Главная Новости Айхановтың немересі тек алтынға ұмтылады
09 қазан 2019, 10:46 1911

Айхановтың немересі тек алтынға ұмтылады

Айхановтың немересі тек алтынға ұмтылады

Сеулсейіт Айханов Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, атақты палуан Әбілсейіт Айхановтан тікелей тараған ұрпақ өкілі. Қазақ күресінің қара нары 1988 жылы туған немересінің атын сол кезде өтіп жатқан Сеул Олимпиадасының құрметіне қойыпты.

Кейіпкеріміз таяуда Нұрсұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында грэпплингтен қола жүлдеге ие болды. Сеулсейіт дүбірлі додаға Ташкент қаласында осы грэпплингтен Азия чемпионатында жеңіске жеткен соң, үзіліссіз талмай тер төгіп дайындалыпты. Ал спортшыға өзінің төл жұмыс орны "Қазақтелеком" компаниясы жауапты шараға алаңсыз әзірлік үшін барлық жағдайды қамтамасыз еткен.

Елордадағы ерекше ерік-жігер мен қажырлы күш-қайрат таразыға салынған, жеңіске жету оңайға соқпаған жарыстан соң спортшыға хабарласып, қал-жағдайын сұрадық.

  • Білетіндер атаңыздың өте намысқой, мінез-құлқы ерекше тұлға болғанын айтады. Тіпті 2011 жылы 70-тен асса да «шетелдік спортшыларды жалдау азаймаса, Лондон Олимпиадасына барамын» деп ширығыпты. Ол кісі Сізге қандай тәрбие берді?

  • Иә, рухы пейіште шалқығыр жарықтық атам мені қатты жақсы көретін. Үлкен немересі ретінде 16 жастан өзі еркін күреске жаттықтырып, тәрбиеммен айналысты. Жалқаулығым ұстаса, намысымды жанып, сәл жақсылық көрсе арқамнан қағатын. Содан он жыл бойы биік асуларға дайындады. Нәтижесінде спорт шеберлігін қорғадым. Саналуан сайыстарда жүлдеге ие болдым. Есімімді де арнайы спорт әлеміндегі басты оқиғаға орайлас таңдады.

  • Түсінгенім, астанадағы әлем біріншілігінде тек алтын жүлдені көздеген сияқтысыз. Бірақ қола да аз жетістік емес қой?

  • Расы керек, атам бұл дүниеден бақиға аттанғаннан кейін спорттан қол үздім. Грэпплингке бір жыл бұрын ғана бет бұрып, кешегі додаға әзірлікке кірістім. Жаз айларында Мәскеуге сапар шегіп, онда джиу-джитсуден үшінші орын еншіледім. Қыркүйек айы табалдырықтан аттай салысымен Ташкентте болып, Азия чемпионатын ұттым. Осындай жемісті белестердің қорытындысында Нұрсұлтандағы әлем чемпионатына жол ашылды. Дегенмен салмақты көп азайтып, қажығаным, қысқа уақытта қайта қалыпқа келіп үлгермегенім сыр берді ме, ширек сындағы кездесуде ұстанған тактикасы да, айла-тәсілі де ыңғайсыз италияндық қарсыластан жеңіліс таптым. Қорғанысымдағы әлсіз тұстарымды әбден зерттепті. Оның үстіне, әдетте грэпплинг сайыстарында кез-келген ниет танытушы өз салмағы мен жасына қарай қатыса беретін болса, бұл чемпионатта әр елден қатаң іріктелген сайдың тасындай 1 спортшыдан ғана бақ сынады. Жарыстағы соңғы мүмкіндік - келесі күндегі үшінші орын үшін жекпе-жек нағыз жан алысып, жан беріскен қызу айқасқа ұласты. Менен 8 жас кіші украиндық спортшы өжет, өршіл оғлан екен, түбіне дейін тіресті. Бірақ тәуекелге бел буып, толассыз шабуылдағанның арқасында 8:4 есебімен басым түстім. Жеңісімді атама арнағым келеді, бірақ мен үшін бейнесі мәңгі үлгі, ауыр және жартылай ауыр салмақтағы Қазақстанның 11 дүркін чемпионы атанған асыл жанға қоланы қорашсынып тұрмын. Алда, Алла қаласа, қол жеткізетін алтын жүлде міндетті түрде осы мақсаттың орындалуына арқау болады деп үміттенемін.

  • Биіктерге өрлеуде отбасы қолдауы, ошақ қасы жылуы қаншалықты әсер етеді? Әріптестеріңіз жұмыстан тыс сүйікті ісіңізге, ермегіңізге қалай қарайды?

  • Жасыратыны жоқ, 18 жасымда ерте үйлендім, қазір 3 балам өсіп келеді. Үлкенім 7 сыныпта оқиды. Отбасымыз түгел спортқа құмар. Қайта бабыма келіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізе бастағаныма барлығы мәз болып, сенімді жанкүйерлерім қатарына қосылды. Туғандарыма, өзге де жанашыр қауымға алғысым шексіз. Бір уақытта, жоғарыда әңгімелегенімдей күресті тастап, бизнеске ден қойдым. Міне жарты жылдан асты "Қазақтелеком" компаниясының қабырғасында өзімді байқап көруге бел будым. Мұндағы орта, басшылық саясаты, ұжымдас жандардың үнемі жадыраңқы көңіл-күйде жүруі ұнайды. Таңертең жұмысқа келгенге дейін және кешке қайтқанда жаттығуда бой жазып, тер төгемін. Сондықтан күндіз өнімді еңбек етуіме адал серігім - спорт еш кедергі жасамайды.

  • Рахмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Алдаберген КЕМПІРБАЙ

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: