Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Алматы облысындағы жайлы мектептердің қатары артты. Қолданысқа тапсырылған заманауи білім ошақтарының тізімін Алатау қаласына қарасты Еңбек шағын ауданындағы нысан толықтырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы елді мекендегі өзекті мәселені шешті. Бүгінде дейін ауылда бір қабатты ескі бастауыш мектебі ғана жұмыс істеп келген. Ал 5-11 сынып аралығындағы ұл-қыздар көршілес орналасқан Жетіген ауылына автобуспен қатынап оқыған. 4-5 шақырымдық жер әсіресе қыс уақытында ыңғайсыздық тудырған. Қолайсыздықтың біржақты етілгеніне жергілікті тұрғындар дән риза.
Білім ошағы бір кезекте 600 оқушыға арналған. Нысан ауылдағы оқушы орындарының қажеттілігін толық қанағаттандырып отыр. Қуантарлығы сол жаңа мектептің жайлылығы да, жарақтандырылуы да жоғары деңгейде әрі ішкі дизайнына ерекше көңіл бөлінген. Дәліздері ашық түсті, қабырғаларға суреттер мен белгілі тұлғалардың бейнелері, цитаталары салынған. Кабинеттердегі көрнекілік тақырыпқа байланысты бейімделген. Мұндай заманауи оқу ұясында білім алуға балалар асығып-ақ келері сөзсіз.
Алматы облысының Іле ауданында 2023 жылы 4 жайлы мектептің құрылысы бастау алған болатын. Бүгінде Еңбек елді мекенінде 600 орындық білім ошағы қолданысқа тапсырылды. Қазір Қоянқұс, Қарасу мен Тілендиев ауылдарында 900 орынға шақталған нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.