Главная Новости Үлесі мол «Үлес»
07 желтоқсан 2020, 08:32 1089 Нұрболат Аманжол

Үлесі мол «Үлес»

Үлесі мол «Үлес»

Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының Ақтау қаласындағы «Үлес» әлеуметтік бейімдеу орталығы үш жыл бұрын құрылған. Бұл уақыт аралығында орталық еліміздің батыс өңіріндегі Қор компаниялары жұмысшыларының еңбек жағдайларын реттеу бойынша ерен жұмыстар атқарып келсе, биыл Еріктілер жылы болып жариялануына байланысты оның жұмысы жаңаша екпін алды. Жыл бойы орталық Ақтау қаласында еншілес компаниялардың еріктілер тобының қатысуымен "Qamqor", "Umit", "Аsyl mura", "Taza Kazakhstan" жобалары аясында көптеген іс-шара өткізді. Жалпы, «Үлес» кеңсесінің Қор дамуындағы үлесі қандай? Бүгін сол туралы әңгімелемекпіз.

ЖҰМЫСТАН БОСАҒАНДАРҒА – ЖАҢА МҮМКІНДІК

Әу баста бейімдеу орталығы жұмысшыларға әлеуметтік-психологиялық жәрдем беру, олардың қаржылық, заңдық сауаттылығын арттыру мақсатын көздеп Ақтау қаласында құрылған болатын. Өйткені, батыс өңірдегі Маңғыстау және Атырау облыстары – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бірқатар қоржындық компаниялары мен еншілес ұйымдары қызмет ететін маңызды стратегиялық аймақ. Сәйкесінше, осы аймақта 2017 жылы жұмыстан босаған жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелін төмендету, сондай-ақ, табыссыз қалған жандарды жұмыспен қамту не қайта оқыту, болмаса жеке кәсіпкерлікке баулу қажеттілігі туған еді. Міне, осындай қиын кезеңде Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы базасында құрылған «Үлес» орталығы расымен де бұл мәселені шешуге мол үлесін қосты.

Әсіресе, орталықтың Маңғыстау облысының мұнай секторында жұмыстан босатылатын қызметкерлерді әлеуметтік бейімдеу жобасы сәтті жүзеге асты. Бұл сөзімізге келесі сандардың өзі-ақ дәлел. Мұнай сервистік компанияларының 800-ге жуық қызметкеріне орталықтың әдіснамасына сәйкес және жұмысшылардың қажеттіліктері ескеріле отырып, жеке бейімделу жоспарлары жасалды. Тиісті іс-шаралар, оның ішінде 5 тренинг, 7 кеңес беру және ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылық курстары өткізілді. Нәтижесінде жұмыстан босатылғандардың 30 пайызы басқа жұмысқа орналасса, тағы 30 пайызы өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Осылайша, «Үлес» орталығы өзінің бастапқы миссиясын мүлтіксіз орындады.

ҰЖЫМ ДА, ҰСТАНЫМ ДА ЖАҢАРҒАН

Бүгінде орталықтың жұмысы өзгеше бағытта жалғасуда. «Үлес» енді өз қызметін аймақтағы еңбек жағдайларын зерттеу және зерделеу, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, еңбек даулары мен жанжалдарға ден қою, өңір бойынша Қор топтарымен бірлескен жобаларды (оқыту, волонтерлік, әлеуметтік зерттеулер) ұйымдастыру бағытында жүзеге асырады. Орталық ішкі коммуникация мектебі мамандар біліктілігін арттыру мен стратегиялық сессияларды өткізуде икемді модульдік бағдарламаларға ие.

«Биыл осы бағытта «Кәсіподақ көшбасшылар мектебі» жобасы аясында әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, қаржылық және құқықтық сауаттылық саласындағы тәжірибелерді енгізу бойынша қордың қоржындық компанияларының кәсіподақ төрағаларына кешенді оқыту шарасы ұйымдастырылды. Ол тиімді коммуникация, кәсіподақ көшбасшылығы, персоналды басқару, құқықтық сауаттылық, «қаржылық менеджмент және медиация, өндірістік кәсіпорындардағы жанжалдарды басқару» курстарын қамтиды. Семинар-тренингті коммуникация, құқық, қаржы, HR саласындағы білікті мамандар, бизнес коучтар мен PHD докторлары жүргізіп, озық тәжірибелермен бөлісті, – дейді «Үлес» орталығының басшысы Дәулетбай Қартжанов. – Сондай-ақ, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету, жәрдемдесу және нығайту мақсатында орталықтың бастамасымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Маңғыстау облысы Кәсіподақтар орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Аталған құжат тараптар арасындағы қатынасты нығайтуға, бірлескен және келісілген іс-әрекеттерді конструктивті шешуге бастайды және өзара бірлескен зерттеулер мен әзірлемелерді ұйымдастыруды көздейді».

ЖАС МАМАНДАР КЕҢЕСТЕРІМЕН БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР

«Үлес» орталығының қазіргі жаңа бағытын байыптауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауы мүмкіндік беріпті. Соған орай, жыл басында орталық мамандары Ақтау қаласында еншілес ұйымдар компанияларының өкілдерімен семинар-тренинг өткізіп, еріктілікпен айналысудың мән-мазмұны және Қордың Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бастамасымен жасақталған іс-шаралар жоспарын таныстырды. Кездесу нәтижесінде тұрақты негізде орталық алаңында еріктілермен кездесулер өткізу туралы уағдаластық жасалған.

«Міне, осы уағдаластық аясында биыл әлеуметтік және қоғамдық волонтерлік қызмет жобасы аясында Маңғыстау облысында Қордың еншілес ұйымдарының еріктілер тобының қатысуымен бірқатар іс-шара ұйымдастырдық», – дейді кеңсе менеджері Мирлан Сақтағанұлы.

22 тамыз «Самұрық-Қазына» қоржындық компаниялар өкілдерімен және экология департаментінің қатысуымен Ақтау қаласында «Таза өлке» волонтерлік акциясы ұйымдастырылды.

Бір таң қаларлығы, осыншама жұмыстың бәрін «Үлестің» шап-шағын ұжымы атқарып отыр. Әрине, еріктілердің ерен көмегі бар. Дегенмен, олардың жұмысын үйлестіріп, мақсат үдесінен шығу да оңай емес.

ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУЛЕР ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?

Елімізде жұмысшылардың ынта деңгейін анықтайтын бірден-бір зерттеу – «Әлеуметтік тұрақтылық индексі». Бұл зерттеу аясында жыл сайын «Самұрық-Қазына» қоры компанияларындағы 40 мыңға жуық жұмысшы зерттеуге қатысып, өздерінің көзқарасын білдіріп келді. Осылайша, өндіріс орындарындағы еңбек жағдайының тиімділігін арттыру мақсатында компаниялар қажеттіліктеріне сәйкес ұсыныстар жасалады.

«Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы биылғы 10 маусымнан бастап «Нысана» жаңа ақпараттық жүйесін іске қосты. Осы бағытта 7 қазаннан бастап Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша портфельді компаниялар мен еншілес тәуелді ұйымдарда «Нысана» Call-орталығының қызметі туралы офлайн және онлайн түсіндіру семинарларын өткіздік, – дейді орталық басшысы Дәулетбай Қартжанов. – 9 мекемеде оффлайн кездесулер өткізіліп, Сall-орталығы бойынша презентациялар мен постерлер таратып. 23 компанияға бейне конференция тәртібімен түсіндірме жұмыстарын жүргіздік».

«Үлес» орталығы келер жыл жобаларын жоспарлауға бүгіннен кіріскен. Жақсы бастамалар әлбетте жалғасын таппақ. Оған қоса, әлеуметтік әлеуетін арттыратын жаңа жобалар да пысықталуда. Оған 2021-де куә болмақпыз.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: