Главная Новости Әз Наурыздың мерейлі сәттері әлі алда
08 сәуір 2019, 10:25 3604

Әз Наурыздың мерейлі сәттері әлі алда

Әз Наурыздың мерейлі сәттері әлі алда

Ұлыстың ұлы күні де иек астында келіп қалды. Самарханның көк тасы еритін Әз Наурыздың қарсаңында ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Алмаз Нұразхан мырзамен мерейлі мейрамның мән-мағынасы туралы, еліміздің басты мұражайында атқарылып жатқан жұмыстар, өзімізді қызықтырған басқа да мәселелер жайлы әңгімелескенді жөн көрдік. Мәдениет қайраткері бізбен әңгіме барысында тарихқа біраз тереңдеп, сонау бағзы замандағы Тутанхамонмен құрдас «Тобыл ойшылы» туралы да тоқталды.

- Алмас Шайкенұлы, белгілі ғалым, мәдениеттанушы ретінде Наурыз мейрамының қазақ халқына, жалпы адамзатқа ортақ мұра ретіндегі қандай тұстарын атап өтер едіңіз? Әйтпесе, қытымыр қыстан соң жадыраған көктем келіп, шүкірлік айтқанымызбен, оның шын жылуын сезбей жататын сияқтымыз...

- Елбасының Тәуелсіздігіміздің онжылдығы тұсында еліміздегі түбегейлі оң өзгерістер туралы айтқан мынадай сөздері есіме түсіп отыр: «Бұдан он жыл бұрын мұның бірде-бірі болмаған еді, қазір бәрі бұрыннан осылай келе жатқандай қабылданып жатыр».  Наурыз туралы да дәл солайдеуге болады. Біз Ұлыстың ұлы күні мерекесін тойламақ түгілі, оның атын атауға тыйым салынған кезеңдер болғанын естен шығармауымыз керек. Сол кезең мен қазіргі жағдайды салыстырып, жақсылығын түсіне білгеніміз жөн.

Мемлекет басшылығының байыпты саясатының арқасында Ұлыстың ұлы күні ортамызға қайтып оралғанда халқымыз жатсынбай, жатырқамай, оны өзінің ғасырлар бойғы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен толықтырып байытты. Ондаған жылдар бойы тойланбағандықтан, сол екі аралықта аға буын өкілдері ауысып, Наурызды тойлау тәжірибесі ел жадынан шыға бастағанын де ескерген ләзім. Бұл орайда ғалымдар үлкен еңбек атқарды. Қоғам жоғары қайта ұсынылған құндылықтарды жылы қабылдап, жас ұрпақтың санасына сіңіруде жақсы рөл атқарып отыр. Қазақстанды мекендейтін басқа ұлыстардың жаңа мазмұнмен түрлендіріп отырғанын да атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы, Наурызды жыл басы деп тану туралы келелі ой қозғады. Бұл тұрғыда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жақында жарық көрген мақаласы жұртшылық арасында жақсы қозғау салды.

Сайып келгенде, Наурызға қатысты өзекті дүниелерді бір ізге түсіру қажеттілігі әлі де бар. Ізденген мұратқа жетпей ме, бұл жолда жақсы талпыныстардың бәрін қолдаған абзал деп ойлаймын. Қазақстан халқын біріктіретін, ұлтымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттау жөніндегі ізгі бастамалар туындар болса, неге құп алып, қуаттамасқа?!

- Осы жылға дайындаған сыйларыңыз қандай болар екен? Рухани жаңғыру дегенде Наурыздың еске түсетін қуаты қандай?

 - Ғалым, мәдениеттанушы екенімді өзіңіз атап өттіңіз. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, әлбетте, менің де өз ой-толғамдарым жеткілікті. Оны реті келгенде қалың бұқарамен бөлісетінімді құлақтандырып қояйын. Әзірге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің басшысы ретінде биылғы Наурызға байланысты үлкен шара өткізуді қолға алып жатқанымызға назар аударғым келеді. Ұжымның әлеуеті оған толық жетеді. Баршаңызды 19 наурыз күні шымылдығын түретін «Наурыз – жаңарудың нышаны» аттты шоқтығы биік шаралар шоғырын тамашалауға шақырамын. Сол жерде біраз дүниені көзбен көріп, көңілмен түйсінесіздер деген ойдамын.

Наурыздың қуаты туралы сұрағыңыз әбден орынды. Ең бірінші кезекте, жоғарыда айтқанымдай, бұл мерекенің біріктіруші фактор ретіндегі рөлін атап өтер едім. Осындай халпыхалыққа ортақ құндылықтарды насихаттайтын мейрам барша қазақстандықтардың татулығын нығайтады. Қазақ ұлтының мәдени мұраларын айшықтап, бедерлеп көрсетеді. Ең соңында әрбір пенде атаулыны күйбең тірлік көлеңкесінен алып шығып, қоғамға араластырады. Тұтас бір халықтың өкілі екеніңді еске салады.

 - Елімізде рухани дамытуда не жетіспейді? Өткеннен ажырап, болашаққа сенімсіздікпен қарайтын адамдар көбейді деген пікірмен келісесіз бе?

 - Менің есіме балалық шағым өткен Кеңес кезеңі түсіп отыр. Ол жылдар дін мәселесі жылы жабылып, молда, уағыз айтушы қауым қоғамнан алшақтатыла бастаған тұс еді. Сол шақта үлкендер жағы жаназамыз шықпай жерленер ме екенбіз деп қорқатын. Құдайға шүкір, дініміз қайта оралды. Басқа да жоғалған дүниелеріміз оралып жатыр Сондықтан, болашақ бұлыңғыр деген пікірмен келісу қиын. Өмір болған соң келеңсіздік те, кикілжің де ұшыраспай тұрмайды. Әр нәрсенің байыбына барып, салқынқандылықпен салмақтап шешкенді жөн деп санаймын.

 - Ұлттық мұражай табалдырығын аттайтын қонақтар қатары сиреп кетпеді ме? Олардың қызығушылығын арттыратын бүгінгі шешімдер қандай?

 - Сізге бір қызық дерек келтірейін, қай елде болмасын дағдарыс күшейген кезде музейге баратын адамдардың қатары күрт көбейіп кетеді екен. Бұл дегеніңіз, экономикалық дағдарыстың бәрі рухани жұтаңдықтан тумайтынын көрсетсе керек. Екіншіден, музейдің тұрмыста ауыртпалық көрген адамды жұбататын ерекше қасиеті бар. Өйткені, қазір адамдар «қиындық» деп атап жүрген мәселелерден де өте ауыр дәуірлерде ата-бабаларымыз өмір сүріп, әлемдік деңгейдегі өнер жауһарларын тудыра білген. 

Жалпы, біздің музейде келушілердің қызығушылығын тудыратын дүние өте көп. Театр киімілгіштен басталса, музей табалдырықтан басталады. Табалдырықтан бастап - төрге дейін үздіксіз үйлесім болу керек. Оған ішкі безендіру жұмыстары, интерьер, ресепшннен экскурсия жүргізушілерге дейін кіреді. Осыны ұйымдастыру – менің жұмыстағы басты мақсатым. Күнделікті тындырылған шаруаларды тізбелемей-ақ қояйын, оның бәрін Ұлттық музейге күн сайын келіп жүрген адам өзі аңғарса екен деп армандаймын.

- «Ұлы даланың жеті қырына» заттай айғақтың бәрі сіз басқарып отырған Ұлттық музейден табылатыны рас па? Қандай жәдігерлермен мақтана аласыздар?

- Иә, бұл рас. Президенттің осы Ұлттық музейді салу туралы мәселе көтерілгенде айтқан алғашқы тапсырмасы бар – музей халқымыздың көнеден бүгінге дейінгі тарихын көрсете алуы керек. Сондықтан, Ұлттық музей ұлттың рухани байлығын түгел қамтыған.

Екінші сұрағыңызға әзілмен жауап беруге болады. Отбасында қай баланы артық жақсы көресің дегенге ата-ана қалай деп жауап берер еді?! Музейдегі жәдігерлер де сол сияқты. Үлкен-кішісіне, өмір сүрген кезеңіне қарамастан барлығы да зор құндылыққа ие. Мәселен, сонау перғауын Тутанхамонмен құрдас, адамның алақанына сыйып кетерлік «Тобыл ойшылы» деген құйтақандай ескерткіш бар. Оның маңызын түсінбеген адам «Алтын адамның» қадірін біле қоюы екіталай.

- Жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Қылқаламнан туған соңғы сырларыңызбен бөліссеңіз...

 - Өзіңіз білесіз, Ұлттық музейге жақында ғана келдім. Әрине, оның ішкі қыр-сыры маған бұрыннан етене таныс. Музейге қатысты үлкен жобаларым бар, үлкен ішкі дайындықпен келдім деп айтуға болады. Уақыт күтпейді. Қазірдің өзінде бастап кеттім. Сол себепті шығармашылық жұмыстарым әзірше екінші кезекке ысырылды деуге болады.

Жаныма жақын, жүрек қалауымен таңдап алған кәсібім болғандықтан, терең ойлар түнімен маза бермейтіні рас. Шабыт буады деуге келеді. Ол толғаныстар туралы келесі бір ретте кеңінен әңгіме-дүкен құрсақ қайтеді?!...

- Жақсы, аға. Амандықта жүздескенше!

Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: