Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«Қыз Жібек» фильмін түсірер тұста қоюшылар киноның бас жағын қалай бастауды ұзақ ойланған екен. «Қазақфильм» киностудиясының сол кездегі қызметкерлері Ыдырыс Қарсақбаев пен Сара Жорабаева бір тойда ән салған жас жігітті көріп, іздегені алдынан табылғанына қатты қуаныпты. «Қыз Жібек» фильмінің басында айтылған «Зар заман» әні осылай туған еді. Оны орындаған бейтаныс жігіт сол тұста Башқұртстаннан елге енді ғана келген инженер-мұнайшы Жақсылық ЗАКИРОВ болатын. Газетімізде жаңадан ашылған «Сол жайсаңдар қайда екен?..» айдарының алғашқы кейіпкерімен өткен күнді еске алып, әңгіме өрбіткен едік.
– Кезінде әйгілі «Қыз Жібек» фильміне түсіп, ән орындаған екенсіз. Бұл қалай болып еді?
– Мен өзім Башқұртстанда дүниеге келдім. Бірақ ата-бабаларым Батыс Қазақстан облысы Орал өңірінің Тайпақ деген жерінен. 1930 жылдардағы нәубет кезіндегі аштық, ұжымдастыру сынды қиыншылықтардан аталарымыз Башқұртстанға көшуге мәжбүр болған. Мен сонда мектепті тәмамдап, одан соң Уфа мұнай институтын бітіріп жатқанда Қазақстаннан өкіл келіп, «Алматы облысына мұнайшы керек. Жанармай құю бекетінде істейтін қазақтан шыққан маман жоқ», – деген уәжін айтты. Сөйтіп, Қазақстанның мемлекеттік жоспарлау комитетінен Уфа мұнай институты ректорына шақырту қағаз беріліп, сол шақыртумен мен Алматыға жұмыс істеуге келдім. Екі айдай Алматының мұнай базасында жұмыс істегеннен кейін, мені Қапшағайға жіберді. Ол кезде Қапшағай су электр стансасы «Іле стансасы» деп аталатын. Сол жердегі жанармай базасына бас инженер болдым. Бұл 1968 жыл-тұғын.
Бұрыннан ән салатын өнерім бар еді. 1969 жылы Алматыдағы «Қарлығаш» деген ресторанға тойға бардым. Мен Қазақстанға келген кездері бұл жақта беташар айтылмайды екен. «Партия ұйымына жараспайды, өткеннің қалдығы» деген желеумен беташарды айтқызбай тастапты. Бір-екі ауылда ғана болмаса, Алматыда беташар айтылмайтын. Ал Башқұртстандағы қазақтарда салт-дәстүр сақталып қалған еді. Ол жерде жүргенде келіндердің бетін ашып, ән салатынмын. Аталарымыздың аузында айтылатын «Туған елім» деген ғажап ән болды. Сол әнді үйреніп алып, той-томалақта орындап жүрдім. Міне, осы «Қарлығаш» дейтін ресторанға тойға барғанымда, келіннің бетін аштым. Бес-алты ән салдым. Оның арасында «Туған елім» әні де болды. Тойда отырған Сара Жорабаева (Қарсақбаева), «Қыз Жібек» фильмін түсіруге қатысып жатқан болуы керек, Ыдырыс Қарсақбаевтар мені көріп, «Қайдан келдің? Мынау қандай ән?», – деп сұрады.
Мен «Ата-бабаларым Орал облысы Тайпақ деген жерден ертеректе Башқұртстанға көшіп кеткен. Сол аталарымның айтып жүретін әнін орындадым. Бұл ән сол жақтағы беташарда айтылатын ән», – дедім. Сара Жорабаева (Қарсақбаева) күйеуі Ыдырыс Қарсақбаев екеуі мені көрген соң, «Қыз Жібек» фильмін түсіріп жатырмыз. Сен бізге керексің», – деп, тойдан кейін үйіне шақырды. Сол күні үйіне қонақ болдым. Мені «Қыз Жібек» фильмінің композиторы Нұрғиса Тілендиевпен таныстыратынын айтты.
Бір күні Ыдырыс Қарсақбаев, Сара Жорабаева, Кененбай Қожабеков, Нұрғиса Тілендиев пен жары Дариға – бес адам мені үйге іздеп келіпті. Оларды қарсы алдым. Ол кезде бойдақпын. Орыс шал-кемпірдің үйінде жалдамалы пәтерде тұратынмын. Залға кіріп маған ән салғызды. Бірнеше ән орындадым. Нұрғиса Тілендиев сонда маған визиткасын беріп, Алматыға үйіне шақырды. «Домбыраңды алып кел», – деді. Нұрғиса Тілендиев сол кезде Алматыдағы «Юбилейный» деген дүкеннің үстінде ең соңғы қатарында тұрады екен. Үйіне домбырамды алып бардым. Мені қонақ қылды. Түс ауа режиссер Сұлтан Қожықовты шақырып алды. Ол да сол жерде тұрады екен. Содан кейін Қадыр Мырзалиевті шақырды. Маған ән салғызды. Башқұртстандағы қазақтардың «Туған елім» деген әнін орындадым. Сенбі күні кешке қарай ақын Қадыр Мырзалиевке «Туған елім» деген сөзі болмайды. Сен киноға лайықты сөз шығарып әкел», – деген тапсырма берілді. Жексенбі күні таңертең сағат 7:00-де Қадыр Мырзалиев «Ақ Жайық» деп сөз жазып әкелді. «Көп болды Ақ Жайыққа бармағалы» деп айтылатын сөзбен мені дайындады. Осы сөзі бойынша әнді орындап жүр едім, бір айдай уақыт өткен соң, «Жоқ. Бұл сөзі киноның сюжетіне келмейді», – деп, Қадыр Мырзалиевке қайтадан басқа сөз жазу тапсырылды. «Мынаған «Ақ Жайық» деген сөз келмейді. Сен бұған «Зар заман» деп сөзін шығарып алып кел», – деді киноның ұйымдастырушылары. Содан кейін Қадыр Мырзалиев қайтадан екінші нұсқасын «Зар заман, жауыз заман, жылан заман, Туды бір ел басына ылаң заман» деген сөзбен фильм сюжетіне лайықты етіп жазып әкелді.
Міне, мен «Қыз Жібек» киносына осылайша тап келіп, ән салған едім. Басында әнді «Ақ Жайық» деп дайындаған. Содан кейін режиссер бар, барлығы қайта ақылдасқан болуы керек. Бұл киноның ең басында айтылатын ән ғой. Адам қырылып, соғыс болып, қаз қаңқылдап, жер өртеніп жатыр. «Жатса да жер өртеніп, аспан күйіп, Болуы мүмкін емес бұдан жаман», – деген жолдар бар ән сөзінде. Қадыр Мырзалиевтің кітабында бірінші нұсқасымен «Ақ Жайық» деп жазылып кетті. Кейін білдім, «Қыз Жібек» фильмін түсірмек болғанда басын қалай бастауды таба алмай жатыр екен. Мен келіп әніммен киноның басын осылай бастауына себепші болдым. «Қыз Жібек» фильмі менің орындауымдағы әнмен осылайша басталған еді.
– Мамандығыңыз инженер деп естідік. Кино саласына қалай тап болдыңыз? Басқа да фильмдерге түстіңіз бе?
– Мамандығым инженер-мұнайшы. «Қыз Жібек» фильмінен соң, басқа фильмдерге түскен жоқпын. Бірақ отыз жыл асаба болдым. Көптеген беделді, зиялы қауымның тойын басқардым. Асаба болу себебім, әрі ән саламын, әрі ұйымдастырушымын, әрі беташар айтамын. Мен келген кезде бұнда беташар айтылмайды екен. Мен келіп беташар айтуды қайта таратып жібердім. 1974 жылдары мені бір тойға шақырды. КазГУ-дың физика-математика факультетінің деканының қыз ұзату тойы. Ол кезде ең үлкен ресторан «Жетісу» болатын. Сол жерде үлкен той жасады. КазГУ-дың профессор, докторларының барлығы жиналған. Міне, сонда той басқардым. Залда бәрі тып-тыныш отырған. Мен тойдың беташарсыз өтпейтінін білемін ғой. Ешкім үндемеген соң, «Келіннің бетін ашпаймыз ба?», – дедім. Отырғандар «Бізде ондай жоқ. «Өткеннің қалдығы» деп бізге айтқызбайды», – деді. Сөйтіп тұрғанда қыздың әжесі «Шынымен де беташар айта аласың ба?», – деп алдыма жетіп келді. Білетіндіктен, «Айтамын», – дедім. Ол кісі Семей жақтыкі екен. Қыз бала кезінде Семей жақта әжесінің қолында өсіпті. Әжесі қуана келісті. Үлкен залда беташар айттым. Менің айтқаным бұрынғы қазақтың беташарында айтылатын нұсқасы болатын. Сөзі салмақты.
«Ассалаумағалейкүм, қайран халқым,
Сөз тыңда көп ішінде үлкен-қартың.
Әлеумет бізге рұқсат бере қалса,
Той бастап, бет ашып жөнелтейін мұның артын», – деп бастаймын. Сосын әрі қарай жалғап:
«Той десе домалайды қу бас деген.
Еліңе келіп қалған мен бір тарлан,
Берейін үлкендерге бетіңді ашып,
Қызығы осы тойдың келді қарғам», – дедім. Бұрынғы ескі заманның беташар сөзі ғой бұл. Сол тойда профессор, докторлар бәрі таңғалды. Башқұртстанда беташар жасағанда келіннің мінезі жұмсақ болсын деп аяғының астына ешкінің тулағын төсейтін. Бетіне шарқат жауып, екі жағынан екі жеңгесі ұстап тұрып, бетін ашатын. Мен сол әдетті көрсеттім. Бірақ тулақты кім сүйреп жүрсін?.. Кейін қыздың аяғының астына кішкентай кілем төсеп, екі жағынан екі жеңгесі ұстап, сөйтіп бетін ашатын болды.
«Астыңа тері төседік,
Мінезің жұмсақ болсын деп.
Бетіңді аштым шырағым
Келешекті көрсін деп», – деген сөзі бар беташардың. Аяғының астына жұмсақ тулақты келіннің мінезі жұмсақ болсын деп ырымға төсейді. Бұдан алдын да басқа жерлерде беташар айттым. Бірақ тарата алмай жүр едім. Ал мына жерде КазГУ-дың бүкіл профессор, докторлары болды. Содан соң көпке таралып кетті.
– «Қапшағай» деген ән шығарыпсыз...
– Иә, бір ән шығардым. Оны біреу-міреу алып алар ма деп, айтуға қорқамын. Ол әнім «Қапшағай вальсі» деп аталады. Бұл әнді қазақша-орысша айтамын. Бұрын мен келгенде Қапшағайда орыс көп болатын. Содан бұл әнді екі тілде шығардым. Оны бірақ көп айта бермеймін. Қызыма айтып нотаға түсіртіп, авторлық құқымды алсам ба деп ойлап жүрмін...
– Бүгінде немен айналысасыз? Отбасыңыз жайлы айтсаңыз.
– Қазір жасым 77-де. Бұрынғыдай ән айта алмаймын. Жол апатына түсіп, құлағым домбыраның үнін естімей қалды. Екі ұл, екі қызым бар. Бәрі осы жерде туып-өскен. Қазір Іле ауданы Екпінді дейтін ауылда тұрамын. Жарым Марьям Закировамен зейнетте, бала-шағаның ортасындамыз.
1968 жылдан 1973 жылға дейін Қапшағайда тұрғанмын. Сол жерде Қапшағай мұнай базасының бас инженері болдым. Менің басқаруыммен Қапшағай мұнай базасы салынды. Соны бітірер мезгілде әке-шешемді көшіріп алайын деп, Шамалған стансасының қасындағы Екпінді ауылына келдім. Шамалған стансасының мұнай базасында бас инженердің орны босаған екен. Соған ауыстым. Әке-шешемді көшіріп алу үшін сол жерге келдім. Екпінді ауылы Шамалған стансасының қасында. Әкем келген соң, сол ауылда малшы болды. Шамалған стансасында бас инженер болып көп жыл жұмыс істедім.
Үлкен ұлымнан екі қыз немере, үлкен қызымнан қыз немере, кіші қызымнан ұл немерем бар. Төртінші ұлым әлі үйленбеген. Үлкен ұлым Азамат ауылшаруашылық бойынша инженер-механик мамандығын тәмамдаған. КИМЭП-ті бітірген. Қазір Алматыда тұрады. Өзінің кішігірім кәсібі бар. Үлкен қызым Әсия Алматыдағы технология институтын тәмамдаған. Нархоз бен Абылай хан атындағы Шет тілдер институтын бітірген. Қазір шаруашылыққа байланысты жеке мекемеде істейді. Одан кейінгі қызым Әлия Күләш Байсейітова атындағы консерваториядан альт пен скрипка бойынша білім алған. Ал кіші ұлым Самат КБТУ-дың ФЭНГИ факультетін бітірген. Балаларымның бәрі жоғары білімді.
Әңгімелескен Нұрлайым Батыр
Дереккөз: "Ана тілі" газетінің сайты