ол кісі Қаламқаста ЖЭК-тің бастығы болды», - деп күле отырып еске алады ол.

Оспан Еңсегенов – сол кездегі «Комсомольскнефть» мұнай-газ өндіру басқармасында алғаш құрылған бастауыш комсомол ұйымының тұңғыш жетекшісі. Ол бұл міндетті негізгі жұмысына қосымша қоғамдық қызмет ретінде қоса атқарды.

«Біз барған кезде Қаламқаста сол кезде саяси үлкен үгіт-насихаттық мәнге ие «Красный уголок» – «Қызыл бұрыш» жоқ екен. Бұрынғы «Қызыл бұрышты» біреулер арақ ішіп отыратын орынға айналдырып, әбден бүлдіріп, талқанын шығарып тастапты. Кезекпен ауысқан кезде кейде түнде жұмыс істеп, күндіз демаламыз ғой. Сондай бір күні Әлекең екеуміз әлгі жерді жақсылап жинап, тазалап, жуып, сүртіп, әбден дайындап, сосын үстел қойып, баяғы коменданттан қызыл мата сұрап алып келіп, үстіне жауып, тым жақсы қылып «Қызыл бұрыш» жасап қойдық. Соның бәрін өзімізше көзге түсейік, көрінейік деп жүрген ештеңеміз жоқ, таза жан дүниемізбен, шынайы ынты-шынтымызбен жасап жүрміз. Әйтпесе, ол үшін бізге ешкім де ақша төлеп немесе алғыс айтып жатқан жоқ. Кешке асханаға тамақ ішуге келген жұмысшылар бұл өзгерісті көріп, әуелгіде шошып кетті. Артынан аңтарылып біраз қарап тұрды да, сосын бәрі келіп: «Мә-ә, мынадай да болады екен ғой», - деп, қызықтай бастады. Сөйтіп, қоғамдық қызметімізді бастап кеттік. Кейін сол жерді жиналыс жасайтын орынға айналдырдық», - дейді ол.

Оспан Көшекеңнің вахтасына қарама-қарсы, ол кісінің бригадасын алмастыратын ауысымды басқарды. Екеуі 7 күн сайын ауысатын. Кейін оны мұнай айдау және дайындау цехына жіберді. Бес жыл бойы табан аудармастан Қаламқаста мұнай өндіру шебері болып жұмыс істеді. Облыстық, республикалық газеттердің бәріне де, тіпті Мәскеуден шығып, бүкіл Кеңестер Одағына тарайтын «Огонек» журналына да Қаламқастан мұнай алу сәті бейнеленген суреттеріне дейін жарияланып (сол газеттердің қиындылары Осекеңнің үйінде әлі күнге дейін бар), бүкіл елге танылды. Ол кезде «Бесжылдықтың үздігі» деген төсбелгі болды. Осекең соның алтын, күміс, қола деп аталатын 3 дәрежесін де иеленді. Соның арқасында Германияға барып, бір ай демалу мүмкіндігіне ие болды.

Оның бригадасында сол кезде Қаламқасты игерген даңқты мұнайшылардың біразы болды. Олардың ішінде Өзен кен орнын игеруге қатысқан Станислав Зневоровскийдің орны ерекше еді. Сосын Жетібай мұнайын игерушілердің бірі Лазуков деген кісі, Бекмұхан Тоқбаев, Орынбасар Шадияров, Кенжеғали Назаралиев, Амангелді Меңдіғалиев сияқты жігіттер болды. Көпшілігі – өзі сияқты жаңадан институт бітіріп келген жас мамандар. Кен орнында басы артық қызмет жоқ, бар болғаны екі бригада болды. Біреуін Шафхат Айгистов пен Қанат Қонысовтар кезекпен басқарды. Екіншісі – Көшекең мен Оспанның бригадасы.

Обалы не керек, Оспан бастаған жігіттер бригададағы тәртіп пен тазалықты өте қатаң сақтап, жып-жинақы қылып ұстады. Бригаданың топтық қондырғысында көлденең жатқан бір сіріңке көрмейтінсің. Оның алдында 30 шақты адам болып Германияға барғанда өзара бір-бірімен бәстесіп, Берлиннің орталық даңғылынан қанша шұқшия қарап іздесе де, бір тал темекінің қалдығын таппапты. Осыны, ондағы тазалықтың қалай сақталатынын өз көздерімен көргеннен кейін жұмыс орнында да соны қатаң ұстануға тырысты. Егер біреу-міреудің жерге темекінің тұқылын, қиқым-сиқым тастағанын көрсе, дереу өз қолымен теріп алғызып, әжетханаға апарып тастататын.

Жаңадан оқу бітіріп келген кілең қылқандай жас жігіттердің Көшекеңнен үйренетін нәрсесі көп еді. Ол кісінің бір жақсы қасиеті – топтық қондырғылардың басын өте әдемі, әсем қылып жасай білетін. Жұмыстан кейін қызметкерлер жуынып-шайынатын монша салдырды, оның айналасын көркемдеп, көрер көзге тымсайлы қылып жасап қоятын. Қаламқаста ең бірінші болып «парилка» салған да – осы Көшекең мен Оспанның бригадалары.

Қаламқаста еңбек еткен кезінде Осекеңе тікелей ұстаз болмаса да, өзінен үйренері көп сан қырлы азамат ретінде көптеген жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, ерекше есінде қалған бір адамы – С.Л.Зневоровский.

«Станислав Зневоровскийдің ұлты поляк болғасын ба, біздің қазақтарға қарағанда уақытты өте тамаша үнемдей білетін. Шыжыған шілденің күнінде біз автобуспен салдырлап түскі асқа кетеміз. Ол алыстағы асханаға бармайды. Көктемнің кезінде жұмыс орнымыздың қасындағы шағын жерге жуа, картоп, сәбіз сияқты көк-сөгін егіп қойған. Күн сайын жұмыс арасында олай өтіп-былай өтіп бара жатып, соларға суын құйып кетіп жүретін. Түске таман суын қайнатып, сорпасын асып қояды. Жұрт жиналып, түскі асқа кетейін деп жатқанда ол «суп» істеп жатады. Біз келгенше тамағын ішіп, тынығып алады. Қазекеңдер жердің түбіне барып, асын ішіп келгенше ол бір сағат мызғып, демалып алып отырады.

Ал скважиналардың басын тексеріп, қарап келуге – «обходқа» кетіп бара жатқанда қолында бірде-бір құралы болмайды. Монтировкасын, күрегін, кілт-қашақтарын алдын-ала жол бойына бір жерге апарып, тығып қойған. Жолай соларды алады да, пайдаланып болғасын, қайтадан орнына тастап кетеді. Біз сияқты түу жердің түбіне әр барған сайын құрал-сайманын арқалап жүрмейді. Сондай артық күш-жігер жұмсап, арамтер болмайтын, аса ақылды адам еді. Алда-жалда ұңғының бір жері тесіліп немесе бірдеңесі кетіп, бұзылып қалса, апаттық жөндеуші ретінде бара қалса, қазекеңдер дыр еткізіп, бір нәрсені бұрай салады да, бес минуттан кейін қайтып келеді ғой. Ал ол барған жерінде ең кемінде екі сағаттап айналады. Жалғайтын нәрсені жалғап, түсіп қалған затты орнына қойып, жөндейтін жерді жөндеп, дәнекерлейтін жерін дәнекерлеп, нөмірі кетіп қалған жеріне нөмірін жаздыртып, әйтеуір не нәрсе істелмей қалған, қай жерді не істеу керек – түгел жұмыстың барлығын бітіріп, біратала бір-ақ келеді. Енді қайтып ол жерге бармайтын қылып, біржола бәрін тиянақтап жасап шығады. Ал басқалар тек ақауы бар нәрсені ғана жөндейді де, шығып кетеді ғой. Арада біраз уақыт өткен соң бірдеңесі кетіп қалса, сол жерге тағы қайталап барып жүреді. Міне, сондай мұқият, еңбекқор, жауапты адам еді ол кісі. Сол кезде ол – бізден 15 жастай үлкен адам. Бала кезінде соғыс уақытында Украинада аяғынан жарақат алған. Картоп теріп жүргенде снарядқа тап болып, жарықшағы тиген екен.

Бір күні «обходта» келе жатсақ, жолда майға батып, құлағы ғана қылтиып бір күрішке ыдыс көрініп жатыр екен. Соны майын сілкіп-сілкіп, ішке алып келді де, ол кезде өндірісте АИ-93 бензин жеткілікті ғой, сонымен жақсылап тұрып бірнеше рет жуып, кептіріп қойғаннан кейін тағы да жуып, жарқыратып тазалап алды да, біраздан кейін шәй ішуге пайдаланды. Сол күрішкемен кейін менің өзім де талай шәй іштім. Талай жаңа қолғаптарды бір-екі рет пайдаланамыз да, майға, сырға батқасын лақтырып тастаймыз ғой. Ол соның бәрін жинап алады да, жарты шелек жанармай сұрап алып, соған салады. Бояуы, майы кеткеннен кейін қайтадан сумен жуады да, кептіріп, тәртіппен жинап, сейфке салып қояды. Сондай ұқыпты, артық ысырап пен шашпалыққа, салақтыққа қаны қас адам еді. Оның шкафын ашып қалсаң, өте бір әдемі тәртіппен бүктеліп жиналған, тазаланған бума-бума қолғаптарды, қаз-қатар тізіліп ілінген кілттерді көретінсің.

Ол уақытта жаңадан ашылған кен орны болғасын, барлық нәрсені жаңамен қамтып, құрал-жабдық, керек-жарақтың бәрін жаңадан әкеліп, төгіп жатыр ғой. Сондықтан көп нәрсенің қадірін білмейміз. Ал ол кісі: «Ай, қазір бәрі келіп жатыр-ау, бірақ ертеңгі күні осылардың бір уысына, бір тамшысына зар боласыңдар, қазірден бастап артық бөлшектерді жинап, сырларды бөшкеге құйып, жерге көміп, тығып тастаңдар», - деп жүретін. «Кейін көрерсіңдер, ана нөмірді жазатын бір стақан қызыл сырды да таба алмайсыңдар», - дейтін. Коммунистік тәрбие қанымызға сіңіп, КСРО-ның мәңгі тұратындығына сеніп алған біздер: «Ой, қайдағыны айтып, қара аспанды төндірмеші, мына мұнай тұрғанда бізде бәрі де болады», - десе: «Иә, атаңның басы, кезі келгенде көрерсіңдер», - деп жауап беретін. Айтқандай, кейін дағдарыс болып, бәрін қысып тастаған кезде Зневоровскийдің айтқандары аумай-төкпей келді де қойды ғой. Мұнай табылған кездегі алғашқы дүмпу басылғасын, бірте-бірте керек-жарақ, құрал-жабдықтар да бірде келіп, бірде келмей, арты сұйылып бастайтыны белгілі. Оның үстіне экономикалық қиындықтар тағы бар. Сол кездерде ақ, қызыл сырды бөшкесімен әр жерге тығып, көміп тастаған кейбір жігіттердің әңгімеге қалғаны да бар. Өмір көрген, өмірдің үлкен мектебінен өткен, тіршіліктің ыссы-суығын көріп, ащы-тұщысын татқан адам ғой, айтқаны айнымай келді. Артынан шынымен де сол ағып жатқан тегін дүниеден бір кілт таба алмай қалған күнді де көрдік. Сонда жұрттың бәрі Станиславқа барып сұрайтын. Ол қашанғы әдетімен бір боқтайтын да, іздеген нәрсесін тауып беретін.

Жұмыс болғасын, неше түрлі адамдарды көресің ғой. Әр адамның мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы әртүрлі. Лазуков деген – арсалаңдаған орыс кісі. Тағы бір неміс кісі болды, аты-жөнін ұмытып қалдым. Скважинаның басына барғанда орысымыз балшықты кешіп, тікелей тартса, әлгі неміс айналма жол болса да, құбырлардың үстімен асықпай барып, таза жүріп, тап-таза болып қайтады. Сосын ауыр кубалдадан бастап ең үлкен кілтіне дейін рюкзагына салып, арқалап барады да, ұңғының басындағы жұмыстың бәрін тындырып, сүртетінін сүртіп, тазалайтынын тазалап, енді қайтып бармайтын қылып келеді. Ал басқалар болса, барып, тартатын бір нәрсесін тартып немесе қысымды өлшейді де: «Бәрі дұрыс екен», - деп қайтып келеді ғой. Артынан сосын тағы бір ақауы шығып, кемшіліктері білінсе, бір барған жерге қырық рет барып жүреді... Міне, мен Қаламқаста сондай кісілерді көріп, осындай мектептен өттім», - деп еске алады ол.

       ***

Сол уақытта кезіндегі Жетібай сияқты Қаламқастың даңқы да жер жарып тұрды. Ұзақ уақыттан, көптен бері ашылмаған жаңа кен орны болғандықтан мұнда сол кездегі республика басшыларының барлығы, тіпті Одақтың Мұнай-газ министрі Н.К.Байбаковқа дейін келіп кетті.

Оспанмен бірге қатар жүріп, қанаттас еңбек еткен әріптестерінің ішінде Қосай Жұбаниязов, Қанат Қонысов, Шафхат Айгистов, Марат Жүсіпов, т.б. жігіттер жақсы жұмыс істеп, еселі еңбектерімен ерекше көзге түсті. Сол уақыттағы ауыр жұмыс жағдайы мен мұнайшылардың әлеуметтік хал-ахуалын қазіргімен мүлде салыстыруға келмейтін.

«Қазір жақсы ғой, ұңғының бірдеңесі жұлынып кетіп, кішігірім апат бола қалса, жердің бетіне ештеңе шықпайды, ешқандай мұнай төгілмейді. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған, техника жетілген. Ал ол кезде мұндай жетістік жоқ. Ұңғының бәрі фонтан. Талай рет фонтан атылып кетіп, мұнай жерге көл болып төгіліп, белуардан кешіп жүрген кездер болды. Ең басты проблемалардың бірі - апат болған жерге жетудің өзі мұң болатын. Төгілген мұнайдың кесірінен фонтан атқылап жатқан жерге маңайлап бара да алмайсың. Айналып, басқа жағынан баруға немесе топырақ, құм сеуіп, соның үстімен баруға тырысасың. Ол кезде ұңғылар қазіргідей емес, сордың, теңіз суының ортасында қалған, оған жетудің өзі де оңай емес. Дер кезінде, уақытында көріп қалсаң, ұңғыны жауып үлгересің. Әр нәрсенің сәтіне қарай ғой, апатты ауыздықтау уақыты да соған байланысты. Талай мәрте түннің ішінде ұңғының задвижкасы жұлынып кетіп, оны бітейтін, тығатын, бұрайтын жері жоқ, оны ішке – цехқа әкеліп, не істеу керек екенін сол жерде ойлап тауып, қатты қиналған кездеріміз болды. Мұндай ауыр апатты жұмыстар, сірә, бір адаммен бітпейді ғой, өндіріс орнының басшысы мен цех бастығынан бастап барлығымыз, бүкіл бригадалар жабылып жүріп, зорға ауыздықтайтынбыз.

Ол уақытта қазіргідей сайрап жатқан сара жол жоқ. Қаладан Қаламқасқа дейін салдырлап автобуспен барамыз. Таушықтың дөңіндегі құламаға дейін ғана асфальт бар, ар жағы – грейдер.

Ол кездегі жұмысшылардың әлеуметтік хал-ахуалын қазіргімен салыстыруға мүлде келмейді. Қазіргілер ол уақыттағымен салыстырғанда барлық жағдайы жасалған, қонақүйлерде тұрып жатыр деуге келеді. Ол кезде біз Ақтаудан шыққанда Таушыққа дейін кішкене асфальт бар да, әрі қарай Қаламқасқа «Пазик» автобуспен салдырлап, діңкең құрып, 4-5 сағатта зорға барамыз. Әдетте үлкендер алдыңғы орындарға отырады да, бізді: «Сендер жассыңдар ғой», - деп, автобустың артқы жағына – дөңгелектің үстіне отырғызып қояды. Содан автобус әрбір шұңқырға кіріп кеткен сайын серпіп жоғары лақтырып, басың төбеге соғылып, ойқы-шойқы, шоқалақ жолдармен сілең құрып жеткенше кәдімгідей іші-бауырың түсіп кеткендей болып, түскенде денеңді көтере алмай қаласың. Бұрғышыларға да, мұнай өндірушілерге де – бәрімізге ортақ, өзі шап-шағын бір-ақ асхана. Ол асханада ыдыс-аяқ, құрал-жабдық дегендер жетіспейді. Қыл аяғы тамақ ішетін қасық та жоқ. Ауылдан алып келген, ас ішетін қасығың жақсылап оралып, етігіңнің қонышында жүреді. Түскі ас кезінде сарылып кезекке тұрып, темір ыдысты аласың. Оның өзі жетіспейді, басқалардың ішіп болуын күтесің. Соған әуелі «первый» деп аталатын сұйық тамағыңды, сорпаңды құйдыртып ішесің, сосын сол ыдысыңа екінші қою тамағыңды салдыртасың. Сосын үшінші компотыңды да тағы сол ыдыспен ішесің. Қазіргідей «первое», «второенің» әрқайсысын айнадай таза жалтыраған тәрелкелерге бөлек құйдыртып, жарқыраған қасық-шанышқымен тамақ ішетін жағдай жоқ ол кезде. Сөйтіп, ыдысқа кезекке тұрып жүргеніңде тамақ ішіп шығуыңның өзіне 1-2 сағат уақыт кетіп қалады. Ал жататын жеріңнің жағдайы да оңып тұрған жоқ. Темір вагондарда жатамыз. Қазіргідей желдеткіш, салқындатқыш дегендер жоқ, жазда іші жанып кетеді. Қыста салқындау, тоқ пештермен қыздырып, жылытамыз. Қазір айналасы құп-құрғақ қой, ол кезде ұңғы деген теңіз суының ортасында. Тізеден балшық кешіп жүреміз», - дейді Оспан.

Оспан Қаламқаста мұнай өндіру шебері, орталық инженерлік-технологиялық қызметтің ауысым бастығы болып 1986 жылға дейін жұмыс істеді. Содан кейін күтпеген жерден партиялық басқару жұмысына шақырылды.

«Бір демалыс күні еді. Жұмыста бастық та, ешкім де жоқ, ауысым бастығы мен ғана бар едім. Кен орнына сол кездегі Мұнайлы аудандық партия комитетінің хатшысы Қайролла Ережепов келді. Қаламқас осы ауданға қарасты болатын. Ол кісі келіп, менен кен орнының тыныс-тіршілігі туралы егжей-тегжейлі сұрады. Мен сонда Қайрекеңді қанағаттандырардай жауап беріп, бәрін түсіндіріп айтқан болуым керек, ол кісіге ұнап қалыппын. Бес-алты күн өткеннен кейін: «Келіп кетші», -деп, райкомдағылар шақырады. Барсам: «Сен бізге – райкомға жұмысқа келсеңші», - дейді. Ол кезде райкомға жұмысқа кіру деген – аспанға қол жеткізумен бірдей арман нәрсе. Оның үстіне мен партия қатарына жаңа ғана өткен кезім. Сондай жастығым мен тәжірибесіздігіме қарамастан, Қайрекең «Ауылдың жігіті ғой, өссін» деді ме екен, қызметке тартты. Ол кісі кезінде Жетібайда самбо күресінен үйірме ашып, жасөспірім жеткіншектерді баулыған болатын. Сол кезден мені танитын болуы керек. Қасымдағы кейбір әріптестерім: «Қой, ол жерде не істейсің? Одан да осында – өндірісте қала берсеңші», - дегеніне қарамастан, мен: «Қой, жоқ, барамын», - дедім. Сөйтіп, Мұнайлы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне инструктор (нұсқаушы) болып қызметке орналастым», - дейді ол. Кейін осы мекеменің өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы болды.

1988 жылы Маңқыстау облысы жабылғаннан кейін, Мұнайлы аудандық партия комитеті де таратылды. Оспан 3 айдан кейін қайтадан Қаламқасқа орталық инженерлік-технологиялық қызметтің (ОИТҚ) ауысым бастығы болып жұмысқа келді. Сосын «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасының сумен жабдықтау және қабатталған қысымды қолдау бөлімі бастығының орынбасары, техникалық бөлімнің бастығы қызметтерін атқарды. 1992 жылы «Қаламқасмұнайгаздың» кәсіподақ комитетінің төрағасы жаңадан құрылған Қазақстан мұнайшыларының кәсіподағына басшы болып жоғарылап кетті де, оның орнына жаңа төраға сайлау керек болды.Ол кезде кәсіподақтардың қолындағы билік пен өкілеттілік қазіргідей емес, өте күшті. Пәтер беру, балаларды балабақшаға орналастыру, т.б. жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелердің бәрі кәсіподақтың келісімінсіз шешілмейді. Оның келісімінсіз мекеме басшысы ешкімді де жұмыстан шығара алмайды. Бұл тұрғыдан алғанда, оның құзіреті бастықпен бірдей. Осындай беделді ұйымға жетекші сайлау да оп-оңай, талас-тартыссыз болған жоқ. Осекең кәсіпорын басшылығындағы кейбір кісілердің қарсылығына қарамастан, негізінен қарапайым жұмысшылардың қолдауымен, айқын басым дауыспен кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол кездегі кәсіподақтың жұмысы проблемалары басынан асатын, айқай-шуы көп қызмет еді. Екі жарым жыл кәсіподақ төрағасы болған кезінде Осекең халықпен жақсы тіл табысып жұмыс істеді, үстінен бірде-бір рет арыз-шағым болған жоқ. Артынан басқарманың бас инженері Қосай Жұбаниязовтың қолқалауымен орталық инженерлік-технологиялық қызметтің бастығы болып, ауысып кетті.

1995 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндіру басқармасы бастығының орынбасары болып жүргенінде «ММГ»-ның бас кеңсесінде бүкіл Қаламқас пен Жетібай кен орындарын әлеуметтік жағынан қамтамасыз ететін УСР – Әлеуметтік даму басқармасы деген мекеме ашылды. Оған дейін болған ОРС – жұмысшыларды жабдықтау мекемесі дұрыс жұмыс істей алмағандықтан осындай шешім қабылданды. Өйткені, олардың уақытында ақша жоқ, тамақ жетіспейді, жанар-жағармай берілсе, оны сатып, жоқ қылып жібереді де қарап отырады, барлық жерде бартер, қолма-қол ақша деген болмады, сондай бір қиындау уақыт болды. Ол кезде бұрынғы ОРС-тың құрамында барлығы 52 асхана бар еді. Сол кездегі «ММГ» АҚ-ның президенті Меңдеш Халелұлы Салихов Оспанды УСР-дің бастығы етіп тағайындады. Оспан ескі досы Әли Жұмағалиевті қоғамдық тамақтандыру жөніндегі орынбасары қылып алды да, іске кірісті. Әлекең негізінен мұнайшы, бұрын бұл салада жасап көрмеген болса да, оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен іскерлігіне сенім артты. Сөйтіп, «ММГ»-дың қарамағындағы Жетібайдағы, Қаламқастағы асханалар мен балабақшалар, жылу, су мекемелері, аурухана қалашығы, қонақ үйлер, пионер лагері, т.б. әлеуметтік мекемелердің барлығы бір күнде УСР-дің қарамағына өтіп кетті. Бұл мекеме тек қана қоғамдық тамақтандыру емес, алып кәсіпорынның жылуы, суы, тазалығы сияқты бүкіл әлеуметтік мәселелердің барлығымен айналысты, сол салаға жауапты болды. Құрамында 1500-дей адам болды. Сол мекемеде 2,5-3 жылдай басшылық етіп, кейін Жетібайға ауысты. Оспан қызмет еткен кезеңде мекеменің жұмысында бірде-бір рет кемшілік, кідіріс болған жоқ. Жұмысшылардың тамағы да тоқ болды, жылумен, сумен қамтамасыз етуде де ешқандай проблема, артық-ауыс әңгіме, сын болған жоқ. Сондай қиын уақытта ол кәсіпорынның іргелі мекемесін осылай ұстап қалды. Қазір ол мекеме үш басқармаға бөлініп, жұмыс жасап жатыр. Соның ішінде таза қоғамдық тамақтандырумен айналысатыны – «Дастархан», сол бұрынғы УСР-дің ізі.

Оспан Ләтіпұлы өмірінде бір рет болсын, «жұмысын жасай алмады» деген себеппен қызметтен кетіп көрген жан емес. Өзі басшылық еткен кезінде қолынан келгенінше бір нәрсе жасауға, әйтеуір бірдеңені бітіруге, сол мекемеге өзінің қолтаңбасын қалдыруға тырысты. Мәселен, Жетібайда азғана уақыт істеген кезінде алдыңғы бастықтардың 30 жыл бойы істемеген нәрсесін бар-жоғы 3 айдың ішінде жасап кеткені бар. «Бірден байқағаным: менің алдымда Жанғазиев, Горюнов сияқты талай адамдар басшы болып жұмыс істеп кеткенмен, әлі күнге бір шәй ішетін жерлері де жоқ екен. Мен қызметкерлер жұмыстан қолы босаған кезінде, арасында адам құсап отыратын банкет залын, теннис үстелін жақсылап тұрып жасап беріп кеттім. Таңертеңнен кешке дейін сол ғимараттың ішінде жұмыс істейтін адамдардың өмірінің көп бөлігі сонда өтеді ғой. Оның үстіне арасында келімді-кетімді кісің болады, қонағың келеді дегендей. Сондықтан олар да адам сияқты шәй ішіп, бойын жазсын дедім. Бір күні Асардағы жатақханаға бардым. Жатақхана мен кеңсе бір ғимаратта, ортасы ашық. Ана жағында түнде төсегінен тұрған бала жалаңаяқ, үй киімімен жүгіріп жүр, шашылған аяқ киім, сасыған иіс, бергі жағы – контор. Ешқандай этика да, санитарлық-гигиеналық жағдай да жоқ. «Мынау не масқара?!» - деп, бәрін жинап алдым да: «Дереу таңертең бәрің Қаламқасқа кетіңдер! Барып, Қаламқастағы жағдайды көріп келіңдер қандай екенін», - дедім. Содан жаңағы ғимараттың ортасын бөлгізіп, ар жағын контордың барлық талаптарына жауап беретіндей қылып кәдімгі дұрыс кеңсе, бергі жағын адам тұратын, барлық тазалық жағдайлары сақталған жатақхана етіп қайта жасаттым. Кондиционер де жоқ екен. Қоймадан кондиционерлерді алдырып, жерге кілемдерді төсетіп, үлкен теледидарды орнатып, адамдарға жағдай жасадық», - деп еске алады сол күндерді Осекең.

Әртүрлі себептермен 1998 жылы Оспан мұнай саласынан біржола кетті. Одан кейін «КМГ Жайық» ЖШС «Сауда үйі» АҚ «Қазмұнайгаздың» Ақтаудағы филиалында директордың орынбасары, артынан директор, «Petro GAS Energy» ЖШС-нің өндірістік жобалар жөніндегі жетекші менеджері, Ақтау қалалық әкімшілігінің «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі» мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, «ТВС и В» МКК-ның директоры, «Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысының орынбасары сияқты сан саладағы алуан түрлі қызметтерді атқарды. Қазір «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді.

Осекең өндірісте өзіне ұстаз тұтып, олардан үйренген кейбір қасиеттерін бойына сіңірген азаматтарды ешуақытта есінен шығарған емес, әрдайым есіне алып, есімдерін ілтипатпен атап отырады.

«Ол кездегі халыққа да, жұмысшыларға да жаққан басшыларды айтар болсақ, бірін айтсаң, бірі қалып қояды, бірін атасаң, екіншісіне тиіп кетеді. Кезінде «ММГ» АҚ-ның вице-президенті болған Есқабыл Баймағамбетовті кейбір адамдар «Мінезі тентек, анау-мынау» деп жатады ғой, бірақ ол нағыз жұмыскер адам болды. Ол менің тікелей бастығым болатын. Өте талапшыл еді. Мәселен, асханаға тексеруге келгенде басқа адам болса, көрсеткен жеріңді қарап, ішті бір қарап шығады да: «Бәрі жақсы екен», - деп кетіп қалады ғой. Ал ол болса: «Жуып қойған қасықтарды әкеліп көрсетші», - дейді. Қасықтардың бірі кір немесе май болса: «Мынау неғылған май?» - деп, аспаздың бетіне лақтырады. Ондай лас ыдыстарды арғы жаққа – «подсобка» деп аталатын түпкі бөлмеге жинап қоятынын біледі де, соған кіріп қарайды. Өйткені, көп қызметкерлердің тек көрінетін, бергі жағын ғана жылмитып қойып, көзбояушылықпен айналысатынын біледі де: «Мұныңның маған түкке де керегі жоқ», - деп, қолын бір сілтейді. Соны көрген біз де кейін бастық болған кезімізде жаңағыдай бетін жылтыратып қойған жерлерге бұрылмастан, бірден подвалға түсіп, содан бастайтын болдық. Немесе стадион, клуб болса, бірден сыртына шығып, арт жағын айналып қарап шығатынмын. Себебі, бүлінген, қираған жерлері көбінесе ғимараттың сондай көп көзге түспейтін арт жағында болады ғой. Немесе көпшілігінде сондай клуб, стадиондардың сырт жағына жұрт кіші дәретке отырып, ластап кетіп жатады. Соны білетіндіктен, жүрген жерімізде шама келгенше тәртіп пен тазалыққа мән беруді дағдыға айналдырдық.

Өз көзіммен көрген бір оқиғамды айтайын. Есақаң комиссия басшысы болып жүрген кезінде БУТТ-ға барғанда бір жерде шопырлар жиналып тұрды. Аккумулятор жоқ, машина қызбайды. «Неге қызбайды? Қане, аш мына машинаның капотын!» - деп бұйырды. Өзі секіріп, машинаның үстіне шықты. Ашып келіп қалғанда адамның қолы тимеген, шаң, май басқан аккумуляторды көре сала: «Ай, ағасы, мынауың не? Бұл қалай қызады сонда? Аш мына аккумуляторды!» - деп, аштырып қарағанда іші құп-құрғақ болып шыққанда әлгі шопыр да, мекеме басшысы да сол жерде ештеңе айта алмай, жерге қарап қалды. Сондай, жағдайдың тек қана сыртына көз жүгіртпей, ішкі ұңғыл-шұңғылына терең үңіліп, тексеріп, ыждағаттылық танытатын. Әрине, оның былайғы жұрт тентектікке балайтын әртүрлі әрекеттері де бар. Бірақ негізінен іскер, талап қойғыш басшы болды.

Өндірісте жүргенде Көшербай Әлібаев ағамыздан көп нәрсені үйрендік. Жасы үлкен ақсақал аға, тәжірибелі маман ретінде өндірістің қыр-сырын ғана емес, адамды тани білуді, қызметкердің, жұмысшының қарым-қабілетін, мүмкіндігін бағалай білуді үйрендік. Мысалы, ол кісі жаңадан жұмысқа келген жас маманға алдымен: «Мә, мынаны толтыра қойшы», - деп, топтық журналды ұсынады. Оның жазғанын бір қарап шығады да, қолынан не келетінін бірден біле қоятын. Сөйтіп, бізді адамды тануға үйретті.

Сосын ол кісі қолы босай қалса болды, кез келген нәрсені бұзып тастап, қайтадан жасауға қорықпайтын. «Көшеке, мынаны былай істесе, анадан гөрі әдемілеу, жақсы болатын сияқты», - десе: «Қане, бұзып жіберіп, қайтадан жасап көрейік», - дейтін. «Ойбай, одан кейін ол істемей қалуы, мүлдем бұзылып қалуы мүмкін» деген қорқыныш болмайтын. Көп адам олай белді бекем бууға бара бермейді ғой. Сондай өз-өзіне сенімді, тәуекелшіл адам еді. Соны көзіммен көрген мен де өзім мұнайшы болғаныммен, құрылысты да, басқа да көп нәрсені салып келе жатырмын ғой, бір нәрсені қиратып тастап, орнына жаңа нәрсені салуға, жаңашылдыққа бастайтын талабымды сынап көруге ешқашан жүрексінбеймін. Үй салған кезімде де қасымда көмектесетін бір жан жоқ, қалтамда бір тиын да жоқ, тәуекелге бел буып, бастап кеттім. Ақыры бірдеңе қылып, бәрі де бітті. Өмірімде жұмысшыларды жабдықтау деген салада жұмыс істеп көрмесем де, әлеуметтік саладағы мекемені басқаруға көзді жұмып, жүрексінбей кірісіп кетуіме де осы Көшекеңнен үйренген тәуекелшілдігім сеп болған шығар. Сол кісіден үйренгенім болар, мен де, міне, кабинетімдегі үстелімнің үстіне «Кто боится неудач – тот ограничивает свои возможности» деген мына жазуды жазып қойып отырмын. Арасында осы қанатты сөзге қарап өзімді жігерлендіріп, қайраттандырып қоямын. Менің көрген мектептерім осы Есақаңның, Көшекеңнің, Зневоровскийлердің тәлімі, тәрбиесі болды», - дейді Оспан Ләтіпұлы.

Осы жерде аттап өтуге болмайтын, айта кететін, міндетті түрде жазылуы тиіс бір жайт бар. Себебі, сол кездегі шындықты халық білуі тиіс. Осекеңнің халық үшін, қарапайым мұнайшылар қауымы үшін еткен ең үлкен еңбегінің бірі мынау. 1994 жылдары «ММГ» компаниясының акцияларын бөлген кезде ең бірінші жауапты адамдардың бірі Оспан болды. Ол кезде Қаламқастағы орталық инженерлік-технологиялық қызметтің бастығы еді. Арнайы құрылған комиссия мүшелері акцияларды бөліп, шешімін дайындап, барлығы тегіс қолдарын қояды да, тек Оспанның ғана қолы қалады. «Бақсам, бақа екен» демекші, сөйтсе, олар ешқандай бас ауыртып жатпастан, акция мөлшерін адам санына қарай бөле салыпты. Мәселен, «Еңсегеновке – 2 акция, саған да, оған да – 2 акция» деген сияқты. Ешкімнің еңбек еткен уақыты, өтілі ескерілмеген. Бас директордың орынбасары Теміртасов бастап комиссия мүшелері түгел қол қойған қағазбен мұқият танысып, қарап шыққан Оспан: «Жоқ, бұлай болмайды, мен бұған қол қоя алмаймын», - дейді. «Осеке, осыны жасау үшін комиссия мүшелері 3-4 айдан бері тынбай жұмыс істеді ғой. Енді тек жалғыз сенің ғана қол қоюың қалып тұр. Неге қоймайсың?» - деп сұрайды олар. «Мынау дұрыс емес. Кәсіпорын басқармасы ғимаратының ішінде жазда салқын, қыста жылы, жайлы жерде отырған кеңсе қызметкерлері мен елдің шетінде, желдің өтінде, қыста аязды, жазда аптапты күндерде өндірісте жұмыс істеп жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегін салыстыруға, ондай бәріне бірдей көзқараспен қарайтын теңгермешілікке жол беруге болмайды. Қыры сынбаған костюм-шалбар киіп алып, шікірейіп, шіреніп көлеңкеде отырған, өмірінде Қаламқас пен Жетібай кен орындарына бірде-бір рет барып көрмеген кеңседегі кейбір қызметкерлердің акциясы да – 200, күннің астында, боранды-бұрқақты күндерде белшеден бейнет кешіп жүрген қарапайым операторлардың да акциясы – 200. Қаламқас сияқты кен орындарында 10-12 жылдан астам уақыт жұмыс істеген адамдарды зейнеткерлікке мерзімінен 2-3 жыл бұрын шығаратын Үкіметтің қаулысы бар ғой. Өйткені, сондай ауыр жағдайдағы өндірісте жұмыс істегендер басқаларға қарағанда денсаулығын ертерек жоғалтады. Осы принципті мына акцияны бөлгенде де қолдану керек. Яғни өндірістегі адамның бір жылы офистегі қызметкердің 1,5-2 жылына тең деген сияқты принцип басшылыққа алынуы керек. Екі түрлі жағдайдағы қызметкерлердің арасындағы еңбек жағдайының айырмашылығы ескерілуі тиіс. Бұл – принципті мәселе. Әділдік болуы керек. Онсыз мен бұл қағазға қол қоя алмаймын», - дейді Оспан. Комиссияның ішіндегі кейбіреулердің оған: «Онда тұрған не бар? Оны кім біледі? Соның бәрін қарапайым халық біліп жатқан жоқ қой. Ешкім де білмейді, есептеп жатқан да жан жоқ. Оның несіне күйіп-пісесің? Осылай кете берсін», - дегендері де болды. Оларға Оспан Ләтіпұлы: «Жоқ, халық білсін-білмесін, қалай болғанда да, біз олардың және бала-шағаларының алдында арымыз таза болуы керек. Олардың тұз бен топырағы, сортаң жері, табиғаты өте ауыр, радиациясы өте күшті, экологиясы қиын жерде жұмыс істегенде шеккен зардабы, жоғалтқан денсаулығы ескерілуі керек. Әңгіме олардың біліп-білгенінде емес. Егер біз қиянат жасайтын болсақ, олардың маңдай тері мен көз жасы бізді жібермейді», - деп жауап қайтарады. Өйткені, азаматтық ар бәрінен де биік. Содан не керек, бәрі қайтадан есептеліп, қайтадан жасалады. Соның нәтижесінде жаңа бөлісте өндірісте істеген адамдардың акциясы кеңседегілерге қарағанда 15-20 проценттей артық есептеледі. Артынан Америкадан білімін жетілдіріп келген «ММГ» АҚ-ның жаңа президенті Меңдеш Салихов «Акцияларды бөлгенде әділетсіздікке жол берілген жоқ па екен?» деген күдікпен соның бәрінің қағаздарын алдырып, қайтадан тексерткен кезде барлығының да дұп-дұрыс, әділ бөлінгендігіне көз жеткізіп, «Как вы догадались?» - деп таңғалып, басын шайқаған екен.

Осекең адам бойындағы тазалық, адалдық сияқты қасиеттерді жоғары бағалайды. Өзі де ақ жүріп, адал тұруға, өмірінде ешкімді алдамауға, өтірік айтпауға тырысты. Шама келгенше айтқан сөзінде тұрып, берген уәдесін орындауды берік мақсат тұтты. Соның арқасы шығар, шүкір, қазір абыройсыз емес, қай жерде де жүзі жарық, кез келген адамның бетіне тіке қарап әңгіме айта алады.

Осекеңнің ойынша, арман деген ешқашан жеткізбейді. Сондықтан адам құр армандай бермей, соған қол жеткізу, соны жүзеге асыру үшін қарекет қылуы керек. «Өз басым ойға алған нәрсемнің бәрін орындадым деп есептеймін. Ешқандай қиындығынан қорыққаным жоқ. Бірер жыл ауыртпалығын да «тым ұзақ» деп ренжіген жоқпын. Өзің қолыңмен жасап, іске асырғаннан кейін қазір оның бәрін де «арман» деп айтуға келмейді», - дейді ол.

Осекеңнің зайыбы Әлия Сармурзина – өңірімізге белгілі оториноларинголог дәрігер. Оның шипалы қолынан сырқатына ем, дертіне дауа тапқан науқастар өлкемізде жүздеп, мыңдап саналады. Берекелі отбасының Берік, Серік, Ержан деген үш ұлы бар. 1981 жылы туған тұңғышы Берік еңбек жолын Қаламқастан бастады, артынан «Қала жолдары» мекемесі бастығының орынбасары да болды. Кейін бәрін тастап, бизнеске көшті. Бүгінде Берік те, Серік те – кәсіпкер. Қала ішіндегі жолдарды салумен айналысады. Екеуінің де мамандығы – мұнайшы. Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы университетті бітірген. Кенжесі Ержан да – мұнайшы, Мәскеудегі Губкин атындағы университеттің түлегі. Қазір Атыраудағы «Жамбыл петролеум» ЖШС-нде техника қауіпсіздігі жөніндегі менеджер болып еңбек етеді. Осекең мен Әлия апамыз – бүгінде ұлдарының барлығы да үйленіп, балалы-шағалы болған, олардан бірнеше немере сүйген ардақты ата, әже.

Ел мен жер тағдыры үшін жаны ауыратын, егер қажет болса, күнделікті қызметін былай ысырып қойып, елдік мәселелерге белсене кірісіп кететін Оспан Ләтіпұлы осыдан бір жарым ай уақыт бұрын, дәл біз сұхбат алған күні Пайғамбар жасына толды. Түбектің «қара алтынын» игеру ісіне ғана емес, өңірдің тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуалын дамыту саласына да ерен еңбек сіңірген азаматқа алдағы уақытта да мықты денсаулық пен мығым отбасы бақытын, үбірлі-шүбірлі болып, ұлан ұрпағының қызығын көруді тілейміз.

Рахат ҚОСБАРМАҚ,

журналист

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: