Главная Новости Әже әлпеші – тәрбие кеніші
21 қаңтар 2022, 13:20 1659

Әже әлпеші – тәрбие кеніші

Әже әлпеші – тәрбие кеніші

«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп ата-бабаларымыз босқа айтпаса керек. Қазіргі таңда әріптестеріміздің арасында жұмыстан тыс уақытында қосымша кәсіппен айналысып, тіпті оның жемісін көріп жүрген жандар қаншама. Бүгін солардың бірі «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының әлеуметтік мәселелері жөніндегі жетекші маманы Айгүл Аманджанова жайлы сыр шерткелі отырмыз.

Әріптесіміз Айгүл Төлебайқызы атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған ерке қыз. Үлкендердің ғибратты әңгімелері мен өнегесі әсер еткен болса керек, Айгүл шығармашылыққа құштар, алғыр болып өсті. Бала күнінен қолөнерге бір табан жақын болды. Оған себеп – Айгүлді бауырына басып, әлпештеген әжесінің ісмерлігі.

«Ауылда өткен күндерім қызық еді – әжем ала таңнан күн батқанға дейін тыным таппай шаруада жүретін. Киіз басады, өрмек тоқиды, киім тігеді. Ал маған соның бәрі қызық... Жанынан бір елі қалмай, әжемнен қалған қиындыларды жинап қуыршақтарыма киім жасап, өзімше іс қылатынмын. Тіпті өскенде әжем секілді шебер боламын деген балалық арманым да болып еді», – деп еске алады Айгүл қазір балалық шағын.

Армандар орындалады демей ме?! Сол қолөнер бүгінде Айгүлдің жансерігі, сүйікті ісі. Қолы қалт етсе қазақтың қыз-келіншектеріне арналған ұлттық нақыштағы бұйымдар, тастармен көмкерілген сәукеле, диадема, алқа, сырға, белбеу, дәм салатын қоржындар жасайды. Алғашында ермек үшін ғана айналысатын бұл шаруа кейін тұрақты кәсіпке айналды. Оған түрткі – тағы да сол әжесінен көргені мен түйгені. Апасы тұрмысқа шығарда әжесінің Айгүлдің анасы келін болып түсерде арнап жасап берген сәукелесі шабыт беріп, алғашқы ауқымды қолөнер туындысын жарыққа әкеледі. Апасының ұзатылу тойына киетін киімдерін өз қолымен әзірлеп, мінсіз де сапалы жұмысына өзінің де өзгелердің де көңілі толады. Осылайша ағайын-туыс, таныстардың жылы пікірлерін естіп, азды-көпті тапсырыстар келе бастайды.

«Бала кезден мата мен қайшы, ине мен жіп жаныма серік болғаны осы күні қуантады. Қазір маңдай теріммен аз да болса қосымша қаржы тауып отырған жайым бар», – дейді Айгүл Төлебайқызы.

Дегенмен, айтуға жеңіл болғанымен су моншақтар мен тастарды үйлесімді етіп тізудің өз машақаты бар екені сөзсіз. Бірнеше сағат бойы бір орында тапжылмай отырып, түсі мен пішінін қиыстырып кішкене моншақтардан үлкен бұйымдар жасау табандылық пен шыдамдылықты қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Үлкен еңбек! Айгүлдің қолынан шыққан туындылар қазір сұранысқа ие. Өйткені оның туындыларының өзіндік ерекшелігі бар. Айгүл өнімдерін бір рет той үстінде ғана қолданатын етіп емес, кейін де түрлі стильдегі киімдермен үйлесіп, қыз-келіншектердің назды бейнесіне қазақи рең беріп тұратындай етіп жасайды. Сондықтан Айгүл есімі қолөнер әлемінде бүгінде брендке айналды десек те болады!

Ендеше, қосымша кәсібінің нәсібін көріп отырған әріптесімізге еңбегі жанып, кәсібінің қуаты арта берсін демекпіз. Ұлттық болмысымыздың айшығы – ұлттық өнерімізді жаңғыртып жүрген мұнайшы қызға сәттілік серік болсын!

Дереккөз: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: