Главная Новости Екібастұз ГРЭС станцияларының қуаты 1 136 МВт-қа артады
Маңызды Компания тынысы14 қыркүйек 2021, 14:15 218

Екібастұз ГРЭС станцияларының қуаты 1 136 МВт-қа артады

Екібастұз ГРЭС станцияларының қуаты 1 136 МВт-қа артады

Қазақстандық «Самұрық-Энерго» электр энергетикалық холдингі Екібастұз ГРЭС-2 станциясында жаңа энергия блогын салу жұмыстарын жүргізіп, Екібастұз ГРЭС-1 нысанындағы 8 энергия блогының соңғысын қалпына келтіруде.

«Қазақстанда қазір электр энергиясына деген сұраныс жоғары қарқынмен өсіп келеді. Осы орайда аталған жобаларды сәтті іске асырып, электр қуатының резервін құру – тұтынушыларды электр қуатымен жабдықтау сенімділігін айтарлықтай арттырады» – деді «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Тютебаев Серік Сүйінбекұлы Екібастұз энергия кешенінің кәсіпорындарына барған жұмыс сапары барысында.

Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 – Қазақстандағы белгіленген қуаты 4 000 МВт, ал иелік қуаты 3 500 МВт болатын ірі конденсациялық электр станциясы. Ол әрқайсының қуаты 500 МВт-тық 8 энергоблокпен жабдықталған. ГРЭС-тің бірінші энергоблогы 1980 жылы пайдалануға берілді. Ал тоқырау жылдарында 3 энергоблок істен шығарылған еді. Алайда экономикалық дағдарыстан кейін станцияның жобалық қуатын қалпына келтіру бойынша инвестициялық бағдарлама қабылданды.

«№1 энергия блогын жаңа электр сүзгілерін орната отырып қалпына келтіру» жобасы істен шығарылған энергоблоктарды қайта іске қосу аясындағы 3 жобаның соңғысы. Ол станцияның қолданыстағы қуатын 500 МВт-қа ұлғайту мақсатында іске асырылады. 2020 жылдан бастап 2021 жылдың алғашқы 6 айы аралығында жобаға жұмсалған инвестиция көлемі 39,718 млрд теңгені құрады. «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС Бас директоры Еділ Көпенов атап өткендей, бүгінде ескі жабдықтар мен конструкцияларды бөлшектеу толығымен аяқталып, жаңа технологиялық жабдықтарды орнату басталды. Станциядағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс кезеңінде 200-400 жұмыс орны құрылмақ. Жобаны аяқтау 2023 жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.

«Самұрық-Энерго» АҚ 2028 жылдан 2035 жылға дейін Екібастұз ГРЭС-1 станциясының жиынтық қуатын 240 МВт-қа арттыру мақсатында 3, 4, 5, 6, 7, 8 блоктарын кезекпен қайта жаңартуды жоспарлап отыр.

«№3 энергия блогын орната отырып, Екібастұз ГРЭС-2 станциясын кеңейту және қайта жаңарту» жобасы Қазақстанның ішкі нарығына және экспортқа электр энергиясы мен қуатын өткізу үшін қуаты 636 МВт болатын жаңа энергия блогын салуды көздейді. Жобаны аяқтау 2025 жылға жоспарланған.

Екібастұз ГРЭС-2-де белгіленген қуаты 1 000 МВт-тық екі энергоблок жұмыс істейтіні белгілі. Станцияны кеңейту жөніндегі жоспарлар көптен бері талқыланып келеді, бірақ нақты жұмыстар 2019 жылғы желтоқсанда «Самұрық-Қазына» АҚ станция акцияларының 50% үлесін ресейлік «ИНТЕР РАО ЕЭС» ААҚ-тан сатып алуды жүзеге асырғаннан кейін басталды.

2020 жылы Екібастұз ГРЭС-2 Директорлар кеңесі станцияда №3 энергия блогын салу жөніндегі жобаны іске асыруды мақұлдау туралы шешім қабылдады. Нарық кеңесі ҚР Энергетика министрлігіне ГРЭС-2-мен инвестициялық келісім жасауды ұсыну туралы шешім шығарды. 2020 жылдың шілде айынан бастап ЖСҚ түзетулер енгізілуде.

«Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ Басқарма төрағасы Дәурен Сағидолланың айтуынша, осы уақытқа дейін құрылыс алаңына 11 мың тоннадан астам жабдық жеткізілген. 2020 жылы және 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында жобаны іске асыру аясында қаржылық және техникалық аудиттен және кредиттік міндеттемелерді қайта қаржыландырудан бастап жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге және құрылысқа рұқсат беру құжаттарын ресімдеуге дейінгі дайындық жұмыстары  кең ауқымда орындалды.

«Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Тютебаев Серік Сүйінбекұлы Екібастұз энергия кешенінде іске асырылып жатқан жобаларға қатысты, олардың еліміздің энергетикасы үшін өзектілігінен басқа екі маңызды аспектісін – өндірістік және әлеуметтік жақтарын атап өтті.

«Бұл жерде басты тақырып – жоба нысандарын түбегейлі жаңа технологиямен жабдықтау арқылы, жұмысқа жоғары білікті мамандар тарту, жергілікті кадрларды  оқытып,  біліктілігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік туғызатын өндірістер болып отыр. Мысалы, Екібастұз ГРЭС-2 станциясында үшінші энергоблок құрылысының арқасында 2023 жылы 1 709 жұмыс орнын және жоба аяқталғаннан кейінгі пайдалану кезеңінде 358 жұмыс орнын ашу жоспарланған», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы.

Выпуски SK NEWS

Смотрите также

Видео Все видео
Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Нур-Султан, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: