Главная Новости Батыр ана барына қуанады
04 наурыз 2019, 08:36 2383

Батыр ана барына қуанады

Батыр ана барына қуанады

«Әлди, әлди балашым. Әлдилейді анашың. Бесігіңе жата ғой. Тәтті ұйқыға бата ғой...». Бұл дүниеге келген әр сәбидің еститін алғашқы әні.

«Менің де ұзақ жылдар бойы талмай салған әнім осы, ананың әлдиі. Дүниеге әкелген жеті сәбиімді әнмен өсірдім. Ботақанымды алпыс екі тамырымды иіп келген ақ сүтіме тойдырып, ақ бесікке бөлеп, әлди-әнге саламын... Әйел бақыты деген осы», - дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Батыр ана, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Жылу-электр станциясының қызметкері Клара Сариева.

Клара Қабылайқызы соңғы жылдары кәсіпорындағы мерекелік шараларда ән салып, әсем дауысымен танылып, көрермен көзайымына айналып үлгерген қызметкерлердің бірі. Үнемі көңілді жүретін ұжымдасымыздың көпбалалы ана екенін жақында білдік. «Батыр ана» дегенде  көзімізге тұлғалы, етжеңді, егде жастағы, ақ жаулықты бәйбіше елестейді ғой. Ал мына талдырмаш денелі, «өзі сұлу, өзі жас» келіншекке қарап жеті баланы өсіріп, «ұлды ұяға, қызды қияға қондырған», сегіз немере сүйген әже дегенге сенер-сенбесімізді білмедік. Сонымен, әйелдер мейрамы қарсаңында осы бір ерекше жанмен жақынырақ танысып, біліскенді жөн көрдік.

«Мен ерте тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болдым. Тағдырдың жазуы солай болды. Шүкір, жолдасым Шалқар екеуміз  бес қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсірдік. Үлкеніміз 30 жаста, кенже қызым 6-шы сыныптың үздік оқушысы. Үш қызды ұзатып, үлкен ұлымды үйлендірдім. Келін алып, қолым ұзарды. Әкем өмірден ерте өткен соң, отбасымызда алты бала қалдық. Біздерді оқытуға жалғыз анамыздың мүмкіндігі болмады. Кейін жанұялы  болған соң, оқуды ойлайтын шамам болған жоқ. Бірақ, балаларымды оқыттым, әрқайсысы бір-бір мамандықтың иесі, кенже қызым 6 сыныптың үздік оқушысы», - деп әңгімелейді Батыр ана.

Клара 2015 жылы декреттік демалыста отырған қызының орнына уақытша ЖЭС бөлімшесіне еден жуушы болып жұмысқа кірген. Кейін осында тұрақты жұмысқа қалған. Ол үшін ұжым басшылығына риза. Тек қызының мамандығымен жұмыс істей алмай жүргенін уайымдайды.

Клара ес білгелі ән салады, сахнаға шықсам, көрермендердің қошаметіне бөленсем деген  арманы да бар еді... Бірақ, өмір ағысы басқаша бағытқа бұрылды. Комбинаттың жарты ғасырлық мерейтойы кезінде теңіз жағасындағы әсем сахнада ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарының қошаметіне бөленді. «Ел іші - өнер кеніші» деген осы. Талантымен талайды таң қалдырғанмен, елдің үлкен сахналарынан көрінбей жүрген қанша өнерлі жандар бар десеңші!

«Көпбалалы болғаннан кейін жағдайымыздың бәрі керемет деп те айта алмаймын. Оның үстіне қазір нарыққа байланған кез болды ғой. Тегін ештеңе жоқ. Айта берсең, баспанадан бастап бәрі керек. Үкімет те біз секілді аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында комиссия құрып, жұмыс жүргізіп жатыр екен. Оған қуанып отырмыз. Қолдау мен қамқорлық  көбірек болады деп үміттенеміз. Тек балаларымыз бейбітшілікте өмір сүріп, еліміз тыныш, болашағы жарқын болсын! Кәсіпорынымыздың да табысы көтеріліп, абыройы биіктей берсін!», - дейді Батыр ана Клара Сариева.

Гүлбаршын БАЙНАЗАРОВА

Көпбалалы аналарға ең бастысы қандай көмек түрі қажет деп ойлайсыз?
Баспана 0% Баспана
Жәрдемақының жеткілікті болуы 0% Жәрдемақының жеткілікті болуы
Жалақысы жоғары жұмыспен қамтылуы 0% Жалақысы жоғары жұмыспен қамтылуы
Жоғарыда көрсетілгендерді қосқанда тегін балабақша, шипажай сияқты толық әлеуметтік қамтамасыз ету 0% Жоғарыда көрсетілгендерді қосқанда тегін балабақша, шипажай сияқты толық әлеуметтік қамтамасыз ету
Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: