Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын одан әрі дамыту шаралары қаралды
Көлік министрі Марат Қарабаев 10 айда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрағанын баяндады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-дан астам жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 300 млн тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Қазіргі уақытта теміржол ел экономикасының экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 8,5%-ға артып, 70,7 млн тоннаға жетті.
Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға артып, 22,5 млн тоннаны құрады. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға өсті. Есепті кезеңде жолаушылар тасымалының көлемі 2,5%-ға артып, 16,6 мың жолаушыға дейін жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде қазіргі уақытта республиканың көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыстағыларын жөндеуге, тораптық стансаларды жаңғыртуға, жылжымалы құрамды жаңартуға, шекаралық бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға және т.б. Қатысты. Мұндағы ең ірі жобалар – Достық-Мойынты (836 км), Бақты-Аягөз (272 км), Дарбаза-Мақтаарал (152 км) жаңа теміржол желілері және Алматы маңын айналып өтетін жол (73 км).
Жалпы, 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін 35 млн тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ жаңа жобаларды ескере отырып, отандық экономиканың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Ұлттық компанияның Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметі және оны көлік-логистикалық компанияға айналдыру туралы баяндама жасады.
Премьер-Министр теміржол – көлік саласының және жалпы ел экономикасының күретамыры екенін атап өтті.
«Еліміз көптеген халықаралық бағыттар тоғысатын, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Азия мен Еуропа арасында Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі жыл сайын өсе түсуде. Тек қана Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау өткен жылы 23 млн тоннадан асты. Биыл бұл көрсеткіш тағы 22%-ке өсті», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, жылдам өсіп келе жатқан жүк тасымалының әлеуетін ескере отырып, осы салада инфрақұрылымды дамыту және вагондар паркін жаңарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет.
«Ол үшін алдағы 3 жылда жалпы ұзындығы 1 мың км-ден асатын жаңа теміржол тармақтары салынатын болады. Бұл – Достық-Мойынты (836 км), Бақты-Аягөз, Алматы айналма теміржол желісі. Осы аптада біз Дарбаза-Мақтаарал учаскесінің құрылысын бастаймыз», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомотив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынатынын айтты. Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 5 мың км құрайтын қолданыстағы магистралды теміржол желілерін жаңғыртужүргізілуде.
Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіруде.
«Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар, бұл транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан, бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін “бір терезе” жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жеделәрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан ҚТЖ қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсуде.
«Бұл – пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондарға қатысты. Ал, бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымдануда. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы Теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар отандық өндірушілер бұл сұранысты қанағаттандыра алмай келеді, дегенмен республикада қызметі теміржолмен байланысты көптеген маңызды кәсіпорындар бар.
«Отандық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруына, отандық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді», — деді Әлихан Смайылов.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Премьер-Министр Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Шекара қызметі, «Қазақстан темір жолы» және «Самұрық-Қазына» қорына жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Қарау мерзімі кем дегенде 2 есе қысқаруы тиіс», — деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Үкімет басшысы жылжымалы құрамды жаңарту және 2029 жылға қарай тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жөніндегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ теміржол саласының қажеттіліктері негізінде отандық өндірісті дамыту жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
«Қазақстан темір жолын” трансформациялау кезінде сервистің сапасын арттыру мен қызметтердің уақытылы көрсетілуін компания жұмысының басымдықтары ретінде айқындауы қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Сөз соңында Премьер-Министр көлік саласының техникалық мамандықтары бойынша қосымша гранттар бөлу мүмкіндігін пысықтауды және Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарауды тапсырды.