Главная Новости Екпе алу – індетті жеңудің төте жолы
11 мамыр 2021, 09:16 3773

Екпе алу – індетті жеңудің төте жолы

Екпе алу – індетті жеңудің төте жолы

Жаһанды жайлаған індетпен күрестің ең тиімді де дұрыс жолы – оған қарсы жаппай екпе салдыру, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Бұл – әлем мойындаған шешім, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шегелеп айтып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі алдында қыркүйек айына дейін еліміздің 10 миллион азаматын індетке қарсы вакциналау міндеті тұр. Ол үшін айына кемі 2 миллион тұрғын екпе алуы шарт.

Ел амандығы – ортақ міндет. Бұл жауапты да, сауапты іске «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да белсенді атсалысып отыр. Таяуда ғана Қор ел Үкіметінің қаулысына сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцинаның 1 миллион дозасын сатып алуды қаржыландырды. 500 мың адамға арналған вакцинаның бұл көлемі «Самұрық-Қазына» қорының еңбек ұжымына арналған. Ал вакцинаны жеткізу «Самұрық-Қазына» қоры, Денсаулық сақтау министрлігі және «СҚ-Фармация» АҚ арасындағы келісім шеңберінде қамтамасыз етіледі.

«Самұрық-Қазына» қоры басшылығы компаниялар тобындағы эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Өйткені, қатерлі індет Қор қызметі үшін де оңай соққы болған жоқ. Пандемия басталғалы бері Қордың 15 мыңға жуық қызметкерінде коронавирус анықталса, өкінішке қарай, 200-ге жуық жұмысшы Covid-19 бен пневмония салдарынан көз жұмды. Осы орайда Қорға қарасты барлық қоржындық компанияларда қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне жаппай екпе салу науқаны белсенді жүріп жатыр.

Мұнайшылар екпе алудың маңызын түсінеді

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-нда екпе алу науқаны 15 сәуірде басталды. Дегенмен, оған дейін арнайы әзірленген іс-шаралар жоспары аясында қызметкерлер арасында вакцина салдырудың маңызы туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Ал науқан басталғанда компания басшылығы алғашқылардың қатарында вакцина салдырып, қызметкерлерге үлгі бола білді. Содан да болар, мұнайшылар арасында ерікті түрде екпе алуға ниеттілер көп екені байқалды.

«Тек жаппай екпе салдыру ғана ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қатерлі індеттің бетін қайтаруға мүмкіндік береді. Денсаулық – зор байлық. Сондықтан баршаңызды осынау маңызды науқанға белсенді қатысып, вакцина алуға шақырамын», – деді ҚМГ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сақтағанов екпе алу кезінде.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на қарасты барлық кәсіпорында вакциналау жолға қойылған. Кей кәсіпорын қызметкерлері «Медикер» ЖШС медициналық орталықтарында екпе алса, ол мүмкін емес жағдайда екпе салдыру пункттері ұйымдастырылып, тіпті жұмыс орнында көшпелі вакцинация жасау да реттелген.

«Қазатомөнеркәсіптің» мыңға жуық қызметкері екпе алды

Екпе алу науқаны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ кәсіпорнында да белсенді жүріп жатыр. Екпе салу ұйымдастырылған алғашқы күні компанияның 60 қызметкері белсенділік танытып, екпе алса, бүгінде олардың саны мыңға жақындап келеді.

Компанияның HR және коммуникация жөніндегі бас директоры Бексұлтан Бекмұратовтың айтуынша, алғашқы күні компанияның кеңсесінде корпоративті орталықтың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған вакцинация пункті ашылса, кейін өңірлік денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп барлық кәсіпорындарда да осындай пункттер ұйымдастырылды.

«Басқарма басшылары қызметкерлермен кездесу өткізіп, екпе алудың маңызы туралы түсіндірді. Басшылар өздері де екпе салдырып, мұның ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қажет екенін айтты», – дейді компанияның активтерді басқару бөлімінің менеджері Абылайхан Әбен.

Сондай-ақ, Үлбі металлургиялық зауыты қызметкерлерінің басым бөлігі де вакцинаның алғашқы компонентін алып үлгерген. Алда оларды екінші мәрте екпе алу күтіп тұр.

«KEGOC» АҚ-нда вакцинация кестесі әзірленді

Энергетиктер арасында да екпе алуға еріктілер саны басым. Сол үшін 23 сәуірде компанияда коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде қызметкерлерге вакцинация жүргізілді. Алғашқы болып екпені «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев алды. Қызметкерлерге екпе салуда Covid-19-ға қарсы Sputnik V вакцинасы қолданылды. Адамдардың жаппай жиналуын болдырмау мақсатында қызметкерлерге екпе салу кестесі жасалды, сонымен қатар барлық қауіпсіздік шаралары сақталды.

«Екпе алу – әр азаматтың парызы»

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қызметкерлерінің ерікті екпе алуы үшін «Медикер-Жайық» емханасымен келісім жасалып, вакцина салдырғандардың толыққанды дәрігер бақылауында болуына жағдай жасалды.

Жұмысшылар екпе салдыру алдында терапевт дәрігердің бақылауынан өтеді. Міндетті түрде температурасы, қан қысымы, қандағы оттегі мөлшері өлшенеді. Дәрігер, сондай-ақ, екпе алушының медициналық картасын мұқият оқып, қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтайды. Мұның бәрі екпенің сәтті де жанама әсерсіз өтуі үшін жасалатын дайындықшаралары. Ал екпе алу, алмау – жұмысшының өз еркі.

«Мен өзіме, туыстарым мен әріптестеріме қауіп төндірмес үшін алғашқы мүмкіндікті пайдаланып, екпе алдым. Бұл жаһандық індетпен күрестегі ең маңызды қадам деп білемін. Екпе алу – еліміздің әрбір азаматының парызы», – дейді еңбекті ұйымдастыру және төлеу бөлімінің бастығы Гүлнәр Достанова.

Өңірлерде екпе алу қарқыны жоғары

«Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері де коронавирусқа қарсы вакцинаны өз еркімен қабылдауда. Індеттің таралуына қарамастан, теміржолшылар, әсіресе тасымалдау процесіне тікелей қатысатындар өз орындарында жұмыстарын жалғастырып келеді. Тек кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істейді.

ДДҰ кеңесі бойынша Covid-19 таралуын тоқтату, сондай-ақ ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халық немесе қызметкерлер жалпы санының 65-70% дейін екпе егілуі қажет. Бұл кеңесті қабыл алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да 1 200-ден астам адам вакцина алды. Екпе қабылдағандар саны бойынша көшбасшы – Орталық аппарат пен Шаруашылық басқармасы филиалдарының қызметкерлері.

Өңірлер бойынша алғашқы бестікке Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Көкшетау кірген. Соңғы аптада Қарағанды, Семей, Павлодар, Тараз және Қызылорда белсенді бола түсті. Екпе салу жоғарыда аталған компаниялардан өзге кәсіпорындардың бәрінде де ұйымдастырылған. Екпе ерікті түрде, қызметкердің және оның отбасы мүшелерінің өз қалауымен салынуда. Дегенмен, Қорға қарасты қоржындық компаниялар жұмысшыларының белсенділігі, вакцина салдырудың өзі үшін және өзін қоршаған жақындары мен әріптестері үшін маңызды екенін түсінетіні қуантады.

Індетпен күрес

Атап өту қажет, «Самұрық-Қазына» қоры пандемия басталғалы бері коронавируспен күреске белсене қатысуда. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде 100 жедел жәрдем автокөлігі, 1 000 бірлік оттегі концентраторы, 50 өкпені жасанды желдету аппараты, 1000 пульсоксиметр және 3 000 «Авифавир» вирусқа қарсы препараты сатып алынып, емдеу мекемелеріне берілген болатын. Сондай-ақ, дәрігерлерге, полицияға және әлеуметтік қызметкерлерге 6 миллион қорғаныш маскасы сатып алынды.

Қорды басқару кеңесінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұқпалы аурулардың алдын алу және бақылау бойынша екі емхана салу жоспарланып отыр. Міне, бұл істің бәрі жалғыз мүддені көздейді. Ол – елдің амандығы, халық денсаулығы.

(SKnews.kz журналынан)

Еще больше новостей на нашем telegram-канале , подписывайся и будь в курсе!
АРХИВ ЖУРНАЛОВ SKNEWS

Смотрите также

Мы в социальных сетях:
Поддержка читателей:
+7 (7172) 99 97 86
Наш адрес:
г.Астана, ул. Е10,
дом № 17/10, АЗ «Зеленый квартал», блок «Т4» 12 этаж
E-mail: