Главная Новости Әнші, сазгер Марат Сәулебай: Маған көктем шабыт сыйлайды
04 сәуір 2022, 13:10 2758

Әнші, сазгер Марат Сәулебай: Маған көктем шабыт сыйлайды

Әнші, сазгер Марат Сәулебай: Маған көктем шабыт сыйлайды

«Қаражанбасмұнай» АҚ Әлеуметтік жұмыс департаментінің маманы Марат Сәулебай – компаниядағы өнерлі де белсенді қызметкерлердің қатарынан саналады. Іскерлігі мен мінез жайлылығынан бөлек, мәдени-рухани байлығымен де бірегей. Сахна мен мерекелік кештің гүлі. Өзі саз жазып, өзі ән салып жатса, шапалақ та, марапат та Маратқа арналмай ма? Осы орайда біз көктем күнінде «мұнайшылар мәдениетін» асқақтатып жүрген Маратпен аз-кем әңгіме құрдық.

Марат мырза, әңгімені шығармашылық жолға алғашқы қадамыңыздан бастасақ. Тағдырдың сыйы ма, көңілдің күйі ме бұл өнер?

– Әншілік – әкемнің қанымен,анамның сүтімен келген қасиетті өнер. Мектеп қабырғасында жүргенде алғаш ән сала бастадым. Мектепішілік, аудандық, облыстық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдым. Арғы аталарым Сәулебай, Қойлыбай да өз тегінен қан арқылы беріліп келе жатқан киелі өнерді серік еткен жандар болған. Аузында – бабалардың сөзі, қолында – қазақтың қара домбырасы болған екен. Әкем домбырашы болса, анам әнші. Аға-апа, іні-қарындас бауырларым бәрі де өнерлі. Қазақтың танымал әншілері Сәкен Қалымов, Тоқтар Серік, Ұлықпан Жолдасов, Рамазан Стамғазиев, Нұрлан Өнербаев және өзге де өнер саңлақтарына еліктеп, әндерімен сусындап өстік.

Бүгінде бір компания ғана емес, бүкіл бір өңірдің мәдениет саласына үлес қосып жүрген әулеттің өкілісіз. Нақты қандай үлес қосып жүрмін деп есептейсіз?

– Нақты айтар болсам, 2012 жылы Сәулебаевтар жанұялық ансамблін құрдым. Ансамбль құрамында жан жарым және балаларым бар. 2017 жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығымен бізге «Халықтық ұжым» атағы берілді. Отбасылық ұжыммен балаларымды өнерге тәрбиелеп келемін. Сонымен бірге жеке шығармашылығыма көңіл бөлуді де қалдырмаймын.

Тамаша. Ал Сізді не шабыттандырады?

– Маған көктем шабыт сыйлайды. Таза ауа, көгорай шалғын, тылсым табиғат адам баласына өзгеріс әкеледі. Мен осындай шақтан өнеріме де, өміріме де нәр аламын. Жаным рақат табады. Осы кезеңде шабытым шарықтап, жан дүнием  тазарады.

Репертуарыңызда қандай туындылар бар?

– Репертуарымда Қазақстан композиторлары Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, Әбілахат Еспаев және басқа да өнер қайраткерлерінің әндері бар. Ол ағаларымызың әндері – дәуір талғамайтын рухани азық. Бұрынғы әндердің сазы бөлек, тембрі ерекше – жүректі тербейді. Нағыз жүректің, тыныстың әндері. Қазіргі әндер жүректің емес, «екі аяқтың әндері». Олардың болашағы жоқ деп білемін. Қазіргі сазгерлер айыпқа бұйырмасын, бірақ той-томалақ үшін шығаратын әндерге қатысты пікірім осындай. Патриоттық әндер жоқтың қасы. Ал менің әндерімнің бәрі – патриоттық әндер. «Қазақстан», «Ауыл арман», «Ініме хат», «Отпантау», «Балзибаның әні», «Ғасырдың түлектері» сынды өзге де әндерімді қазіргі таңда эстрада жұлдыздары Тамара Асар, Абай Бегей, «Самға» тобы, Ербол Құлтумаевтар орындап жүр.

Сәулебаевтар жанұялық ансамбліне балаларыңыз да мүше екенін айтып қалдыңыз. Сіз олардың өнерге өзіңіз баулисыз ба? Қазіргі таңдағы жетістіктерін атап өтсеңіз...

– Балаларым әлі мектеп жасында. Республикалық, халықаралық түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Шетінен ән айтады, домбыра тартады. Өнер мектебінде білім алып жатыр. Жалпы, мен үлкен отбасында өскен жанмын. Әке-шешем – 17 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген жандар. Жапырағы кеңге жайылып, бүгінде немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Өзімнің шағын отбасымда екі ұл, үш қызым бар. Жолдасым Жемісгүлдің де мамандығы – музыкант. Ол жанұялық ансамбльдің сүйемелдеушісі.

Марат мырза, дегенмен музыка – сіздің жалғыз қырыңыз емес секілді. Жыр мүшәйрасынан алған жүлдеңізден де хабарымыз бар...

– Қазақта «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген мақал бар. Сазгерлікке бейім болғасын ақын болып көп өлең шығармадым. Өзімді ақынмын деп есептемеймін. Жас кезде жігіттікпен қыздарға өлеңмен хат жазып, қалам мен қағазды серік еткенім рас. Арасында шабыт келгенде түртетініміз бар. Бірақ, менің бойымдағы ең жаман қасиет – шығарған өлеңдерімді сақтамайды екенмін. Ал әндерімнің сөздерін Ырза Оңғарбай, Ерекен Қорабаев, Гүлнар Науырша, Шынар Түйешиева, Алмас Алтай сынды ақындарға жаздырып жүрмін. Осы ақындармен шығармашылық байланысым жолға қойылған.

Ақындықты қойғанмен, өнер мен қызметті қатар алып жүрсіз. «Қаражанбасмұнай» компаниясында қандай істермен шұғылданасыз?

– «Қаражанбасмұнай» АҚ-нда 2013 жылдан бері «Әлеуметтік жұмыс департаментінде» қызмет етіп келемін. Мұнайшылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында әр түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырамын. Концерт, байқаулардан бөлек, мәдени демалыс орталығында әр түрлі үйірмелер қызметін жүргіземіз. Халыққа жақсы фильмдер ұсынамыз. Компанияда 5 мың кітап қоры бар кітапхана, күніне 100-150 адамды қамти алатын спорт жайы бар.

Қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру Сізге қаншалықты қиын? Әлде олар бір-бірін толықтыра ма?

– Еш қиындығы жоқ. Қызметім шығармашылықпен үйлесіп тұрғандықтан, екеуін оңай қатар алып жүрмін. Оның үстіне қызметте де, бос уақытымда да шығармашылықпен айналысуға толық мүмкіндігім бар.

Компанияда қызметкерлер арасында өнерді дамыту, өнерлі жұмысшыларды ынталандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылады?

– Қаражанбас кенорында 10 күндік вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. Қаражанбаста шығармашылыққа бейім адамдар аз емес. Бірі өлең ш ығарса, енді бірі өлең оқиды. Ән айтып, домбыра тартатын адамдарды ортаға тартып, сахнаға шығарамыз. Жыл сайын жоспарға сай жазба ақындар мүшәйрасын, домбыра пати,көркем сөз байқауын және өзге де түрлі байқауларды өткіземіз. Мерекелерде мұнайшылармен бірлесіп концерттер қоямыз. Айталық, сәуір айында мұнайшылар арасында өтетін «Әуенді тап» сайысы күтіп тұр. Қазір соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қызметтегі жетістіктеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

– 2007 жылдан бері таратар болсам, Түпқараған, Маңғыстау, Мұнайлы аудандарының әкімі, Nur Otan партиясы Түпқараған ауданы бойынша төрағасының бірінші орынбасары, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысы, облыс әкімінің орынбасарының қолынан бірнеше мәрте алған алғыс хаттар бар. 2007 жылы Қазақстан Тәуелсіздігіне арналған облыстық «Жыл әні» байқауында І орын иелендім, 2020 жылы Нұр-Сұлтан қалалық «Alash өнер орталығы» директоры Арайлым Бақсейітқызы арнайы «Құрмет грамотасын» табыстады. Дәл осы жылы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Құрмет грамотасына» ие болдым. Тізімді 2021 жылы «Bilim-Orkeniet» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырған байқауда еліміздің рухани және әлеуметтік дамуына қосқан айрықша еңбегім үшін берілген «ҚР құрметті азаматы» төсбелгісімен түйіндеуге болатын шығар. 

Сұхбатымызды алдағы шығармашылық жоспарларыңызбен түйіндесек...

– Жылдың аяғына дейін облыстық деңгейде, анамды, ағаларым мен апаларымды ортаға алып, Сәулебаевтар жанұялық ансамблінің шығармашылық концертін берсем деген жоспарым бар.

Бәрекелді. Әңгімеңізге рахмет!

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: