Главная Новости Болат маманы – Қыдырболат
14 қыркүйек 2021, 12:18 1092

Болат маманы – Қыдырболат

Болат маманы – Қыдырболат

Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен мұнай өндіру жолында еш аянып қалмастан, тер төге еңбек етіп жүрген ағалардан еліміз кенде емес. Соның бірі – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы, №3 мұнай-газ өндіру кешенінің 5-дәрежелі электргазбен дәнекерлеушісі Қыдырболат Өтепқалиев.

Сырттай қараған жанға дәнекерлеу ісі балқытылған қорытпамен жәй ғана екі затты жалғау сияқты. Алайда, қарапайым қара темірден өндіріске қажетті құрал-жабдықтар жасап шығару үлкен еңбек пен тәжірибені қажет ететінін көпшілігіміз біле бермейміз. Бұл жұмысты атқаруда арнайы осы салада білім алмай-ақ, білікті маманға айналған жандар да жоқ емес. Бірақ, дәнекерлеу ісіне машықтандыратын оқу орнын бітірген маманның тәжірибесі жасаған ісінен-ақ көрініп тұрады. Қыдырболат ағамыз темірдің тілін түсініп қоймай олардың сапасын айырып, қайсысы балқытуға бейім тұратынын да ажырата біледі. Мамандықты кәсіппен байланыстырған кейіпкеріміздің көп сөзге емес, іске мығымдығы аңғарылды. Жинақылықты жақсы көретін, сырға берік сабырлы қалпы оның азаматтығына тән.

Кейіпкеріміздің өмір жолына көз жүгіртсең, көңіл көкжиегің кеңіп, тұлпар тектес тұлғаның бүкіл болмыс-бітімі көш жерден көрініс береді.

Қыдырболат Өтепқалиев 1961 жылы 15 қаңтарда Гурьев облысы, Теңіз ауданында дүниеге келген. Әкесі Мирхан Өтепқалиев Гурьев атындағы политехникалық техникумын бітірген соң, жас маман ретінде Маңғыстау мұнай барлау экспедициясына жолдамамен келіп, кейін 1968 жылы ата-анасы мен жанұясын Ералы поселкесіне көшіріп әкеледі.

«Сол 1968 жылдан бері киелі Маңғыстау жеріндеміз, – деп бастады өз сөзін Қыдырболат аға. – Бірінші сыныпқа барған сәтім де есімде. Кейін, 1976 жылы сегіз класты бітірген соң, әкеммен ақылдасып бір шешімге келдім. Ақтау қаласындағы №11 қалалық кәсіптік техникалық училищеде оқуымды жалғастырдым. Әкем токарь мамандығына түсіргісі келіп еді, орын толық болғандықтан дәнекерлеуші факультетіне қабылдандым».

Ықылым заманнан тарихы бар темірдің қазақ жеріндегі қазыналы байлық қатарына қосылуы әлі күнге өміршеңдігімен дәлелденеді. Темірдің қайраттылығын өз ырқына көндіріп, сан түрлі бұйым жасаудың қыр-сырына бала қызығушылығын тудырған сол кездегі көршісі болса керек.

«Дәнекерлеу ісіне өзім бала кезден қызығатынмын. Қолым тие қалса, көршім Шынтемір ағаны шырқ айналдырып, шаруаларына көмектесіп жүрдім. 1978 жылы училищенің екі курсын бітіріп ауылға келген кезімде әкем КЭ «МНГР» мекемесіне слесарь-жөндеуші қылып жұмысқа орналастырды. Ол жерге оқу орынындағы өз ісінің маманы, тәлімгерім Яшков Николай Григорьевичтен білім нәрін сусындап, дайын маман болып келдім. Өйткені, оқуда жүрген кезде мекемелерден келетін тапсырыстарды жасап, дәнекерлеуден хабарым болған еді. Үш айдың ішінде көптеген тәжірибе жинадым. Баян Шумбарин ағамыздан, кейін 1979 жылдың басында МУРБ деген мекемеден алты ай тәжіриеден өттім. Ол жерде еңбекке деген ынтамды байқаған болу керек училищені курстастарым 2, 3-дәрежемен бітіріп жатқанда, маған 4-дәреже ерекшеленіп табысталды. Осылайша өзіме артылған үлкен сенімді арқалап Ералыдағы КЭ МНГР мекемесіне қайта оралдым. Бұл жерде алты дәнекерлеуші болдық. Сонау 1941 жылы Красноводскінің мұнай заводында еңбек еткен әскери дәнекерлеушілер Әбіл, Мәңгүр, Төлеусін деген үлкен әкелерімізден көп нәрсені үйрендік. Оспан Ерсанов, Бисенбай деген ағаларымды да айтар едім. 1980 жылы әскер қатарына шақырылып, Саратов қаласында Отан алдындағы борышымды өтедім. 1982 жылы елге оралған соң да жұмыссыз қалмадым. Ералы поселкесіндегі 1-ші автобазада 5-дәрежелі электргазбен дәнекерлеуші болып жұмысқа қабылданғаным күні кеше сияқты еді», – деп еңбек жолын есіне алды ол.

Қыдырболат Мирханұлы Кеңестік кезеңде білім алып, мамандық таңдаған, еңбекке араласып өмірін мұнай-газ саласының дамуына арнаған жандардың бірі. Ол кезде білімді, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Басты талап – істің бабын тауып, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Еңбек ете жүріп қоғамдық жұмыстарға араласқан жас маман мекеменің комсомол хатшысы болды. 1-автобазада бес жыл жұмыс жасағаннан кейін, 1986 жылы КЭ «МНГР»-дің 4-цехына 5-дәрежелі дәнекерлеуші болып ауысады. 1989 жылы басшылар Қыдырболат ағамыздың жұмыс қабілетін байқап, Орал қаласындағы оқу комбинатына алты айлық оқуға жібереді. Курсты бітірген соң оған бір бригаданы сеніп тапсырады.

«Нысановск-21» деген жерлердің бұрғылау жұмыстарын алғашқы рет монтаждадым. Әлі есімде, жұмыстан шаршап келіп, демалып жатырғанымда бастығым марқұм Лазар Ідірісов мырза шақырып алды. Барсам қасында орыс жігіт отыр. «Есімі Вадим, осы жігітпен барып Қарақұдық деген жердің бұрғылау алаңын қабылдап алуың керек» деген тапсырма алдым. Қараой-2 деген жерден 3D станогын сөгіп, аяқтап, белгіленген мерзімде Қарақұдыққа көшірдік. Бұл жерден алған тәжірибем орасан зор еді. Станоктың әр болты мен гайкасын сөгіп-жинап, Қарақұдықтың алғаш ашылуына қатысқан адамдармыз. Қазір қасынан өтіп бара жатып зәулім қазандықтарды көріп өткенді еске аламын. Қаламқас ашылғанда да өрімдей жігіт едім, уақыт шіркін жылдам екен», – дейді мұнайшы аға.

Егемендіктің қалыптасу жылдарындағы күрделі кезең Қыдрболат ағамыз еңбек еткен мекемені де айналып өтпеді. Кәсіпорынында қысқартылып қалған ол араға бір жыл салып, 1994 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесіне прораб болып орналасады. Бүгінде ол – «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік бірлестігіне қарасты № 3 МГӨК-нің 5-дәрежелі электргазбен дәнекерлеушісі.

«Ол кездері қазіргідей қарыштаған техниканың дәурені емес еді. Көп жұмыстарды қолмен жасадық. Бертін келе жаңа қондырғылар алынып, автоматтандырылды. Соның арқасында жұмыстарымыз жеңілдеп, қауіпсіз болған жайы бар», – деп өткенді есіне алды жұмысына әбден ысылған маман.

Саналы ғұмырын Маңғыстау мұнайының дамуына арнаған еңбек адамы бүгінде Компаниямыздың мақтанышы. Ширек ғасырдан астам еңбек жолында Құрмет грамоталары мен төсбелгілердің иесі атанған еселі еңбек иесінің төккен тері текке кеткен жоқ. Өмірлік зайыбы Бибатпа Орынбасарқызымен бірге үш қыз, төрт ұл тәрбиелеп өсіріп, қазір немере мен шөберенің қызығына тоймай отыр.

Тұлғасы тұтас, сөзге сараң, іске жомарт аға жайлы білеріміз аз емес. Міне, ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттығымыз – Қазақ елінің тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Елбасымыз атап көрсеткендей, бұл тәуелсіздік көктен оңай түсе қалған жоқ. Отыз жылдық бостандық шежіресінде Ұлы Дала ұландарының талай жылдарға созылған азаттық жолындағы тарихи күрестері, Қыдырболат Өтепқалиевтей қарапайым еңбек адамдарының өлшеусіз төгілген тері жатыр.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: