Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Киелі мекеніміз, 360 әулиелі Маңғыстауымыз тарихы терең, шежіресі бай өлке ғой, шірікін! Сан ғасырлар ағымында өткен уақиғалар мен түбек топырағында дүниеге келіп, өмірі жарқын жұлдыздай жарқырап өткен, аты келер ұрпаққа аңыз болып қалған тұлғалар қаншама дейсің! Солардың бірі ұлтымыздың қаһарман қызы Қаламқас батыр апамыз.
18-19 мамыр күндері Түркістан қаласында Түркістан музыкалық драма театры Маңғыстаудың тумасы, ақын-драматург Оңайгүл Тұржанның «Қаламқас» пьесасын сахналады.
Қойылымның басты кейіпкері 18-ғасырда өмір сүрген қазақтың батыр қызы - Қаламқас Еселбайқызы. Сондай-ақ, спектакльде қазіргі таңда қызу талқыға түскен киік аулау мәселесі де қамтылған. Өйткені қазақ халқы қашан да киіктерді өзіне жақын тұтып, аялап, киелі жануар деп санайды.
Спектакльдің қоюшы-режиссері, белгілі хореограф, өнертанушы Мәскеулік Константин Семенов бұл қойылымға драма, поэтика, музыка, анимация, пластика бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи техниканың барлық мүмкіндігін пайдаланған. Спектакль кейіпкерлерін толығымен Түркістан музыкалық драма театрының актерлері мен балет әртістері ойнаған. Спектакльдегі Қаламқас жаугершілік жылдары ер азаматтардың орнын жоқтатпай, жұртына жау тигенде ауылдағы қыздарды өзі бастап, шайқасып, батырлығымен көзге түседі. Аштықта ауыл-аймақты киік аулап асырап аман алып қалады. Кезекті бір киік қуған аласапыран кезде қапыда Қаламқастың өзі де құздан ұшып мерт болады.
Батыр қыз ғұмыр кешкен сол далада қызыл көйлекті қыз елесі аңшылардың алдын кес-кестеп, киіктерді қорғаштап жүреді деген аңыз бар. Бәлкім, бұл Қаламқас апаның рухы шығар? Қойылым осы оқиғаға негізделген. Қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, көшіп-қонып жүретін киіктерге садақ кезену Қаламқасқа оңай тимейді. Қойылымдағы "Киіктер биі" арқылы дала жануары адамзатқа тіл қатқандай әсерге бөледі.
Қаламқас кен орнының 45 жылдығына тұспа-тұс келген бұл қойылымның премьерасына "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ-ның бастығы Мақсат Көмекұлы бастаған қызметкерлер қатысты. Киелі сахнадан батыр апамыздың ерлігін көріп, рухани әсер алған мұнайшылар өз ризашылықтарын білдірді. Қаламқас кен орны қызметкерлері атынан поэма авторы Оңайгүл Тұржан мен Түркістан музыкалық драма театры ұжымына "Galleria Oner" студиясы суретшілерінің мұнаймен салған туындылары табысталды.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі