Главная Новости Әлем таныған Құрал Жоламан – «Маңғыстаумұнайгаз» маманы
02 желтоқсан 2022, 12:40 1049

Әлем таныған Құрал Жоламан – «Маңғыстаумұнайгаз» маманы

Әлем таныған Құрал Жоламан – «Маңғыстаумұнайгаз» маманы

Құрал Жоламан әке ізін қуып қаржы саласының маманы болды. Әкесі Толыбай Таласбаев бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қаржы департаменті, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарып келеді. Өнегелі отбасында өскен Құрал аз уақыт ішінде біршама білім жиып, шетелде кәсіби біліктілігін шыңдаумен бірге, түрлі әлемдік додаларда ел атын шығаруға күш салып жүр.

Құрал Жоламан – асыл жары Банумен үш бала тәрбиелеп отырған әке, отбасындағы төрт баланың үлкені, інілері мен қарындасының үлгі тұтар ағасы. Өзімен бірге оқыған інісі Құрмет «XXI ғасыр - Көшбасшысы» сайысына қатысып, өзі оқитын гимназия мектебінің туын көктен желбіретсе, қарындасы Аймен Маңғыстау облыстық Дарын мектебін Алтын белгімен бітірді. Кіші інісі Қанатбек Назарбаев Зияткерлик Мектебін үздік аяқтап, қазір Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында оқуын жалғастырып жатыр.

Жоламан Толыбайұлы 1990 жылы 14 желтоқсанда Түрікменстан Республикасының Кушка аймағында туған. Арғы аталары 1920-1925 жылдары Жармыш ауылы, Аманқызылит мекенінен Түрікмен жеріне қоныс аударған. 1854 жылы салынған Ақмағамбет атасының қима тамы және Ақжардағы Жалғасбай атасының күмбез тамы Маңғыстау облысының тарихи жәдігерлері қатарынан ойып тұрып орын алады. Кәрі атасы Таласбайдың аты Ақжардың солтүстігіндегі жалымен жергілікті халыққа танымал. Өз атасы Жоламан 1938 жылы қиын-қыстау кезеңде Ашхабадтағы педагогикалық институтты, математика пәнінің ұстазы болып бітірген алғашқы түлектердің бірі болған. Әжесі Ақжал Ақшымыраудағы төрт-түлігі түгел, бай-дәулеттілігімен елге танылған Дәулеталы Жары руының Жаманшаұлы Балмудың төрт баласының ішіндегі жалғыз қызы.

Ата-әжесінің мейіріміне шомылып, ата-анасының текті тәрбиесін бойына сіңіріп өскен Құрал бала күнінен білімге құштар болып өсті. Маңғышлақтағы жалпы орта білім беру мектебінде оқыған ол кейіннен Ақтау қаласындағы экономикалық лицейді үздік тәмамдады. Мектеп қабырға-сында жүріп республикалық «XXI-Ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының Маңғыстау облысы бойынша іріктеуінде сүрінбей өткен он шақты оқушының бірі – өзі, екіншісі – інісі Құрмет болды. Егіздің сыңарындай екі бауыр шынашақтай шағында-ақ, сол республикалық сайысқа қатар түсіп, Құрал үшінші орынды, інісі Құрмет бірінші орынды еншілеп, туған өлкенің туын көкке көтерген еді.

Мектепті үздік бітірген қос түлек, арман қуып еліміздің беделді оқу орны КИМЭП-тің студенті атанады. Университетте жүріп алғырлығымен көзге түскен ағалы-інілі студенттер Канада елінің Ванкувер қаласына бір жылдық оқуға жолдаманы жеңіп алады. Білім ордасында Қазақстан жастарының одағын құрып, алғаш рет университетте Наурыз мейрамын ұйымдастырып, шетелдік студенттер мен ұстаздарына қазақтың салт-дәстүрін таныстырды. Елге оралған соң, Құрал 2011 жылы КИМЭП-те экономика жөніндегі Вице президентінің сайлауына кандидаттығын ұсынып, дебат форматындағы сайлау қорытындысында көпшілік қолдауымен жеңіске жеткенін де ерекше атап өтуге болады.

Жоғары оқу орнын айрықша жетістіктермен аяқтап, Вице президент лауазымын абыроймен атқарған Құрал Толыбайұлы КИМЭП университетінің Президенті Чан Йан Бэнг мырзаның да назарынан тыс қалмады. Бэнг мырза Құралдың еңбек жолына ақ жол тілеп, қолын алып, жеке өз атынан арнайы ұсыныс хатын табыстағаны да бір төбе мәртебе еді. Содан Қазақмыс, Шеврон бастаған үлкен мекемелермен қатар, бухгалтерлік есеп және аудит саласынының үлкен төрттігінен де жұмысқа шақыртулар көп болды. Мұнайлы мекеннің тумасы Құрал әлем бойынша үлкен төрттікке кірген, аудиторлық Ernst&Young компаниясында еңбек жолын бастауды жөн көрді. Болдым - толдым деуді, біліктілігін шыңдау жағынан шаршауды білмейтін ол қызметімен қатар КИМЭП-те магистратураны да оқыды.

Қызметте жүрсе де жас жалынға жан-жақтан жұмыс ұсыныстары толассыз түсіп тұрды. 2017 жылы PricewaterhouseCoopers компаниясы Құралды БАӘ және Ұлыбританиядағы кеңсесінің біріне жұмысқа шақырады.

Үй-ішімен ақылдасып, тәжірибе алмасу үшін, қазіргі таңда экономикасы қарқынды дамып тұрған Дубай әмірлігіне қызметін ауыстыру жөнінде шешім қабылдаған Құрал бүгінде Медиклникл Мидл Ист (Mediclinic Middle East) компаниясының аға қаржылық талдаушы қызметін абыроймен атқарып жүр.

Шетелдегі аса жауапты қызметімен қатар қаржы саласының бүкіл майталман мамандарының қолжетпес арманы саналатын АССА (қаржы, есеп және аудит саласындағы мамандарды біріктіретін жаһандық кәсіби қауымдастық) сертификатына 13 пәннің емтиханынан сүрінбей өтіп 2017 жылы ие болғаны да Құралдың ең ірі жетістіктерінің, кезекті жеңістерінің бірі екені сөзсіз.

Үнемі үздіксіз ізденіс үстінде жүретін Құрал туған елін әлемге танытудың алғашқы қадамдарын жасады. 2018 жылы Түркияда өткен кросс континентальдық жүзуге қатысып, Босфор бұғазы арқылы Азиядан Еуропага жүзіп өтті. Осы жылы 30 қыркүйекте Гибралтар арқылы «Еуропадан Африкаға» кросс жүзуге қатысты. Бапкерлері Құралдың елеулі жеңісінен кейін «Америкадағы әйгілі Ла-Маныш бұғазын бағындыруға толық мүмкіндігің бар» деп баға бергені жас спортшыға үлкен жігер сыйлады.

Құрал – мұхиттың 16,7 километрін 5 сағат 58 минутта гидрокостюмсіз бағындырған алғашқы қазақстандық қаҺарман. Әлем бойынша бүгінгі күнге дейін Гибралтар бұғазын жүзіп өткен 740 спортсмен белгілі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Эверест шыңын осы күнге дейін 10184 адам бағындырған.

Әлемге әйгілі Гарвард, Кэмбридж оқу орындарында білімін арттыруды мақсат еткен ұл болашақта елге оралып, ерік-жігерін, білік-білімін ел экономикасын көтеруге жұмсамақ. Атақты оқу орындарының үміткерлерге қоятын талабы тым бөлек. Үлкен жетістігің, қайсарлығың мен табандылық секілді қасиеттеріңмен қоса, туып-өскен еліңе, жеріңе деген патриоттық сезіміңе де аса мән береді. Құралдың жоғарыдағы жетістіктерінің барлығы отанына деген ыстық ықыласын дәлелдеп, Гарвард немесе Кэмбридждің алып қамалын алуға септігін тигізеді деп сенеміз.

Біздің Маңғыстауда «қай елдің баласы екен», «қай жердің баласы десеңші!» деген сөз бар. «Жақсыдан жақсы тусашы, ата жолын қусашы» деген тілекші көңілдің аржағында үлкендердің жүрегінің түкпірінде адастырмас жолды, бұлтартпайтын мақсатты, ақыл мен кісілікті мұрат еткен ұрпақтың болғанын қалайтын жан қалауы тұрады-ау... Ендеше Құралдың өз қатарластары арасында оқ бойы озық болатыны тегіннен тегін емес екен.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: