Главная Новости Диспечтер Райхан: Біздің жұмыста әр секунд, әр адам өмірі маңызды
04 наурыз 2024, 11:31 542

Диспечтер Райхан: Біздің жұмыста әр секунд, әр адам өмірі маңызды

Диспечтер Райхан: Біздің жұмыста әр секунд, әр адам өмірі маңызды

Райхан Таржанова «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық өндірістік филиалының диспетчері болып қызмет етеді.

Ел экономикасының түрлі саласында ер азаматтармен қатар иық тірестіріп, еңбек етіп жүрген арулар жетерлік. Uаз саласында 20 жылдық тәжірибе иесі – Райхан Таржанова.  Жамбыл облысы газ техника инспекциясының қарапайым маманы ретінде жұмысын бастаған ол бүгінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық өндірістік филиалында диспетчер қызметін атқарады.

«Менің газ саласына келу жолымның өзі қызық болды. Тағдыр тауқыметі айдап келді десем болады. Мәскеудің тоқыма институтына оқуға түстім. Екі жыл оқыдым. Бір демалысымда үйге келсем, анам ауырып жүр екен. Менің жағдайымды ойлап, денсаулық жағдайын маған айтпаған. Мен сол кезде өзім үшін нақты шешім қабылдадым.  Мәскеуге қайтып келіп, құжаттарымды алып, елге оралдым. Негізі, бұл институт менің емес, анамның арманы еді. Мен Мәскеудің мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, журналист болуды армандағанмын», – дейді Райхан Медетқызы.

Алайда, ол журналистика емес, педагогиканы біраз уақыт жанына серік еткен. Тараздағы Педагогикалық институтты бітіріп, мектепте орыс тілі және әдебиеті мұғалім болып  қызмет атқарған. Десе де, Райхан Медетқызы 90-шы жылдары елде орын алған қиын экономикалық жағдайға байланысты отбасын асырау қиын болғанын алға тартады.

«Қиын жылдар болатын. Әкем де, анам да өмірден озды. Екі баламен жалғыз қалдым. Ұлдарымды аяқтарынан тұрғызып, сапалы білім беру керек болды. Ол кезде мұғалімдердің айлығы аз болатын. Сондықтан, 2004 жылы Газ шаруашылығының Тараздағы басқармасында қарапайым оператор ретінде жұмысымды бастадым. Амангелді газ кен орнында да жұмыс істедім. Қиын, оңай деп жұмыс таңдаған жоқпын. Содан соң «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС келдім. Негізі диспетчерлік қызметке 50 жасымда келдім», – дейді Райхан Таржанова.

Газ саласының апаттық-диспетчерлік қызметі аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Газ өмірге қауіпті» деген жазуды кез-келген адам санасына түйіп өсті. Сол көгілдір отынның қауіпсіз қолданылуын 24/7 уақыт бойы бақылап отыратын осы диспетчер мамандар.

«Апаттық-диспетчерлік бөлім 8 ауданды өз бақылауына алған. Біз үнемі халықпен байланыстамыз. Түрлі мәселелер орын алады. Қазба жұмыстары кезінде құбырларға ақау келеді. Газ сыртқа тарап кетеді. Жұрт сол кезде бізге үздіксіз хабарласа бастайды. Менің басты жұмысым, адамдарды сабырға шақырып, арнайы бригаданы апат болған жерге жедел түрде жіберу. Картаны қарап, апат болған жерге жететін ең жақын жолды айтамын. Жұмыс негізі оңай емес. Күні-түні қоңырау қабылдаймыз. Телефонның арғы жағында біреудің өмірі тұр. Сондықтан, сылбыр қозғалуға болмайды. Біздің жұмыста әр секунд, әр адам өмірі маңызды», – дейді Райхан Таржанова.

Біздің кейіпкеріміз елімізде болған қаңтар оқиғасы кезінде жедел шешім қабылдап, жауапкершілікті аса қатты сезінгенін айтады.

«Ол кезде халық қандай газдың мәселесінен шу шыққанын түсінген де жоқ. Біз әріптестермен қызметте болдық. Жұмысымызды қалыпты жағдайда жалғастыра бердік. Бізге хабарласқан адам көп болды. Апаттық қызметті алаңға жіберуімді сұрағандар болды. Бірақ мен жауапкершілікті өз мойныма алып, екі бригаданы да ешқайда жіберген жоқпын. Себебі бір бригаданың ішінде үш ер азамат бар. Олар үш отбасыны асырап отырған жандар. Қандай да бір күтпеген жағдай орын алса, ол отбасыларға кім жауапты болады. Сондықтан мен сол кезде, ешқандай бригаданы шақыртуларға жібермедім. Менің мұндай шешімімді басшылық та қолдады», – дейді ол.

Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің, демекші, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің ұлдары да техникалық мамандықты таңдаған. Бірі теміржолшы, екінші ұлы өзінің ізін қуған газ саласының маманы. Ол Қазақстан газын Қытайға экспорттап, еліміздің оңтүстік аймақтарын газбен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған «Азия Газ құбыры» ЖШС қызмет атқарады.

«Бірінші ұлым теміржолшы боламын деп 14 жасында шешіп қойған. Екінші ұлым менің жолымды қуамын, газ маманы боламын деді. Ол құрылғыларды бақылау-өлшеу және автоматика инженері мамандығын таңдады. Жалпы өндіріс мамандығының негізін колледжден бастау керек деп санаймын. Менің ұлым да өзінің жолын жұмысшы мамандығынан бастады. Интергаз Орталық Азия кәсіпорнында мансабын біраз жұмыс істеді. Содан кейін Азия газ құбырына ауысты. Қазір Алматы облысындағы компрессорлық станциясында басшының орынбасары қызметінде. Өз еңбегімен, ақылымен жетістікке жетіп келеді. Менің ұлдарым менің басты мақтаныштарым. Немере, шөберелерім газ мамандығын кәсіп ретінде таңдаса, онда сенімді түрде газшылар династиясы атанамыз дейді», – дейді Райхан Таржанова.

Бүгінгі кейіпкеріміз еліміздің газ саласының болашағынан үлкен үміт күтеді. Мамандық таңдауда ойланып жүрген жастарға газ саласына келуге шақырады.

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: