Хотите получать уведомления в браузере о последних изменениях на сайте SKNEWS.kz
Концерт қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған "Карантиндегі жұлдыз" жобасының аясында өтеді, деп хабарлайды SKnews.kz тілшісі "Қазақтелеком" АҚ ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін онлайн режимде түрлі шаралар өткізу туралы тапсырмасына сай, "Қазақтелеком" компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, "Карантиндегі жұлдыз" онлайн концерттер топтамасының түсірілімін бастады. Бұлшараның шымылдығын танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы ашып, мыңнанастам онлайн-көрермендерді ңықыласына бөленді.
Карантиндегі күндерді көңілді өткізуге болады. Халықтың жүріп-тұруы шектеліп, көңіл көтеру шараларына шектеу қойылған тұста, "Қазақтелеком" компаниясы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, өнер сүйер қауымды сүйікті әншілерімен онлайн форматта жүздестірді. "Карантиндегі жұлдыз" жобасының ерекшелігі – әнші өз үйінен, немесе студиядан алысқа ұзамай, заманауи байланыс құралдарының арқасында, жоғары деңгейлі концерттер беруінде. Әншілерді мұндай мүмкіндікпен еліміздің ірі телекоммуникациялық операторы "Қазақтелеком" қамтамасыз ете алады.
"Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, бірегей жобаны еліміздің танымал әншілері қуана қолдады. "Мәдениет және спорт министрлігіне аталған жобаның жүзеге асуына жағдай жасағаны үшін алғыс білдіремін. Сын сағатта қазақстандық шоу бизнес өкілдері де өнерлерін тегін көрсетіп, халықпен бірге екендігін дәлелдеуде. Бұл жаңа бастама көрермендер көңілінен де шықты. Алғашқы онлайн концертті әлеуметтік желілерде 1000-нан астам көрермен қарады. Карантин кезеңінде әрине мұнша адамды бір жерге жинау мүмкін болмас еді. Ал онлайн кеңістіктің берер мүмкіндігі мол. Халықтың тікелей эфир уақытында қалдырған пікірлерінен де олардың ыстық ықыласын байқауға болады. Сондықтан алда әлі талай жоспарлар бар. Көптеген танымал әншілер жобаны қолдап, өнер көрсетуге келісімін берді", - деп атап өтті төраға.
Live форматындағы концерттің тұсаукесерін қоңыр дауысты, жүрек тербер лирикалық әндердің орындаушысы, белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы ашты, 1 сағаттан астам уақыт бойы өнер иесі көрермендеріне ән-жырын арнап, онлайн сырласты. Көрермендерден келіп түскен сұрақтарға жауап беру арқылы, шараның тартымдылығын арттыра түсті.
Айта кетейік, түсірілім әнші үйінің жанындағы дыбыс жазу студиясында өтті. Шағын студияның техникалық мүмкіндіктері, жоспарланған онлайн концертті, тоқтатып қоя жаздады. Себебі орын-жайға оптикалық интернет жүргізілмеген екен. Ал жүйрік интернетсіз тікелей эфирде сағаттап концерт беру мүмкін емес.
"Қазақтелеком" АҚ Маркетингтік байланыс департаментінің директоры Александр Грядкиннің айтуынша, олардың ең алғашқы жұмысы студияны интернетпен қамту ісі болыпты. "Негізі мұндай онлайн концертті ұйымдастыруға кемінде үш күн керек. Дегенмен біз бір тәулік ішінде дайындап үлгердік. Студияны ыңғайлау, құрал-жабдықтарды орнату, жарық қою, дыбысын реттеу секілді техникалық міндеттерді атқара жүріп, кесекөлденең шыққан кедергілерді де қатар шештік. Оптикалық интернет жүргізуге уақыт тығыз еді. Сондықтан бізге Altel байланыс желісінің ЛТЕ модемі нағыз сиқырлы таяқшадай болды. Full HD сапасымен жүйрік интернетпен қамтамасыз етті. Студия әншінің меншігінде. Шағын болғандықтан, құралдарды ыңғайлап орналастыру аздап қиындық тудырды. Дегенмен де аз уақытта осындай туынды жасағанымыз үшін мақтанамын. Трансляция сапасын қамтамасыз ету үшін, сол студияда болдық, концерт кезінде денем шымырлап, ерекше әсерге бөленіп отырдым. Әншінің құлақ құрышын қандырар жанды дауысы жүрекке жетті. Менің бойымды мақтаныш сезімі кернеп кетті", - деп А. Грядкин әсерімен бөлісті.
Айта кету керек, алғашқы онлайн концертте Жұбаныш Жексенұлы өзінің ұлы Әбілқайыр Жексенмен бірге өнер көрсетті. "Нурикамал", "Ауылым", "Өкінбе сен" "Желсіз түнде жарық ай" секілді танымал әндер осы кеште орындалды. Шара еркін форматта өтті, әнші сөзімен әндерін бірге өріп отырды. Эфир үстінде домбыраны саздау, маңдайдың терін орамалымен сүрту секілді еркін іс-әрекеттер шараға ерекше көрік берді.
"Мен үшін бұл концерт жаңаша мүмкіндік, жаңаша формат, тың тәжірибе болды",-деп атап өтті әнші Жұбаныш Жексенұлы. "Карантин деп қарап отырмай, көрермендермен осылайша жүздесудің өзі бір ғанибет екен. Әрине аз уақыт ішінде дайындап ұсынған өнім болды. Алда тағы да осындай шараға қатысуға дайынмын. Тығыз болса да, ретін тауып, сапалы картина жасаған "Қазақтелеком" қызметкерлеріне алғысым шексіз. Бүгінгі әлемді алаңдатқан індет адамзатқа уақыттың қадірін білу үшін берілген мүмкіндік секілді. Бұл қиындықты жеңу әрбір жанның жеке жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан айтылған бар тыйым шектеулерді сақтап, ережелерді орындап, жұмылған жұдырықтай бірге әрекет етсек, індетті жеңеміз", деді әнші.
Онлайн концерт "Қазақтелеком" компаниясының YouTube желісіндегі "Тelecomkz" арнасында тікелей трансляцияланды. Тікелей эфир кезінде көрермендерден 200-ден астам пікір келіп түсті. Сонымен қатар көрермен әншіге сұрақ қойып, тікелей эфирде жауабын алды. Бұл эфир компанияның Facebook, Instagram желісіндегі парақшаларында да тікелей көрсетілді. Концерт YouTube желісіндегі "Тelecomkz" арнасында сақтаулы тұрады, сонымен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Facebook және Қазақконцерттің @qazaqconcert Youtube парақшаларында қайталанады.
Онлайн концерт тегін, және барша халыққа бірдей қолжетімді. Мұндай шаралар Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Алдағы күні Роза Рымбаева Төреғали Төрәлі, Мейрамбек Беспаев, Димаш Құдайберген секілді танымал әншілер онлайн концерт береді деп жоспарланған.