Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ЖЭО-2 электр цехының пайдалану жөніндегі инженері Дәурен Аяғанов Комбинаттағы екі жылға жуық қызмет өтілінде өзінің білім-білігімен, жауапкершілігімен көзге түсіп үлгерген жас маман. 26-ға енді ғана толса да білдей бес дипломның иесі!
Сонымен қатар, Стратегиялық менеджмент бағдарламасы бойынша бизнесті басқару магистрі кәсіби дәрежесіне, PhD ғылыми атағына қол жеткізсем деген армандары тағы бар.
«Біліммен мыңды, білекпен бірді жығып» жүрсем деген ниетпен қызметтен бос уақытта пауэрлифтинг спортымен айналысамын. Қазір спорт шеберлігіне үміткерлік нормативін тапсыруға дайындалудамын. Ал оқу-білімге кішкентайымнан құмармын. Өзіме биік талаптар қоямын, алға қойған мақсатыма жету жолында тыным таппаймын. Жақында «Nur Damu Kazakhstan» зияткерлік орталығынан тез ойлау, жылдам оқу курстарын тәмамдадым. Басқа жастарға да болашақтың берік негізін қалайтын жастық шақты бекерге өткізіп алмай, біліміңді жетілдіріп, қоғамға пайдалы іспен шұғылдану керек деген ақыл айтар едім», - дейді оқымысты жігіт.
Дәурен Аяғанов Ақтау қаласыдағы №28 орта мектепті бітірген соң Ресейдің Тюмень мемлекеттік мұнай университетінің электр энергетикасы факультетінің грантын жеңіп алып, белсенді студенттердің бірі болды. Сол жердегі қазақ ұлттық-мәдени орталығының жұмысына да атсалысып, қазақ тілін үйрету курсын ашты. Университет қабырғасында халықаралық, ресейлік ғылыми конференцияларға қатысып, «Жаңартылатын энергия көздері» тақырыбында баяндамалар жасады, фотоэлектрлік элементтерді (күн батареясы) зерттеу туралы бірнеше мақалаларды жариялады.
Сонымен Университеттің үздік студенті Дәурен бірнеше факультетті қатар оқуға шешім қабылдады. Осылайша ол электр энергетикасы, экономика, мұнай, заң факультеттерін бірге тауысып, одан әрі магистратураның да грантын жеңіп алды. Бірнеше дипломы мен мамандығы бар жас жігітті Ресейдің көптеген ірі компаниялары, кәсіпорындары қызметке шақырды. Әйтсе де үйдің кенже ұлы ата-анасының қалауымен елге оралды.
«Білімімді қанша шыңдап келсем де маған жұмыс табу қиын болды. Сосын Тюмень университеті ректорының және Тюмень қазақтарының ұлттық-мәдени орталығы президентінің берген ұсыным хаттарын алып, облыс әкімшілігіне бардым. Сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Алдашев мырзаның қолдауымен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС басшылығымен кездестім. Бас директор Қайрат Әбдірәсілов жоғары білімімді ескеріп, ЖЭО-2 бөлімшесіне жұмысқа қабылдады. Маған үлкен сенім артып, жауапты жұмысты бастауыма қолдау білдірген ол кісіге рахмет айтқым келеді. Қызметке орналасқалы көп тәжірибе жинақтап, мамандығымды тереңірек меңгерудемін десем болады. Үйретуден жалықпайтын Н.И.Маленький, В.В.Шабалдас, О.Г.Тихонова сынды аға буын әріптестеріме алғысым шексіз. Ұйымшыл ұжымдастарыма да ризамын», - дейді дарынды замандасымыз.
2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Дәурен осы атаулы жылдың аясында жас мамандарға, оның ішінде шетелде білім алған жастарға ірі кәсіпорындар конкурстық таңдаулар өткізіп, жұмысқа қабылдау қажет деп санайды.
«Әйтпесе, көптеген білімді жастар шетел асып кетіп жатыр. Оларды әлеуметтік жағынан да қолдаған абзал. Жоғары білімі жоқ мықты мамандар да бар. Бұлардың болса, білімін жетілдіруге мүмкіндік жасаған жөн», - дейді арманы биік, елге жанашыр озық ойлы кейіпкеріміз.
Гүлбаршын БАЙНАЗАРОВА