Главная Новости 30 жыл – 100 мың шақырым!
09 маусым 2021, 12:33 1078

30 жыл – 100 мың шақырым!

30 жыл – 100 мың шақырым!

Салауатты өмір салтын ұстану үшін күнделікті кемі 4-5 километр жаяу жүру кеңес етілген. Ол жүректің жұмысын жақсартады, көңіл-күйді көтереді, сансыз дерт түрінен сақтайды. Ауырмаудың бірден-бір жолы, міне, осы. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Петропавл қаласындағы №1 пошта бөлімшесінің пошташысы Татьяна Новикова тек қызмет бабында ғана күніне 13-14 шақырым жол жүреді. Жол жүріп қана қоймай, өз учаскесінің тұрғындарына хат-хабар таратып, қуаныш сыйлай жүреді.

 

Татьяна Новикова 30 жылда 100 мыңнан астам шақырымды бағындырса, бұл әлі де жалғасып жатқан «марафонға» ол алғаш 1990 жылы қосылған болатын. Мектепті жаңа тәмамдаған кезі, «екі қолға бір күрек керек». Бағына қарай, пошта қызметіне жол түседі. Татьяна таңдаған кәсібінің аса жауапты екенін сезінеді. Тұрғындар пошташыны асыға күтетіндіктен, оларға хат-хабарлар мен газет-журналдарды уақытында жеткізу қажет. Әлбетте, 17 жастағы бойжеткен үшін адамдармен тез тіл табысу оңай болмағаны анық. Бірінші жылы жұмыс қиынға соғады. Бірақ, Татьяна оған мойи қоймайды.

«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретіндердің қатарынан емеспін. Қызметімді мінсіз атқарып, көпшіліктің көңілінен шығуға тырыстым. Нәтижесінде еңбекқор маман ретінде халықтың алғысына бөленіп, марапаттар мен медальдарды иелендім. Ал 2000 жылдың басында жергілікті үздік пошташы атандым. Адал еңбегімнің жемісі мені жігерлендіре түсті», – дейді пошташы кейіпкеріміз.

Татьянаның өз кәсібіне берілгені сондай, пошта саласында қызмет етіп келе жатқан 31 жыл ішінде бірде-бір рет жоспарсыз демалыс алған емес. Әрине, қажетсінсе, хат-хабар тарататын адам табылар ғой. Бірақ, учаске тұрғындары тек хат қана емес, Татьянаның өзін де тағатсыздана күтеді. Адамдармен әңгімелесу – көңілге медеу. Ал Татьяна тұрғындардың бәрін танып қоймайды, олармен тіл табыса да біледі. Жасымен де, жасамысымен де. Кейде бөгелуіне тура келеді. Көбіне қариялар әңгімеге тартады. Олар өздерінің өмірі, біліп-түйгендері жайлы әңгімелейді. Міне, сол үшін де Татьяна жұмыста артық уақыт демалыс алмайды.

«Әсіресе, зейнеткерлер мен қариялар бізді асыға күтеді. Олар үшін пошта бөлімшесіне барудың және кезекте тұрудың қажеті жоқ. Мен ниет білдіргендердің үйіне барып, тапсырыстары мен сұраныстарын білемін. Кейде өздері хабарласып, қашан келетінімді біліп тұрады. Жергілікті, облыстық және республикалық газеттер мен журналдарға көбіне егде жастағы тұрғындар жазылады. Балалары үшін журналға жазылатын отбасылар некен-саяқ. Ал жастар «қажеттінің бәрін ұялы телефоннан оқып білеміз» деп жауап береді», – дейді Татьяна.

Учаскедегі шамамен 40 шақты үй Татьянаның қарауында. Осы үйлер арасында күнде 13-14 шақырым жол жүреді. Соның арқасында денесі шымыр, өзі үнемі ширақ. Күніне ондаған баспалдақпен көтерілетін Татьяна өзін спортшымен теңестіреді. Әрбір пошташы өз учаскесінде тұрғындарға газет-журналдарды, хат-хабарларды тапсыруға асығады. Әуелі оларды сұрыптаушылар іріктейді. Кейін пошташылар тіркеп, өз бағдарын белгілейді.

Татьянаның жасы 50-ге қараса да, ол заман ағымынан қалмай, ақпараттық технологиялардың тілін меңгеріп алған. Онсыз пошта қызметі қиынға соғар еді.

«Негізінен ақпараттық технологиялар біздің жұмысты біріздендіреді және оңтайландырады. Оның арқасында хат-хабарлар мен газет-журналдардың жеткізілуін қадағалауға мүмкіндік бар. Хат немесе газет клиенттің қолына тапсырылған соң, оның жеткізілгені жайлы ақпаратты ұялы телефон арқылы ішкі жүйеге енгіземіз. Өте ыңғайлы және барлығы қолжетімді», – дейді Татьяна.

Рас, «ынта болса адамда» демекші, кез келген кәсіптің бүге-шігесін меңгеруге болады. Кез келген жұмыстың өзінің қызығы мен қиындығы бар. Жұмыс барысында көру-білу арқылы қажетті дағдылар бойға дариды. Тәжірибелі маман – басты тәлімгер.

«Жаңа адам қабылданған кезде оған жұмыстың ерекшелігін үйретіп, біліп-түйгеніммен бөлісемін. Оларды асқан жауапкершілікке, мұқияттылыққа, дөрекі болмауға шақырамын. Тұрғындардың көңіл-күйі әртүрлі болуы мүмкін. Десек те, сыпайы сөйлесу қажет. Тез тіл табыса білу, сабырлық пен төзімділік бойыңнан табылуы тиіс. Біздің жұмысымызға қарап, еліміздегі пошта қызметі жайлы пікір қалыптасады. Нағыз пошташы өзінің жері мен елін жақсы көріп, адал еңбек етуі тиіс. Өз басым мұны жете ұғындым. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп тектен-текке айтпаған ғой», – дейді пошташы маман.

Татьяна Новикова бүгінде тек учаскесінде ғана емес, отбасында да абыройлы. Ұлы мен қызын тәрбиелеп отыр. Оларды адал еңбек етуге, адамдармен сыйластықта болуға баулып келеді.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: